«Абайды білмек парыз ойлы жасқа»

0 1

Иә, дәл осылай деп, соңына сөз қалдырған екен заманымыздың жазушысы, белгілі абайтанушы ғалым, қоғам қайраткері, академик Мұхтар Әуезов өзінің Абайдың өмірбаяны туралы мақаласының бас тақырыбында.

Қазіргі бүкіләлемдік өркениеттердің тоғысқан, руханияттардың өзара тартысқан заманында, айқыш-ұйқыш алуан бағыт ішінен біздің қазақ еліне айқын да, дара жол керектігі анық болғаны қашан-ды. Дұрыс жолды Елбасымыз біраз жыл бұрын тауып, оның аты – «Рухани жаңғыру» болған-ды, ол – ғасырлар бойы халқымыздың даналығымен қалыптасқан, ой-сананың озық жолы екендігін де айқындап берді. Ал, ол жолдың негізгі бағытын бізге көрсететін ұлы ойшылдарымыз-биылғы өздерінің мерейтойлары аталып өткелі отырған әл-Фараби және Абай бабаларымыз болмақ. «Әлемнің екінші ұстазы» атанған Әбу Насыр әл-Фараби бүкіл әлемге сан-салалы ғылымның жолдарын ашып берсе, Абай Құнанбайұлы әрбір сөзінің өзінде түсіне білген адамға терең мағыналы, өмірлік философияның мәні жатыр. Біздің осы даңғылдарымызды басқа «лас қоқыстардан» таза ұстап, ой-санамыздың тұнығын жастарға жеткізіп беру міндетіміз екендігі айтпаса да түсінікті емес пе?
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылдың 9 қаңтарындағы «Ұлы Абай және ХХІ ғасырдағы Қазақстан» атты мақаласы осы дара жолды одан әрі айқындап, өміріміз бен тірлігіміздің жеке-жеке салалары бойынша соқырға таяқ ұстатқандай етіп, санамызға үлкен мәнді тұжырымдарды сыналап салып берді. Абайды танудың сара жолын осылайша ғажайып ғылыми тұрғыда, өмірмен тікелей байланыстыра отырып, айқын көрсетіп, үлкен бағдарламалық жоспар ұсынды. Осы мақалаға сай, елімізде Абай бабамыздың 175 жылдық мерейтойына қатысты ұлағатты іс-шаралар өткізіліп, адамзат санасына саңылау салатын сапалы ойлар ұшқындап жатыр. Бұл өте бір дер кезінде қолға алынған, заманымызды түзетуге бағытталған дұрыс шешім болды.
Облыс әкімдігінің мәдениет, архив­тер және құжаттама басқармасына қарас­ты Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану ғылыми-зерт­теу орталығы осы міндетті өзінің бас­ты мақсаты ретінде алға қоя отырып, ұлы Абайдың 175 жылдығына арнал­ған бірнеше бұқаралық іс-шара­лар­ды, жоғарғы және арнаулы оқу орын­дарымен, мектептермен, әртүрлі мем­лекеттік мекемелермен бірлесе жұмыс атқаруда. Жастар қазір әрбір оқу орындары мен мектептерде өтіп жат­қан іс-шараларда Абайдың тұңғиық жыр­ла­ры­ның сырларына үңіліп, әндерін нақышына келтіре орындап, ұлт­тық өнеріміздің маржандарымен сусын­дау­да. Біз жастардың оқыған жыр­ла­ры­на, айтқан әндеріне риза бола отырып, кейбір өлең сөздерінің ара­сын­да қате кетіп жататынына қынжы­ла­мыз. Оған әрине, жастар кінәлі емес, олардың сол жырларды оқыған кітап­тарында кеткен қателер екенін түсі­не­міз. Түсінеміз де, не істерімізді білмей, тұнжыраймыз.
