Мәдениет

«Абайды жырла, «ARAI»-да!»

Written by Aray2005

Кезiнде мұзбалақ Мұқағали Абайдың қазақ тарихындағы орнын бiр-ақ ауыз сөзбен «Абай – Гималай» деп даралаған болатын. Расында, ақылдың Гималайына айналған, ұлтына ұлағат айтып, ұрпақ санасына ұлы құндылықтарды сіңіруді мақсат еткен кемеңгердің өшпес өнегесі ешқашан ұмытылмайды. Хәкім жайында Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаевтың: «Абай – біздің ұлттық ұранымыз болуы керек. Абайды таныту арқылы біз Қазақстанды әлемге танытамыз, қазақ халқын танытамыз» деген қазыналы ойы ел есінде, жалпақ жұрттың жадында. «Жас жүрек жайып саусағын, Талпынған шығар айға алыс» деп ақынның өзі айтқандай, бұл күнде хәкімнің шығармашылығына жастардың зор қызығушылығы көңіл қуантады.

Ақылмен ойлап білген сөз,
Бойыңа жұқпас, сырғанар.
Ынталы жүрек сезген сөз,
Бар тамырды қуалар, – деп хәкім Абайдың өзі айтып кеткендей, Ұлы дала ұрпағының ынталы жүрегі руханиятымыздың ырысы болса керек.
Бұл күнде қазақтың Абайы деген ұғым Абайдың қазағы дейтін ұлағатты ұстанымға айналғаны хақ. Ел Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өзінің Абай туған өлкеге сапарында: «Абай – шын мәнінде, қазақ болмысының айнасы. Ақынның дара тұлғасы – халқымыздың руханиятын әлемге танытатын теңдесі жоқ құндылық. Дүниежүзі әдебиетінде Абай сияқты ақын, ағартушы, ойшыл, сыншы кемде-кем. Абай – шын мәнінде, қазақтың біртуар перзенті. Хәкім Абайдың туған жері дүниежүзінің түкпір-түкпірінен келетін туристерді қарсы алуға лайықты ірі орталыққа айналуы тиіс. Бұл – бабалар алдындағы борышымыз әрі өскелең ұрпақ үшін жақсы өнеге», деп айтқаны ұлы ақынға деген үлкен құрметінің айқын көрінісі. Мемлекет басшысының 9 жастағы мектеп оқушысы Ләйлім-Шырақтан Абай өлеңдерінен үзінді оқу эстафетасын қабыл алып, ұлы ақынның «Ғылым таппай мақтанба» өлеңін оқуы, мамыр айында Абай Құнанбайұлының 175 жылдық мерейтойын мерекелеу туралы Жарлыққа қол қоюы қасиетті қазақ әдебиетіне, тіліне, руханиятына деген зор жанашырлығының белгісі.
Хош, сонымен, Елімізде Шығыс пен Батыстың мәдениетін, өркениетін жетік білген дара тұлға Абайдың 175 жылдығы қарсаңында ұлы ақынның өлеңдерін жатқа оқу эстафетасы белсенді түрде басталып, мінбедегі министрлер мен атқамінер азаматтар, өнер жұлдыздары, бұқара халық, жалынды жастар жалғап әкетті. Димаш Құдайбергеновтей ел мақтанышы ақынның «Қақтаған ақ күмістей кең маңдайлы» атты өлеңін жатқа оқып, өзінің отандық һәм шетелдік әріптестеріне жолдаса, эстафета аумағы Еуразия кеңістігін шарлап кетті. Өз кезегінде Жамбыл облысының әкімі Асқар Мырзахметов те: « Егерде есті кісілердің қатарында болғың келсе, күнінде бір мәрте, болмаса жұмасында бір, ең болмаса айында бір өзіңнен өзің есеп ал! Сол алдыңғы есеп алғаннан бергі өмірді қалай өткіздің екен, не білімге, не ақыретке, не дүниеге жарамды, күніңді өзің өкінбестей қылықпен өткізіппісің? Жоқ болмаса, не қылып өткізгеніңді өзің де білмей қалыппысың?» деген тереңдік пен биіктікті тоғыстырған хәкімнің жауһар хикметтерін жатқа оқып, өңір жұртшылығын ақынның шығармашылығымен сусындауға һәм белсенді болуға шақырған болатын.
Айта кетсек, соңғы екі жылда облыс оқушылары республикалық Абай оқуларында «Өлең – сөздің патшасы, сөз сарасы» кезеңі бойынша бас жүлдені басқаларға бермей келе жатқаны да көңіл қуантады. Осылайша өңір жұрты өшпес өнегелі із қалдырған өр ақынның мерейтойына өзіндік үн қосып келеді.
Осы ретте облыстық «ARAI» газеті Жастар жылына орай жастар шығармашылығын Абай тағылымымен тоғыстырар жаңа айдарды һәм байқауды бастағанды жөн көріп отыр. Өз кезегінде қаламды жанына серік еткен 14 пен 29 жас аралығындағы жергілікті жас ақындарымыз газетіміздің әр санында Абайға арнау өлеңдерін жолдап, жариялап отырмақ. Мерейтой барысында оқырмандар назарына ұсынылған үздік өлеңдер сараланып, жеңімпаз бен жүлдегерлер бағалы сыйлықтармен марапатталатын болады. Сондықтан төл әдебиетіміздегі ақындардың атасына айналған Абай хәкімді жырлауға, сөз патшасын сөйлетіп, поэзия тілінде тағзым мен құрмет көрсетуге асығайық, құрметті жас достар!

ПІКІР