"Шабыт"

«Абайды жырла, «Araı»-да!»

Written by Aray2005

Абайым мәңгілікке биік тұлға

Ақылдасса, ақын бала халықпен,
Мұраларың бітпес мәңгі алып кен.
Абай ақын бір өзіңмен мақтанам,
Өлең-жырды жазды алтын әріппен.

Данышпансың, дара едің, нұрлы едің,
Сегіз қырлы, мен үшін бір сырлы едің.
Өзі өшсе де мәңгілік аты өшпейтін,
Үлкен-кіші, бәріне де үлгі едің.

Қанат қағам мәңгілікке талмаймын,
Асыл өлең Абайыма арнаймын.
Абайдай ақын болам, уәде етем,
Абай жолын өмір бойы жалғаймын.

Тамсандырар Абайдың шіркін әні,
Бір өзіңе Алашым ұмтылады.
Ізбасарың боламын мына мен де,
Мұндай ақын жүз жылда бір туады.

Қазақпын қаз мойыны ойнақтаған,
Ой баққан, тек түз кезіп қой бақпаған.
Тереңдігі ешкімді жатсынбаған,
Даналығы ешкімді ойлатпаған.

Мән беріп, өр намыспен айбыным,
Жүзіп өтсем ақиқаттың айдынын.
Абайым – мәңгілікке биік тұлға,
Абайым – баға жетпес байлығым!

Мерейхан РАЙМБАЕВ,
Жамбыл ауданы, Айша бибі
орта мектебінің 11-сынып оқушысы

 

Сонда ғана рухани емделермін

Бәз бейне, адамдар бақытқа бөленер,
Сол сәтте жымиып, күлкіге кенелер.
Жасырмай, шындыққа тура қарасақ,
Бұл – қиял, сол адам жасаған қолөнер.

Шын мәнінде, жалған күлкі өтірік,
Қиналғанда жылар кейде өкіріп.
Сәл өзгеріс бола қалса бір кездер,
Сырттан келіп өсек айтар көпіріп.

«Жақсы көру» – керемет бір күй кешу,
Сенімменен бір-біріне үйлесу.
Бірақ әттең, «жек көру» де қатарлас,
Шыға келер,
Себеп оған – тілдесу.

Бетперделі адамның бәрі толық,
Көрінгенмен бейкүнә пенде болып.
Бір мезетте байқалар шын бейнесі,
Әр адамға қараса, барлай шолып.

Толық адам болуды көздейтұғын,
Бір амал бар, еш адам сезбейтұғын.
Хәкім Абай айтқандай жүрек керек,
Қайратпенен ақылды бөлмейтұғын.

Сонда бәрі өзгерер пенделердің,
Мен осыны ұғынсам, ерлегенім.
Толық адам қоғамда толып жүрсе,
Сонда ғана рухани емделермін.

Мөлдір ТАҢЖАРЫҚОВА,
ТарМПУ-дың 3-курс студенті 

 

Қазақтың Абай ұлысы!

Қазақтың Абай ұлысы!
Қазақтың Абай тынысы!
Ақылсыз және сабырсыз.
Болмаған оның бір ісі.
Абайдай ұлы данам бар,
Абайдай ұлы дарам бар,
Қара сөздерін паш еткен,
Абайдай ұлы бабам бар.
Сөздері оның жалын оттай жалындаған,
Өн бойына бір жаман іс дарымаған.
Абай атам шешендіктің қас шебері,
Жамандықты жүрегіне жамылмаған.
Шешендігінен бал тамған,
Абайға қазақ таңғалған.
Ақылдылығы Абайдың,
Мәрмәр сөздерден жаралған.
Жүрегі үлкен таудан да,
Қылқалам қолға алғанда.
Өсиет жазған еліне,
Абайдан ұлы жан бар ма?
Ой орман, нақыл нуы бар,
Қазақтай мәңгі туы бар.
Абайдай асыл адамдар,
Ғасырда бір-ақ туылар!
Бес асыл істі атаған,
Бабаммен мен де мақтанам.
Бабамдай мен де боламын,
Үмітін елдің ақтаған.
Бес жаман істі жат қылған,
Бес асыл істі тақ қылған .
Санасыздықтан сақ қылған,
Сәулесін шашып саф нұрдан.
Абайдың Абай екенін,
Абайдың қандай екенін,
Семейдей ұлы мекенін,
Қазақтың бәрі біледі .
Абай ғой қазақ тірегі,
Абай ғой қазақ тілеуі.
Ертеңі елдің мәңгілік,
Абай деп соқса жүрегі!

Несіпбай ШӘМІЛ,
Мойынқұм аудандық Жамбыл атындағы мектеп-гимназиясының
6-сынып оқушысы

ПІКІР