Иә солай, бабамыздың шығар­ма­ла­ры­ның сөзін бұрмалауды кейбір бас­па­шы­лардан ба екен, әлде құрас­ты­ру­шы­лар­дан ба екен, кейінгі шығып жатқан кітаптардан да, әндерін айту­шы­лар­дан да жиі байқауға болады. Бір жолы Тараздың бір кітап дүкенінен «Абай. Қара сөз» деп аталатын 2009 жылы Алматыдағы «Көшпенділер» баспасынан басылып шыққан кішкентай кітапша сатып алғаным бар. Кітапқа Абайдың 45 қара сөзі түгелімен және бірнеше әндері енген екен. Кітап өзі шағын ғана, қойныңызға салып жүріп оқығанға өте ыңғайлы. Техникалық басылым сапасы мен грамматикалық сауаттылығы да жоғарғы дәрежеде екен. Оған Рахметова М.К., Баянбаев Р.М. сынды мамандар техникалық редакторлық етіп, көркем өңдеуімен айналысыпты. Мен бұл кісілермен ешқандай таныстығым да, шатағым да жоқ, қайта жастарға ұлағаты мен тәрбиелік мәні зор осындай кітаптарды көбірек баса берсе екен деген тілек айтар едім.
Менің осы кітапшаны оқып отырып, «әттеген-ай» деген жерлерім болды, сол жөнінде сөз қозғасам деп едім.
Кітаптың 94-бетінде Абайдың «Отыз жетінші қара сөзіндегі» 17-афоризмінде – «Дүние-үлкен көл,
заман-соққан жел,
алдыңғы толқын -ағалар,
артқы толқын-інілер,
кезекпенен өлінер,
баяғыдай көрінер» деп жазылыпты. Бір қарағанда, бәрі де өз орнында, еш­қандай олқылық жоқ сияқты. Алай­да, сонау 1966-71 жылдары Қазақ Мем­ле­кет­­тік университетінің про­фес­сор­­лары, ҚР ҰҒА академик­тері Бейсенбай Кенжебаев, Зейнолла Қабдолов,Тұрсынбек Кәкішев, Мұхаметжан Қаратаев, Мәлік Ғабдуллин сынды ағаларымыз оқытқан кезде біз бұл афоризмді –
«Дүние-шалқар көл,
Замана-соққан жел.
Алдыңғы толқын-ағалар,
Кейінгі толқын-інілер,
Біртін-біртін бөлінер,
Бөлінер де өлінер,
Баяғыдай көрінер» деп жаттаған едік. Енді осы екі нұсқаны салыстырып көрейік. Бірінші жолдағы «үлкен көл» мен «шалқар көлдің» айырмашылығы қандай екенін байқап отырған шығарсыз. Біріншідегі «үлкен көл» – дүниенің кеңдігін көрсете алмай аясын тарылтып тұрса, «шалқар көл» – Жер-дүниені алып жатқан теңізді немесе мұхитты көз алдыңызға келтірмейді ме? Оның үстіне екінші жолдағы «Соққан жел» мен «шалқар көл» буын жағынан да, дыбысталуы жағынан да бір-бірімен ұйқасып, жымдасып тұр ғой. Ал, «үлкен көл» мен «соққан жел» мүлдем ұйқаспайды. Келесі төртінші жолындағы «Артқы толқын-інілер» мен біздің есіміздегі «Кейінгі толқын-інілердегі» «артқы» мен «кейінгі» сөздерінің мағыналарына зер салайықшы, «артқы» сөзі – «ең соңғы» деген сөздің синонимі емес пе, ал бұл деген сөз – «артқы толқынмен өмір аяқталып тұр» дегенді меңземей ме? Ал, «кейінгі» сөзі – бірнеше толқын – «өмір жалғасын» нақты ұғындырып тұр ғой!
Келесі жолға келейік. «Кезекпенен өлінер» дейді. Қай елден, қай жерден көріп едіңіз: «Мен бірінші өлемін» деп кезекке тұрған адамдарды? Бұл жерде біздің есіміздегі – «Біртін-біртін бөлінер» деген тармақ қалып кетіп отыр. Енді мағынасына қараңыз. Өмір заңына сай, адамзат жастарына қарай – «қариялар, орта жастағылар, жастар, жеткіншектер, балалар» болып бөлінбей ме? Олай болса, «алдыңғы толқындағы ағаларымыз» Алланың әмірімен уақыты біткенде жағаға соққан толқындай болып, өмірден өтсе, келесілері де солардың соңынан ереді ғой. Міне, келесі жолдың «Бөлінер де өлінер» деген мағынасы осы. Ал, «Баяғыдай көрінер» – бұл өмірді мәңгі ешкім сүрмейтіндігін, бәрі де осылай өз жағалауына жетіп, «шалқар көл»-дүниемен қоштасатындығын елдің бәрі де білетіндігін,қимаса да соған көнетіндігін қысқаша бір-ақ сөзбен бүкіл адамзаттың өмір сүру диалектикасын тұжырымдап тұр. Ал, «Замана-соққан жел» дегенінен нені ұғамыз? Бұл жерде халқымыздың «Заманына қарай- амалы» деген нақылы ойға оралады. Яғни «соққан желдің ыңғайына қарап, әрекет жаса» дегенді айтып тұр ғой.
Ұлы Абай бабамыздың ұлылығы да осында тұрған жоқ па?! Бір ғана шумақпен «Өмір» деп аталатын бір үлкен философиялық терең мәнді ұғымды жып-жинақы етіп, жүрекке жылы, жұп-жұмыр қылып жеткізіп берген.
Аталмыш кітаптың 153-бетіндегі «Сегіз аяқ» өлеңіне зер салайық, осы өлеңнің:
«Алыстан сермеп,
Жүректен тербеп,
Шымырлап бойға жайылған.
Хиуадан шауып,
Қисынын тауып,
Тағына жетіп қайырған,
Толғауы тоқсан қызыл тіл,
Сөйлеймін десең өзің біл» деген өлең шумағындағы «Хиуадан» және «Тағына» деген сөздерге мән берейік. Жалпы алғанда «Сегіз аяқ» әнмен айтылатын өлең болған соң, түсіне білген адамға автор осы өлең мен әнді бір-біріне қиюластырып айтуды орындаушыға үлкен талап етіп қойып отыр. Әнді орындаушыны бейне бір кәнігі саятшыға теңеп, аңды алудың әдіс-айласын жете меңгерген, қашқан аңға тұтқиылдан тиген аңшыдай, әнді де солай.
«Хиуадан шауып» емес,( Хиуа қайда, біз қайда) дұрысы «Қиядан шауып, Қисынын тауып».
«Тағына жетіп» деуі де дұрыс емес. Бұл жердегі сөздің мәні – ханның тағын айтып отырған жоқ, «Тағыны жетіп», яғни аңды қайырған аңшыдай, әннің өзінің иірімін таба отырып айтуды меңзеп отыр.
Келесі 5-шумағындағы: «Көп айтса -көнді, Жұрт айтса балды»-Әдеті надан адамның» деген жеріндегі «балды» сөзінің орнына «болды» деп айтса, «Жұрт айтса болды» болып кең мағынаға ие болып шыға келер еді. Амал нешік, бір дыбыс, бүкіл өлеңнің мән-мағынасын кетіріп, Абай бабамыздың өзі айтпақшы «Көңілдегі көрікті ой, ауыздан шыққанда өңі қашады» деп, тыңдап отырған адамның санасына түсініксіз бір догманы сыналайды.
Келесі 157-беттегі «Көзімнің қарасы» өлеңін алайық. Осы өлең-қазіргі замандағы Абайдың ең жарық, ең әсем Шолпан жұлдыздай жарқыраған, шоқтығы биік әніне айналып, бүкіл дүние жүзіне кең таралды. Дегенмен, осы әнді айтушы бүкіл жас әншілер де, сақа әншілер де әннің екінші жолын осы кітапта жіберілген қатедей етіп, «көңілімнің санасы» етіп айтып жүр. Енді осы тіркестің мағынасына зер салып ойланып қарайықшы, «көңілдің қандай санасы болады?» Бұл жерде ақын ғашығына деген махаббаты жайын баян етіп, «көзінің қарашығына,көңілінің тұнығына яғни сарасына» теңеп отыр ғой. Қандай көркем ой, керемет теңеу. Яғни, біз бұл жерден кіршіксіз пәк, таза ғашықтық сезімін, жауыр болған жаттанды «күйдім, сүйдім» деген сөздерді кірістірмей-ақ, тамаша махаббат жырын айтып, ғашығына осындай кіршіксіз теңеу айтып отыр.Сонымен бұл ән-өлең «Көзімнің қарасы, көңілімнің сарасы» болып айтылса, көңілдегі көрікті ойды айшықтап, әдемілеп, әсерлеп жеткізері анық.
Енді бұл кітапты былай қоя тұрып, күнделікті жастардың айтып жүрген «Махаббатсыз дүние бос», «Жүрегімнің түбіне терең бойла» деген өлеңдерін алып қарайықшы. Екі өлеңде де үлкен қате кетіп тұр. Алдыңғы өлеңдегі «Махаббатсыз дүние бос» өлең жолы өз алдына «махаббатсыз сүрген өмір-бос мағынасыз өмір» деген ұғымды беретін тап-тұйнақтай сөз тіркесі. Дегенмен, осы өлеңнің екінші жолына үңіліп қарайықшы, «Айуанға оны қосыңдар!» деп, қатал үкім шығарып тұр. «Сонда қалай болғаны, біз біреуге ғашық бола алмасақ, сонда айуан болғанымыз ба?» – деп, не ақынды сыбарыңды, не өзіңді айуанға қосарыңды білмей дал боласың. (Бұл жерде әйгілі бір ғана тыныс белгісі арқылы адам тағдырын шешкен орыс тіліндегі «Казнить нельзя помиловать» деген қате кеткен сөз тіркесі ойыңызға сап ете қалары сөзсіз). Жоқ, олай ету керек емес екен, бұл жерде әйгілі абайтанушы ғұлама ғалым, профессор Мекемтас Мырзахметов ағамыз санаңызға үміт сәулесін сыйлап, сізді ондай қатал үкімнен бір ғана дыбысты өзгерту арқылы арашалап алып қалады. Ал, енді ол қандай дыбыс дейсіз ғой, ойланып көріңізші, ол «д» деген дыбыс екен. Сонда – «Махаббатсыз дүниедос – Айуанға оны қосыңдар» деген кезде, сіз қатал үкімнен азат болады екенсіз. Ар жағы енді айтпаса да түсінікті ғой, «дүниедос» деген ұғым, өте терең, әрі өте лас ұғым. Оны қазбаламай-ақ қояйық. Сондықтан да ұлы Абай ондай жандарды айуанға теңеп отыр.
Енді екінші құлағымызға сіңіп қалған «Жүрегімнің түбіне терең бойла» өлеңін алайық. Бұл жерде де бір-ақ дыбыс өлеңнің мән-мағынасын өзгертіп, кемітіп тұр. Бұл жолды да екінші жолымен байланыстыра алып қарайықшы, «Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла» деген кезде, не ұғарыңызды білмей, дал боласыз. Ақын жүрегін ашпай тұрып, оның ішіне қалай терең бойламақсыз? Әңгіменің мәні осында екен, мендей жұмбақ жанды ұғыну үшін, алдымен өз жүрегіңнің түбіне терең бойла, мені түсінуге шамаң жете ме, менің айтқандарым көңіліңе жақпасына мен кәміл сенемін, өйткені менің басымнан өткен істерді сен білмеуің мүмкін дегенді-
«Соқтықпалы, соқпақсыз жерде өстім,
Мыңмен жалғыз алыстым-кінә қойма»-деп түйіндейді. Осы бір өлеңнің өзімен-ақ данышпан Абай өзінің өмір сүрген дәуірін, айналасы толған-өтірік, өсек, мақтаныш, орынсыз мал шашып, әлсіздерге зорлық, зомбылық, қиянат, қорлық көрсеткен азғындарға толы ортада жалғыз өзі алысып, жеңе алмағанына налып, күйініп отыр. Сондықтан да, «Менің жырларыма үлкен мән беріп, түсініп оқы, бөтен сөз қосып ылайламай, айналасын теп-тегіс, жұмыр күйінде сақта» деп, соңына өсиет қалдырған.
Біз бұл жерде айтушыларды да, жаттаушыларды да кінәлаудан аулақпыз. Бұл қателіктер сонау ерте заманнан, тіпті ұлы ақынның өзінің көзінің тірі кезінен келе жатқан олқылықтар деп те айтуға болады. Оның басты себебі – Абайдың өзінің шығармалары көзінің тірі кезінде кітап болып басылып, елге тараған жоқ. Ұлы ақынның ұрпақтарының ішінен есте сақтап айтушылардың жаздырған жырларын жазып алушылардан қате кеткен болар, әйтеуір, ел ішінде осындай бұрмаланып айтылып жүрген жырлары аз емес. Оларды дұрыс зерделеп, оқырман қауымға ақынның құнды жырларының құнын кетірмей, күл-қоқыстан арылтып, сары алтындай қалпын сақтап, келер ұрпаққа жеткізу – бәріміздің басты парызымыз болмақ. Олай болса, Абайды білмек-адамзаттың парызы десек, артық айтқандық болмас.
