"Хаттар...Хаттар..."

Абсент жайлы кино түсірілсе…

Written by Aray2005

Сан ғасыр аттың жалында жүріп, ұлан-байтақ жерін қорғаған қазақ халқы жылқы малын ерекше қадір тұтады. Сондықтан қазақ тарихында сом тұлғалы батыр есімімен оның жанына серік болған сәйгүліктің аты қатар аталады. Ал өткен ғасырдың 1960-1970 жылдары Құлан өңірінде бапталған Абсенттің аты бір кездері аңызға айналды. «ХХ ғасырдың ең жұлдызды жылқысына» саналған Абсент Рим, Токио, Мехико қалаларында өткізілген Олимпиада ойындарында олжа салды. Алайда бүгінде қазақ жадынан желдей ескен жүйріктің аты бірте-бірте көмескіленіп барады.

Осы орайда, Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы арқылы олқылықтың орнын толықтыруға болатын сыңайлы. Аталған мақаланың «Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі» деп аталатын бөлімінде автор кино өнерінің мәдениетінде алар орнын сөз етіп, қазақтың арғы-бергі тарихын арқау еткен деректі-қойылымдық фильмдердің, телевизиялық сериалдар мен толықметражды көркем картиналардың арнайы циклін өндіріске енгізу қажеттігін айтады. Ал дәл осы мақаланың «Атқа міну мәдениеті» бөлімінде жылқы малының қазақ ұғымында ерекше орын алатындығы сөз болады. Елбасы мақаласындағы дәл осы екі бастаманы өзара байланыстырып жүйрік Абсент жайында кино түсірілсе деген ұсынысымды білдіргім келеді. Фильм түсіруде жүйрікті баптап бәйгеге қосқан Абсенттің алғашқы атбегісі Молдаш Әмреев пен тұлпарды тақымына басқан шабандоз Сергей Филатов сынды азаматтардың образдарын бейнелеп, ерекше етіп көрсетуге болады. Бұл туынды арқылы Абсент өмірін әрқилы етіп бейнелеуге мол мүмкіндік береді.
Әлемдік кино өнері тарихында шетелдік режиссерлердің жануарлардың көркем образын, адамзатқа деген шексіз махаббатын таспалаған туындылары жүздеп саналады. Ал жылқы мінезді қазақ үшін бір кездері Құлан жерінде бапталған Абсенттей жүйріктің кинодағы бейнесін жасау шашасына шаң жұқпаған тұлпарға шексіз құрметтің белгісі саналар еді. Әрі бұл туынды жүйрік атты жеті қазынаның біріне санаған қазақ халқының жылқы малына деген ыстық ықыласын таныта алатындығына күмәнім жоқ.

Жәнібек БАЗЫЛБЕКОВ,
Т.Рысқұлов ауданы

ПІКІР