Абайға адал болсақ дейміз…

0 3

Абай мұрасы – халқымыздың адастырмас темірқазығы, Қазақ руханиятының шыңы. Алайда біз ұлы хакімнің даналығының түбіне қалай бойлап жүрміз? Жұрт нені ұғып, нені ұға алмай жүр?

«Осы мен өзім қазақпын. Қазақты жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, қылықтарын қостасам керек еді… Егер жек көрсем, сөйлеспесем, мәжілістес, кеңестес болмасам керек еді…», дейді ақын өзінің тоғызыншы қарасөзінде. Ойланып көрейік. «Осы мен өзім ұстазбын. Балаларды жақсы көрем бе, жек көрем бе? Егер жақсы көрсем, Абай тағылымын ұқтыруым керек еді. Егер жек көрсем, онда ұстаз болмауым керек еді…», деп іштей алаң күй кешемін кейде.
Абай шындығы – мәңгілік шындық. Абай тағылымы – ұлы тағылым!
Қазақ әдебиеттану ғылымында Абай ең көп зерттелді, бәрі айтылды дегенмен де, олай емес екенін бағамдаймыз. Өлеңдері мен қарасөздерін оқып, зерттеген адам әр тіркес, әр сөздің астарында қатпар-қатпар құпия сыр жатқанын сезеді. Қатпар-қатпар құпия кім болса соған алдыра қоймайды. Оған сәулелі сана, зерделі зейін керек. Ақынның жұмбаққа толы өлеңдерінің тереңіне бойламай, тақылдатып құр жаттап алу қиянат.
Біз ұлы Абайға деген адалдықты Мұхтар Әуезовтің «Абай жолы» романын оқудан бастағанбыз. 9-11-сынып оқушыларын түгел қамтыдық. Үздік оқушыларға 20 бет, екпінділерге 10 бет, орташа оқитындарға 2-3 бет оқып, түсінігін айту тапсырылды. Апта өткен соң роман оқу эстафетасы басталды. Күн сайын балалар сабақ басталардан жарты сағат ерте келеді. Акт залына жиналады. Тыңдау үшін мұғалімдер мен 6-8-сынып оқушылары да келіп қатысатын. Кітап бетіне қарай кімнен кейін кім айтатыны белгілі болғандықтан, кезегі келген оқушылар ертерек келетін. Өзім тыңдап, қайсыбір эпизодтарға түсінік беремін. Келесі күні жалғастырмас бұрын алдыңғы оқиғаларға, кейіпкерлер әрекетіне байланысты бірді-екілі сұрақтар қойып, балалардың зейінін аударып отырдым. Әрине, роман тілі ауыр, әр баланың айтарын алдын ала қадағалап, қиналған тұстарын түсіндіріп жіберемін. Биыл қараша айында екінші кітабын бастадық.
Бәрімізге белгілі, «Абай жолы» романында Құнанбай образы озбыр, қатыгез бейнесінде берілген. Әрине, бұл сол кезеңнің идеологиясына қарай жазушының еркінен тыс жасалған образ болған.
9-11-сыныптар арасында Абайдың қарасөздерінен эстафета жүргіздік. Сыныптағы 10-15 оқушыға бір-бір қарасөзден бөліп бердім де, оқып, не туралы ой айтылғанын 4-5 сөйлеммен түйіндеп жазып отыруды тапсырдым. Ол үшін арнайы «Абай тағылымы» дәптерін арнаттым. Келесі сабақта әр оқушы өзіндегі қарасөзді басқа оқушымен ауыстырады. Осылайша бір сынып келесі сыныптағы қарасөздерді алып, әрмен қарай жалғастырады. Өзім жоғары сыныптарға сабақ беремін, әр сабағымның 10-15 минуты абайтануға арналады. Осылай былтыр басталған абайтану дәрісі биылғы оқу жылында қайта жалғасты. Қазіргі оныншы сыныптың «Қазақ әдебиеті» оқулығының бірінші тарауы толығымен Абай шығармашылығына арналған. Жеті өлең («Сегіз аяқ», «Көңілім қайтты достан да, дұшпаннан да», «Лай суға май бітпес қой өткенге» тағы да басқа) бір поэма, үш қарасөзі берілген. Сабақ сайын балалармен бірге Абай әлеміне сапар шегеміз. Абаймен бірге толғанамыз, мұңданамыз, шамырқанамыз.
Қазіргі уақытта кітапханадан «Қаламгер» баспасынан шыққан, «Жидебай-Бөрілі» мемлекеттік тарихи-мәдени және әдеби-мемориалдық қорық-музейінің «Абай туралы естеліктер» кітабын жаздырып алып, ақынның көзін көрген кісілердің өте құнды естелік-әңгімелерін оқытып жатырмын. Себебі зиялы кісілердің көз көріп, құлақ естіген, тарихи шындықпен жазылған естеліктерінің мәні ғаламат.
«Ғылым-білімді әуелі бастан бала өзі ізденіп таппайды. Басында зорлықпен яки алдауменен үйір қылу керек, үйрене келе өзі іздегендей болғанша. Қашан бір бала ғылым, білімді махаббатпенен көксерлік болса, сонда ғана оның аты адам болады», дейді ойшыл ақын отыз сегізінші қарасөзінде. Біздікі де сол қарекет. Абайға адал болғымыз келеді. Абаймен өмір сүрсек дейміз.

Зеберкүл ШАРДАРБЕКОВА,
«Ы.Алтынсарин» төсбелгісінің иегері

Талас ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.