Sport

Әбілханға жанкүйерлері қошемет көрсетті

Written by Aray2005

Әуесқой бокстан Иорданияның астанасы Амман қаласында Азия және мұхит жағалауы елдері арасында Токио Олимпиадасына іріктеу жарысы өткен еді. Онда жасындай жарқыраған бірқатар қазақстандық боксшылар күншығыс елінде түндігін түретін дуы басым додаға жолдама жеңіп алды. Олардың қатарында жерлесіміз, әлем чемпионатының күміс жүлдегері Әбілхан Аманқұл да бар.
Осындай бәсі биік бәсекеде күміс медаль жеңіп алған Әбілхан Аманқұлды жамбылдық жанкүйерлер мен спортшылар Тараз қаласындағы «Әулие-Ата» халықаралық әуежайынан зор қошеметпен күтіп алды. Спорт саңлағына жұртшылық жылы лебіздерін арнап, сый-құрмет көрсетті.
– Осы жарыста Әбілханның күміс жүлдемен оралуы оның Токиода өтетін Олимпиада ойындарында алтыннан алқа тағынуының бастамасы деп білемін. Бұл менің ғана емес, бүкіл жанкүйерлердің артқан үміті. Осы үмітті жамбылдық жампозымыз ақтайды деген сенімдемін,– деді іс-шара барысында сөз алған облыс әкімінің орынбасары Мұратхан Шүкеев.
Бұдан кейін Әбілхан Аманқұл Иорданияда өткен бәсеке жайына тоқталып, толайым табысқа қол жеткізу үшін барын салғанын, әрбір жекпе-жек оңайға соқпағанын сөз етті. Алдағы жоспарларымен бөлісіп, қолдау білдірген бокс жанкүйерлеріне деген алғысын жеткізді.
Шарада Әбілханның бапкері Нұрлан Ақүрпеков шәкіртінің болашағынан зор үміт күтетінін айтты. Сондай-ақ жиында М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті атынан Ә.Аманқұлға бес айлық көлемінде шәкіртақы, Нұрлан Ақүрпековке бір айлық жалақы мөлшерінде ақшалай сыйлық табыс етілді.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР