Диагноз

Абайламасаң, астан да қауіп бар…

«Ас- адамның арқауы» дейміз. Алайда, тағамнан бөлек, санитарлық тазалық пен жеке бастың гигиенасы сақталмаса, жемістердің құрамында нитраттар көп болса, дерттің дендеуі демде. Қыс мезгілінде ең көп таралатын сырқат тұмау болса, жазғы уақытта ерте піскен жемістерден уланудың көп орын алатынын денсаулық сақтау саласының мамандары да растап отыр.

Қазір сауда нүктелерінде қияр, қызанақ секілді көкөністің түрлері самсап тұр. Ал, ерте піскен көкөніс­тердің сапасы қандай? Түрлі тыңайтқыш қоспалар арқылы сатылымға шыққан өнімдер адам ағзасына қауіпті емес пе? Міне, осы сұрақтар әрбір саналы азаматты ойландыруы тиіс.

Жалпы, елімізде жеміс-жидектерден улану жағ­дайы кемінде әрбір он адамның үшеуінің басында кездеседі екен. Бұған қоса, таяуда көршілес Оңтүстік Қазақстан облысының орталығы – Шымкент қаласы­ның елуге жуық тұрғыны балмұздақтан жаппай уланып қалған болатын. Шүкір, әулиеаталықтар мұндай келең­сіз­діктерден дін аман. Бірақ, астан улану жағдайын жоқ деп айта алмаймыз.

– Өткен демалыс күні «Ауыл береке» базарынан сегіз жасар ұлым екеуімізге балмұздақ сатып алдық. Күн ыстық, оның үстіне базардың қарбалас тіршілігі кімді де болмасын шаршатады ғой. Балмұздақты киім сататын аумақта бір жас қыздан алғаным есімде. Үйге келе салысымен баламның мазасы болмай, өзін жайсыз сезінді. Бірер сағаттан кейін өзім де әлсіреп тұрғанымды байқадым. Базардан келгеннен кейін баламның да, өзімнің де тамақтануға тәбетіміз тартпағанын анық білемін. Яғни, сол балмұздақтан басқа ешнәрсе жемегеніміз анық. Ақыры кешкісін баламның жүрегі айнып құсты. Менің де басым айналып, көзім қарауытты. Дереу жедел жәрдем шақырдық. Арада бір күн өткеннен кейін базардағы балмұздақ сатқан қызды іздеп барып, таппадым, – дейді қала тұрғыны Жазира Мұсабекова.
Көптің аңсары ауған көкөністерден де уланып үлгергендер бар. Соның бірі – көп балалы ана Нұргүл Сәбитқызы.

– Көктемде адам ағзасына табиғи өнімдер көп мөлшерде қажет қой. Біз секілді әйел баласының күнделікті мәселесі ас мәзірі болғандықтан, көбіне дастарханды гүлдендіруді ойлап жүреміз. «Диана» сауда нүктесінің маңайындағы шағын базардан қияр мен қызанақ алып, кешкі асқа әзірлеген едім. Ақыры бес баламның екеуі уланып қалып, ауруханадан бір-ақ шықты, – дейді қала тұрғыны.

Сауда нүктелерінің сөресінен ұзақ күткен қызыл шие, шабдалы, құлпынай да табыла бастады. Бірақ, ондағы жемістердің барлығы сапа мен қауіпсіздік тексеруінен сүрінбей өтті деу қиын. Мәселен, жуырда ғана 21 жасқа толған тараздық бойжеткен Дана Ахатаева өзінің туылған күнінде құлпынай қосылған тәтті торттан уланған. «Бұл өзіме, өзім жасаған естен кетпес сый болды» дейді Дана.

– Құлпынай – бала кезден сүйіп жейтін жемісім болғандықтан, туған күнімде неден аянайын? Туған сіңлім базардан арнайы алып келген торттан бөлек, достарым да, жақындарым да құлпынаймен безен­дірілген тәттілерді тарту етті. Сол күні тек торттың құлпынайын ғана теріп жегенім есімде. Көптен көрмеген құрбыларыммен бас қосып, қуаныштың әсерінен дастарханға аса мән берген жоқпын.
Отырысымыз тарқаған бойда өзімді жайсыз сезініп, бірнеше мәрте жүрегім көтерілді. Қол-аяғым қалтырап, асқазаным түйіліп ауырды. Менің анамның мамандығы медбике болғандықтан, дереу қажетті ем-домын өзі-ақ жасады. Бұрын бұлай ішім ауырған емес. Қатты қорықтым. Бұл туған күнім ешқашан ұмытылмайтын шығар, – дейді ол.

Осы орайда, біз мәселенің мән-жайын білу үшін Жамбыл облыстық балалар жұқпалы аурулар ауру­ха­на­сына ат басын бұрдық.
– Біздегі аурулар көбіне маусымдық екі түрге бөлінеді. Қыс пен күзде жедел респираторлы вирустық инфекциялар көбейсе, көктем мен жазда жедел ішек инфекциялары артады. Күн жылына салысымен бізге келетін науқастардың дені кене мен малдан, ерте піскен жемістердің салдарынан келген кеселге дауа іздеп жүгінеді.

Жалпы, әрбір адам тамақтанғанда мұқият болған жөн. Күнделікті тамақтың өзіне қайнатылған суды пайдалану керек. Ал, көкөністерді міндетті түрде тазалап болғаннан кейін ғана тұтынған дұрыс. Ерте піскен жемістерде көбіне селитра пайдаланылады. Ондай нитраттар көп мөлшерде қосылып кетсе адам ағзасына қауіпті. Ас қорыту жүйелерінің жұмысын нашарлатады. Сондықтан асықпаған абзал. Бізге астан уланып келіп жатқан науқастар көп емес, бірақ бар. Қауын,қарбыз піскенде науқастардың саны күрт артады. Сол сияқты өрік, қияр, қызанақ, кауын, қарбыз іш жүргізетін жемістер қатарына жататындықтан, оларды байқап жеу керек, – дейді облыстық балалар жұқпалы аурулар ауруханасының бөлім меңгерушісі Батыржан Оспанов.

Дәрігер қазіргі таңда ауруханада ботулизм диагнозы­мен түсіп жатқан науқастардың қатары артып отырғанын айтады. Ботулизм – бұл тамақтан уланудың ауыр түрі.
– Ботулизм адамдарға көкөністен, саңырау­құлақ­тан, еттен, балықтан технологиялық ереже сақталмай дайындалған әртүрлі консервіленген тағамдарды пайдаланғанда жұғады. Ең бастысы, тұрғындар ауру белгілері білінген жағдайда тез арада жедел жәрдем қызметіне хабарласқаны абзал. Мұндайда тек медициналық көмек қана адам өмірін арашалап алып қала алады. Ал, балалардың көбі жеміс-жидек, көкөніс, сондай-ақ қолдан жасалған кейбір тағам түрлерін тұтынып, жедел ішек инфекциясына шалдығуда. Бұл жедел ішек инфекциясы ағзаға ауыз арқылы түсіп, асқазан, ішек жолдарын зақымдап, әрі үлкен дәрет жүрісін бұзатын жұқпалы бактерияларды тудырып отыр, – дейді аурухананың бөлім меңгерушісі.

Маман сондай-ақ, жаз кезінде қауіп тек көкөніс­тер­ден ғана емес, сүт, ірімшік, пісірілген шұжық, құра­мын­да майонезі бар, толық пісірілмеген ет, жұмырт­қа секілді тез бұзылатын тағамдардан да бола­ты­нын жеткізді. Тіпті, тоңазытқыштың өзінде ұзақ сақталған асқа абай болған жөн. Астан улану 5 жасқа дейінгі балалар мен егде жастағы адамдарға, иммунитеті әлсіз науқастарға, жүкті әйелдерге, диабет немесе бүйрек ауруы секілді күрделі дерті барларға аса қауіпті. Ал, бұл қатардағылардан басқа адамдар дер кезінде дұрыс ем алса, 12-48 сағат ішінде тағамдық уланудан толығымен айығады екен.
Біз, аталған мәселе бойынша облыстық қоғамдық денсаулық сақтау департаменті мамандарының да пікірін білдік.

– Қазір облыста бұл мәселе бойынша жағдай тұрақ­ты. Дегенмен, «Сақтықта қорлық жоқ». Қазір бізде ботулизм дерті бойынша деректер тіркелуде. Тексеру нәтижесінде дерттің көбі үй жағдайында дұрыс әзірленбеген, консервіленген өнімдерді пайдаланғандықтан туындап отырғаны анықталды. Тұрып қалған өнімнің бойындағы қоспалар, тіпті дәру­мен­дердің өзі уақыт өте келе уға айналады. Тіркелген деректердің барлығында науқастар тыныс алуы қиын­дап, әлсіздікті сезгенін, ыстығы көтеріліп, басы айналғанын және ең бастысы ішінің қатты ауырғанын айтып отыр. Естен танып қалуға дейін барған адамдар да бар. Олардың барлығы қолдан жабылған банкідегі өнімдерді тұтынған. Ал, көкөністерге, балмұздаққа қатысты бізде әлі ешқандай дерек тіркелген жоқ. Дегенмен, маман ретінде тұрғындарды ерте піскен көкөністерді тұтынуға асықпауға шақырамын. Себебі, олардың құрамында химиялық нитраттар көп кезде­се­ді, – дейді департаментке қарасты тағам объектілерін санитарлық-гигиеналық қадағалау бөлімінің бас маманы Ғалымжан Орынбаев.

Дана қазақ «Ауру-астан, дау-қарындастан» деп тегін айтпаса керек. Сондықтан, ағзаға ауадай қажетті асқа да абай болған абзал.

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР