Абылай – алаштың айбыны

0 3

Биыл аса тарихи дара тұлға Абылай ханның туғанына 310 жыл толып отыр. Абылайхан сайын даламыздың алды-арты алмағайып, шиеленіскен дәуірінде өмір сүрді. Сол қиын тұстың «қалың тұманында» адаспай жол тапқан, көтерген туы жығылмаған қарымды қолбасшы, сарабдал саясат иесі бола білді.

Хан Абылай – Қазақстан тарихындағы тағдырлы бір кезеңнің күллі тауқыметін бойына жүктеген тұтас бітімді тұлға. Қазақ елінің айбынын асыру мен ордасын орнықтыру маңызды міндет еді. Бұл ретте Абылайдың мемлекетшіл парасаты, жаужүрек батырлығы, қолбасшылығы, көреген қайраткерлігі айқын көрінді. Осындай ерекше қасиеттерінің арқасында сайыпқыран сұлтан хандық дәрежеге көтеріліп, өз төңірегіндегі жақсылар мен жайсаңдардың, сондай-ақ түрлі әлеуметтік топтардың қолдауына ие болды. Абылай ел билеген кезеңінде үлкен өзгерістер жасап, Қазақ ордасының іргесін одан әрі нығайтуды көздеді.
Ел бастаған Абылайдың алдынан қиямет-қайым міндеттер кесе-көлденеңдеп шықты. Бұлардың ең әуелгісі – көшпелі қазақтың рулық-тайпалық құрылымын сақтай отырып, бір орталыққа бағындыру. Одан соңғысы– Ресей және Цинь империяларының арасынан «аюдың апанын, айдаһардың аранын» мазаламас ынтымақты жол табу. Бұған қоса «жанға – жан, қанға – қан» деген жаулығынан жаңылмайтын Жоңғариядан біржолата құтылмақ ләзім. Ең ақырында қазақ сұлтандарының, билерінің, батырларының арасындағы алтыбақан алауыздықтың түп-тамырына балта шапқан жөн.
ХVІІІ ғасырдың ортасына дейін Кіндік Азиядағы халықаралық қатынастарда Жоңғарияның ықпалды күш болғандығы белгілі. Қоғамдық-саяси тұрғыда 1717-1718 және 1723-1725 жылдардағы Жоңғар шапқыншылығы қазақ мемлекеттігіне зардабы шексіз залал әкелді. Көптеген қазақ тайпалары жоңғар қыспағына шыдай алмай, бейберекет босқыншылыққа ұшырады. Соның салдарынан ХІХ ғасыр тарихшысы Алексей Левшин жазғандай, «Жұт пен жаппай өлім келді… арып-ашу мен қасірет жалпыхалықтық сипат алды, біреулер аштан өлсе, басқалары бала-шағасын тастап кетіп жатты».
Жоңғарлар Қазақ хандығының түстіктегі шаһарлы да шоғырлы қоныстарына баса-көктеп кірді. Бұл ілкі шаруашылықтың іргесін шайқалтты; мемлекеттік құрылымдардың тұрақтылығына қатер төндірді; қазақ қоғамының саяси элитасы сапындағы қайшылықтар мен қақтығыстардың өршуіне әкеп соқтырды. Сол себепті XVIII ғасырдың орта шеніне дейін Абылай бүкіл қажыр-қуатын Жоңғар басқыншылығына тойтарыс беруге жұмсады. Ресей тарапынан әскери көмек алу үміті ақталмады. Өз билігін нығайту және көрші елдермен тату қарым-қатынас орнату мақсатында Абылай бірқатар қадамдарға барды. Бір жағынан, іргелес халықтардың ықпалды династияларымен құда-құдандалықты қолға алды. Сонымен қатар қазақ сұлтандарының арасында әулетаралық некені қолдауға ден қойды. Қонтайшы Қалдан Сереннің өлімінен кейін Жоңғарияда мұрагерлердің таққа таласы басталды. Жат жұрт ішіндегі бұл кикілжіңге қазақ сұлтандары да бір бүйірден килігіп, отқа май құя түсті. Сол арқылы қарсыласты әлсірету ойластырылды. Сөйтіп, Севан Рабдан мен Қалдан Сереннің кезінде қазақтың жаулап алынған оңтүстік және оңтүстік-шығыс өлкелерін азат ету майданына жол ашылды.
Абылай таққа таласушы тараптарды кезегімен қолдай отырып, жоңғарлардан айтарлықтай жерді қайтарып алды.
ХVІІІ ғасырдың алғашқы ширегіндегі қатыгез уақыт Абылайдың мінезін шар болаттай шыңдады. Оны қайсар да қайратты саясаткер етіп шығарды. Жоңғар мемлекеті жермен-жексен жойылар алдында қазақ пен қытай арасындағы жер дауы біршама ушықты. 1755 жылдың жазында Қытай тарапы Абылайға шекара мәселесіне қатысты елші жіберді. Алайда Абылай Қытайдың Жоңғарияға байланысты құйтырқы пиғылын құптамады. Жоңғарлардың Цинь империясына қарсы көтерілісіне ұйытқы болған Әмірсанаға белсенді түрде көмек көрсете бастады. Қазақтар жаугершілік уақытында Жоңғария қолында қалып қойған жерлерін қайтарып алуға мүдделі болды.
Абылай көшбасшылық кемеңгерлігімен ғана емес, қолбасшылық қабілетімен де үзеңгілестерінен оқ бойы озық еді. Бөгенбай мен Қабанбай бастаған атақты батырлар керек кезінде оның ақылына жүгініп, беделіне арқа сүйеді. Абылай Ресей мен Қытайдың бейтараптығын оңтайлы пайдаланып, Ташкент пен Ходжент жорығына аттанды. Сөйтіп, Жизаққа дейінгі қазақтың жеті қаласын азат етті. Хандықтың шекарасын шығыста Алтайға жеткенше, солтүстікте Тобылдан әрі, ал оңтүстікте Ташкентке дейін кеңейтті. Жеңісті де жемісті әскери жорықтары оның даңқын жайып, атын аңызға айналдырды.
Абылайдың салиқалы да сауатты саясатының нәтижесінде ішкі саяси ахуал тұрақтанып, Шыңғыс әулеті мен ақсүйектердің өзара тартысы тыйылды, қазақтың барша этникалық территориясы азат етілді.
Абылай ел ісімен енді шұғылдана бастаған шақта Қазақ хандығы сиырдың бүйрегіндей бөлшектенген бытыраңқы халге жуық тұрған болатын. Тек XVIII ғасырдың 60-жылдарына қарай билеушінің төңірегіне саяси элита біршама тығыз топтасты. Аумағы азат, көлемі кең мәртебелі мемлекет шын қуатына мінді. Қалмақтан тазартылған Тарбағатай, Жетісу өлкелерін өркендетуге басым көңіл бөлінді. Ұлттың тұрмыс-тіршілігінде қордаланған мәселелер де Абылайдың басты назарында болды. Ол бірде күшпен, келесі бірде келісіммен қазақ қоныстарында тәртіп пен тыныштық орната білді. Уақыт өте келе ақсақалдар билігін әлсіретіп, басқарудың дәстүрлі институттарын қайта жандандыруға күш салды. Сот жүйесін нығайтты. Өзінің құзыретін хан болып сайланған кезде белгіленген шектерден асыра кеңейтті. Ол хан билігін түрлі кеңеспен шектеген сепаратистік көңіл күйдегі қуатты рубасылар (билер) мен сұлтандардың бассыздығын тыйды. Шариғат жолымен төрелік айтатын билер сотының құқын шектеп, өлім жазасын тек ханның өзі шығаратын қылды.
Абылай хандардың бұрын алынып тасталған айрықша құқықтарын қайта қалпына келтірді. Орта жүз бен Ұлы жүзге тиесілі жерлер Абылайдың балаларына бөліп берілді. Шоқан Уәлихановтың көрсетуінше, «Абылайдан басқа бірде-бір қазақ ханы мұндай шексіз билікке қол жеткізген емес». Осының арқасында Абылай хан шаруашылық пен сауда ісінің дамуына септігін тигізген белсенді экономикалық саясатты жүзеге асыра бастады. Ол халыққа салынатын салықтардың жаңа түрлері мен өлшемдерін енгізді. Алғашқылардың бірі болып көшпелілердің отырықшы өмір салтына бейімделуінің, тұрақты баспана құрылысының, шабындық пен егіншіліктің қажеттілігін терең түсінді. Абылай Қазақ хандығының солтүстік аудандарында егіншілікті дамытудың бастамашысы болып, көрші Ресейден осы кәсіптің білгірлерін арнайы алдыртқан.
Шоқан Уәлихановтың: «Қазақтардың аңыз-әңгімелерінде Абылай айрықша қасиеті бар киелі, керемет құдірет иесі болып саналады. Абылай дәуірі – қазақтардың ерлігі мен серілігінің ғасыры. Оның жорықтары және батырларының көзсіз ерлігі мен қаһармандығы жыр-дастандардың арқауына айналған», деп жазғаны белгілі. Ханның ішкі және сыртқы билігінің бар мазмұны халықтың тұтастығына бағытталған еді. Сөйтіп, ол жасампаз әрі стратег, дана билеуші және саяси көшбасшы ретінде танылды. Оның шебер саяси амалдары күштеп отарлауға, мемлекеттің бүтіндігін бұзуға қарсы тұрды. Ел ханына сенді, хан елдің үмітін ақтай алды. Қазақ халқының жадында ол осындай сипаттарымен сақталып қалды.
