Қазақстан халқы ассамблеясы

Абзал ананың ақ тілегі

Қордайлық Любовь Асхатқызы Жаманкөзова 2008 жылы 23 қазанда Астанадағы Бейбітшілік сарайында өткен Қазақстан халқы Ассамблеясының VII сессиясының делегаты болған-ды. Ең алдыңғы қатарда отырыпты. Сессия біткен соң Елбасы төменге түсіп, алдыңғы қатардағылармен жағалай қол алысып амандасып келе жатқанда, алдын кес-кестеп қос қолынан бірдей ұстап тұрып, алғыс сезімін ақтарып салған ғой:

– Біз, балкарлар, тағдырдан теперіш көріп, қазақ жеріне күштеп қоныс аударылған халық едік. Соғыстың сұрапыл дауылы бізді жан-жаққа ту-талақай шашыратып жіберді. Бірақ, қазақ халқының кең құшақ, бауырмалдығына бөленіп, өшкеніміз жанды. Ал, бүгін егемен Қазақстанның өзіңіз жүргізіп отырған сарабдал саясатының арқасында бақытқа кенеліп отырмыз. Сол үшін рахмет сізге. Мен мұнда Қордай халқының ыстық сәлемін де ала келдім, — деп жөпелдемелетіп айтып үлгеріпті. Президент сонда әжейге жайдары кейіпте шын ықыласын білдірген екен. Осы сәттің фотосуреті ертеңінде бірқатар республикалық басылымдарда жарық көрген еді.

Бүгінде сексен бесті еңсерген әжейдің тағдыры – жан ауыртар қасіретті хикая. Сұрапыл соғыс балалық шағын ойран етіп, ата-анасынан, туыстарынан, тіпті туған жерінен айырып, он үш жасында тетелес бауыры екеуі депортацияланғандар эшелонымен Қазақстаннан бір-ақ шыққан.

– Қарағым, өткен соғыс біздің ұлтымызға өте ауыр тиді, — деп терең күрсініп алды да әжей едәуір уақыт үнсіз қалды. Оның көз алдынан қанқұйлы соғыстың қатігез оқиғалары өтіп жатқаны анық. Жүректе қатқан жара көп. Арадағы жетпіс жылдан аса уақыт та ұмыттыра алмас көріністер, өмірдің ащы сабақтары. Ол кезде Кабардин-Балкарлардың орталығы Нальчикке таяу Гунделен деген селода тұратын. Әкесі Асхат аудандық НКВД-ның бастығы еді. Соғыстың алғашқы күні майданға алынып, содан қайта көрмеді. Бұларға бас-көз болып жүрген немере ағасы Исмаил болса, Солтүстік Кавказды немістер басып алғанда партизандар отрядына барып қосылады. Бірақ, олар жау қолына түсіп қалады да фашистер өз көрлерін өздеріне қаздырып, бәрін ордың шетіне тұрғызып қырып салады. Ел ішінен шыққан сатқындардың кесірінен талай асыл азаматтар атылып кетеді. Көп ұзамай кеңес әскерлері өңірді жаудан тазартады.

1944 жылы 6 наурызда бүкіл халық шұғыл түрде шығысқа қоныс аударылады. Қаршадай Люба сол кезде бір жұмыстармен үйден шығып кеткен анасы мен сіңлісінен көз жазып қалады. Он бес жасар ағасы Хаджы екеуін жұртпен бірге поезға тиеп, бұрын естіп-білмеген алыс-алыс қиырларға ала жөнеледі. Алпыс вагондық эшелон толы кавказдықтар қазақ жерінің шетіне ілінгеннен жол-жөнекей станцияларға түсіріліп, соңы сонау Талдықорғанға дейін өтеді. Люба мен бауыры Алматыда интернатқа қабылданып, жастай белдері қайысып қала іргесіндегі көкөніс совхозында жұмысқа жегіледі. Күндік ауқат үшін нанға карточка берілетін ауыртпалық соғыстан кейін де біраз уақытқа жалғасты. Арада үш жыл өткенде бұрынғы Красногор ауданының Шарбақты жағында орныққан жамағайындары табылып, соларды сағалап келіп, осында табан тіреп қалған екен. Бұл кезде есейіп, қара жұмыста ысылып қалған ағасы Хаджы Бичекуев колхозда тракторшы, есепші болып еңбекке араласады. Люба да бірде қырманда, бірде егінжайда қолдан келген шаруаны жапырып істер жасқа жетіп еді. Ауылдастарын тапқанымен, анасын көру бақыты бұйырмады оларға. Бәлкім көрер ме еді, егер анасы мен сіңлісі де іле-шала өздерінен кейінгі эшелонмен Фрунзеге келіп түсіп, одан Ош жағына қоныс аударылғанын сол кезде естігенде. Тек арада он үш жыл өткеннен кейін ғана біледі мұны. 1957 жылы сіңлісі Мәриямды іздеп табады. Орны толмас өкініші сол – анасы Зейнеп дүниеден өтіп кеткен екен. Бұлардың бар-жоғын біле алмастан, запыран жұтқан күйде 1946 жылы-ақ қападан көз жұмыпты қайран ана. Ал, сіңлісі тұрмыс құрып, балалы-шағалы болыпты.

Шүкір, құдай мұны да үбірлі-шүбірлі етті. Соғыстан жараланып қайтқан шарбақтылық Тілепалдымен құрған отауы құтты болды. Екеуінің тоғыз ұл-қыздарынан қазір отыздан аса немере, шөбере сүйіп отыр. Жас кезінде жұбайы екеуі бойынан қуат, қолынан күш кеткенше ащы терін тамшылатып жүріп еңбек етті. Өздерінің жастық шағы соғыс зобалаңына тұспа-тұс келіп, ұйқы-тұйқысы шыққан олар балаларының бақытын аңсады. Өздері қиналса да перзенттерін қатардан кем қылмау үшін барын салды. Қазір енді соның зейнетін көріп отыр. Тоғыз баласы да бір-бір мамандықтың иесі.
– Мен туған жерімде жоғалтып алған бақытымды қазақ жерінде қайта тапқан адаммын, қарағым, – деп біраз тұнжырап отырды да қайтадан серпілді әжей.

– Балаларым бақытым болса, олардың туған жері менің де туған жеріме айналмай ма? Қазір Қазақстанға дүние жүзі қызыға қарайды. Қаншама ұлт өкілдерінің басы бір шаңырақтың астында қосылған. Бәрі ынтымақта тату-тәтті өмір сүруде. Мұның бәрі тәуелсіздіктің арқасы. Ең бастысы – еліміздегі дұрыс саясаттың жемісі, мемлекет басқарып отырған Нұрсұлтан Назарбаевтың арқасы. Сондықтан, халқымыздың бақыты үшін Елбасымыз аман болып, абыройы биіктей берсін! Сұрқия саясаттың салдарынан ата қонысымыздан үдере көтеріліп, жат жерге арып-ашып жеткен сол бір қиын-қыстау күндерде жабырқаған жанымызға пана болған мейірбан қазағымның арқасында қайтадан ел болдық, сол үшін мың алғыс!

Құрманбек Әлімжан,
журналист,
Қордай ауданы

ПІКІР