Ал, енді осы адамзатқа ой салар Абай сөздерін басқа халық қалай түсінеді? Біз бұл жерде Абай жыр­ла­ры мен қара сөздерінің биылғы жыл­дан бастап, әлемнің 10 тіліне аудары­ла­тын­дығы үлкен қуанышқа бөледі. Иә, әр халықтың өзінің бетке ұстар ұлы адамдары баршылық. Мысалы ағылшындардың атақты В.Шекспирі, Қытайдың Конфуцийі, орыс­тардың Лев Толстойы, француз­дар­дың Оноре де Бальзагы, тағы басқа ел­дер­дің ұлы ойшыл­да­ры­ның қатарында біздің ұлы Абайдың тұра­тын орыны олардан бірер бас биік болар еді. Бірақ, билеуші ұлы держава­ның саясатынан аса алмаған ат төбелін­дей аз халық қазақтың Мұхтар Әуезов бастаған арда азаматтары Абай баба­мызды уақытында оның өзіне тиіс­ті биікке шығара алмай, бірнеше қор­лық пен зорлықты да көріп келді. Қазір­гі мынау еліміздің тәуелсіздік алғаны­на 30 жыл толғалы отырған жылы­мық заманда Абайымызды бүкіл әлемге танытатын кез келгені жан­ға шуақ шашады. Алайда, ұлы Абай­дың шығармаларының тілін өзінің бар бояуымен, нәрімен қысқа-нұсқа етіп басқа тілдерге аудару жұмысы да қиынның қиыны. Өйткені, Абай өмір сүрген уақыт-қазақылықтың қаймағы бұзылмаған, қазақы ұғыммен ескі қазақ архаизм тілінде, неше түрлі метафорамен жазылған. Оны түсініп, сондай дәл тиетіндей аударма жасау әркімнің қолынан келе бермес. Олай болса мұндай өте жауапты істі асқан шебер аудармашыларды тауып, соларға ғана тапсыру ләзім болар еді. Өз басым өзіміз күнде сөйлеп жүрген орыс тілінің өзіне «Абайды аударып бер» десе, оған батылым жетпес еді. Кез келген бір қысқа өлеңін алайықшы, мысалға – «Бойы – бұлғаң, сөзі – жылмаң» деген-ақ бір жолды қалай аударар едіңіз? Тікелей аударсақ, «Рост-кривой, язык-крутой» деген аудармадан кім не ұғады? Міне, сондықтан Абай атамыздың өзі: «Жүрегіңнің түбіне терең бойла, Мен бір жұмбақ адаммын оны да ойла»-деп өзінің тереңдігін, оған әркімнің шамасы келе бермесін ескертіп, «көтере алмас шоқпарды беліңе байлама» деп ескертіп тұр. Менің айтайын дегенім-Абай сөздерін өзінің қазақ тілінде дұрыс айта алмай жүріп, басқа тілге аударғанда мүлдем мағынасы мен мәнін кетіріп, құнын жоғалтып, сабаған жүндей қылып түте-түтесін шығарып алып жүрмейік деген қауіп қой.
«Сап, сап көңілім, сап көңілім» деп Абай атамыздың өзі айтпақшы қазіргі жастарымыздың арасында шетелдердің тілдерді өзінің ана тілінен артық білмесе, кем білмейтін дарынды да, білімділері бар ғой. Сол жастарымыз үмітімізді ақтап, Абайдай ұлы данамызды бүкіл әлемге бар болмысымен өз қалпында әрбір елдің өзінің тілінде шебер де көркем етіп айшықтап жеткізіп жатса, «бекер қауіптенген екенмін» деп қуануым әрине орынды болар еді.
Олай болса, «Арыстандай айбатты, жолбарыстай қайратты-Мен жастарға сенемін!» деп ұлы ақын Мағжан Жұмабаев жырлағандай, талантты да талапты жастарымыз тұрғанда, бос түңілмей, соларға сенім білдірейік, ағайын! Алашымыз аман тұрғанда, Абайымызды аспанға асқақтату – бар қазақтың арман-мақсаты болсын! Тоқсан ауыз сөзді «Абайды білмек парыз – ойлы жасқа» деп түйіндейік.

Сатыбалды ДОСЫМБЕКОВ,
Шерхан Мұртаза атындағы Руханият және тарихтану
ғылыми-зерттеу орталығының ғылыми қызметкері

Leave A Reply

Your email address will not be published.