«ХVІІІ ғасырдан бастап, – деп жазады Елбасы «Тарих толқынында» атты еңбегінде, – Орталық Азияның түркі тектес халықтары ұдайы жалғасып, тереңдей түскен экономикалық, қоғамдық-саяси және мәдени дағдарыстар кезеңіне душар болған әрі өз аумақтарын отаршылдық саясат есебінен кеңейте түсуді көздеген мемлекеттердің оңай олжасына айналған». Осы кезеңде Қазақ хандығы солтүстікте Ресей патшалығының, шығыста Қытай империя­сының, оңтүстікте Қоқан, Бұқара, Хиуа билеушілерінің, ал батыста қалмақтардың қыспағын көрді. Ел басына күн туған сын сағатта тарих сахнасына шыққан Абылай елдік жауапкершілікті өзі де алды, би-батырларға да лайықты жүктей білді. Сол замандағы халық ерік-жігерінің тастүйін бірлігі Абылай ханның жеке тұлғасынан, ұстаным-қасиетінен көрінді. Батырларымен тізе қосып, қаһармандықтың ерен үлгісін көрсетіп, халықтың ұйытқысы болған Абылай ханның ерліктері тар заманда ел рухын қайта түлетудің алтын арқауын құрады. Бұдан басқа елдік қыруар жұмысты хан әміріне сай жүйелей білген ұлттың рухани көсемдері – Төле, Қазыбек, Әйтеке билер сыртқы және ішкі алауыздықтарға төтеп беріп, Абылай ханмен бірлесіп, ұлтты ұйыстырып, бір мұратқа топтастыру жолында қызмет етті.
ХVІІІ ғасырдың 40-жылдарының орта шенінен бері қарай Орталық және Орта Азиядағы саяси жағдай Қазақ хандығының пайдасына шешіле бастады. Қазақтың этникалық құрамында оң өзгерістер байқалды. Халық саны қалмақ, қырғыз, қарақалпақ, ноғай және басқа да Орталық Азия халықтарының табиғи қосылуы мен ұйысуы есебінен де молая түсті. Елдің берекесі кіріп, ұлт саны 3 миллионға жетті.
Абылай хан секілді елдікті ойлаған тұлғалардың арқасында қазақ мемлекетінің негізі нығайып, елдік тұтастық пен бірлік ұрпаққа мұра етілді.
Сарабдал ханы бар Қазақ елі қалыптасу мен нығаюдың қиын сыны мен жолынан өтіп, далалық мемлекеттің ерекше моделін өмірге әкелді. Далалық мемлекетті құрудың өзгешелігі шартты сипаттағы «жер», «халық», «билік» секілді ұғымдардың бірлігіне байланысты еді. Бұл халық сөзіне айналғанда «туған жер», «қазақ жұрты», «хан билігі» ұғымын қамтыды. Ал жыраулардың алдаспан толғауына айналғанда «Кір жуып, кіндік кескен жер үшін; қара қазан, сары бала қамы үшін» күрестің негізі болып шықты. Дала мемлекетінің айрықша ерекшелігі ретінде территориялық фактордың басым ықпалын атап өтуге болады.
Абылай хан – аса ірі қайраткер, ұранға айналған тұлға мағынасында жан-жақтағы көршіміздің назарына іліккен есімдердің алғашқысы еді. Дос та, дұшпан да оған қызыға, кейде сұқтана қарады. Себебі оның тұлғасы уақыт алға жылжыған сайын асқарлана, биіктей түсті.
Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев «Egemen Qazaqstan» газетінің 2013 жылы 2 қазанда жарық көрген «Абылай аңсаған азаттық» атты мақаласында: «Алмағайып сұрапыл заманда есеңгіреген елге ес кіргізіп, бір тудың астына біріктіре білген Абылай ерлігі мен ақыл-парасатын қатар жұмсаған сарабдал саясаткерлігінің арқасында қазақ халқын жойылып кетуден сақтап қалды. Осылайша туған халқының кемел болашағын аңсаған ол өз дәуірі артқан ұлы жүкті қайыспай көтеріп, ел алдындағы перзенттік парызын атқарып кетті», – деп жазады.
Ендеше, бүгін біз тәуелсіз ел, байрақты жұрт ретінде барша қазақтың ұранына айналған арыстандай айбатты Абылай бабамызға құрмет көрсетіп, аруағы алдында бас иеміз.

Рауан САҒЫНДЫҚОВ,
Сәкен Сейфуллин атындағы орта мектебі директорының оқу ісі жөніндегі орынбасары,
Жаңатас қаласы,
Сарысу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.