Абай – Эверест

0 5

Жас кезімде абайтанушы, атақты ғалым Мекемтас Мырзахметовпен Абай Құнанбаев тұрғысында азды-кем пікірлескенім бар еді. Мен өз ойымды айта отырып, сөз арасында «Осы бір ғасырдан астам уақытта Абайдан кандидаттық, докторлық қорғап қаншама ғалымдар еңбек жазды. Неге таусылмайды, неге бітпейді», деп сұраулы жүзбен қарадым. Сол кезде ол кісі: «– Ә… солай дейсің бе?», – деп бір күліп алды да, санама салмақты ой тастады.
– Абай – Эверест. Ол үлкен шың. Оған кез келген адам шыға алмайды. Абай сондай биік шың, алып қазына. Оның таусылуы мүмкін емес. Абайды тану елдің бәрінің қолынан келе бермейді. Абайды оқы. Әуезовке алғыс айт Абайды танытқан, – деп өз ойын нығырлады.
Шынында да Абай ұлтымыз үшін таусылмайтын мол байлық, асыл қазына. Жалпы әр халықтың өз Абайы бар шығар. Біз үшін ұлы ақынымыз Абайдың орны ерекше, шоқтығы биік. Бұл күнде Абайды әлем таниды. Биыл алып тұлғаның 175 жылдығын атап өту мақсатында жер-жерде түрлі іс-шаралар бастау алды. Десе де «Жүрегімнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла…» деген данышпан Абай әлі шешілмеген жұмбақ. Сондықтан да оны ешбір ғалым толық зерттеп, сырын түгел ақтарған жоқ. Зерттеліп бітпеді әлі. Тек әркім өзінше байлам жасаумен келеді. Абайды түгел танып болдым дегенмен философтың құпия-сыры тереңде жатыр.
Негізі Абайды зерттеуді ғалымдар 1930 жылдардан бастап қолға алса керек. Сол уақыттарда Абайдың қоғамдық-эстетикалық философиялық көзқарасын, психологиялық және педагогикалық пікірлерін, ақындық тілін, композиторлық өнерін, аудармаларын зерттеуде құнды еңбектер жарық көре бастады. Соның ішінде М.Әуезов, С.Мұқанов, Қ.Жұмалиев, Б.Кенжебаев, Х.Сүйіншәлиевтің еңбектері ауқымды. Сондай-ақ кезінде А.Байтұрсынов «Қазақ халқының бас ақыны» деген мақала жазып, Абайды елге кеңінен танытқанын да тарих растайды.
Өкінішке қарай бүгінде «Абай жолын» оқымаған жастар өте көп. Абайдың бір шумақ өлеңін жатқа білмейтін оқушыдан не күтуге болады?
Мектепте жүргенде бір ағайымыз үлкен ел таныған халқына қызмет қылар азамат боламын десең, ұлтымның әдет-ғұрпын, салт-дәстүрін толық танып өсемін десең «Абай жолын оқы» деп айтушы еді. Осы күні ойласам, сол сөздің жаны бар екен. «Абай жолы» роман-эпопеясын оқыған оқушы еш уақытта жерде қалмайды. Арманына, мақсатына жетері күмәнсіз.
Осы сәтті пайдаланып біздің мектебімізде Абайға арналған айлық-жылдық жоспарлар бекітілгенін айта кеткім келеді. Абай өлеңдерін жатқа айту, әндерін тыңдау біздің оқушылар үшін таңсық емес. Ұлы ойшыл өлеңдерін жатқа оқудан, әндерін орындаудан аудандық, облыстық байқауларда олар әрқашан жүлделі орындарға ие болып жүр. Бұл біз үшін үлкен мақтаныш.

Әйгерім Атантаева,
Байгелді Кейкиев атындағы орта мектептің
қазақ тілі және әдебиеті пәнінің мұғалімі,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.