Саясат

«Абзал жандар – алдыңғы шепте»

Written by Aray2005

Гүлдара Нұрымова, облыстық мәслихаттың депутаты:

– Мемлекет басшысы елдегі төтенше жағдай режимі 11 мамырға дейін жалғасатындығын хабарлады. Қазақтың «Жақсыдан үйрен, жаманнан жирен» деген мақалын басшылыққа алар болсақ, Италия, Испания сияқты тәртіпке бағынбаған елдерді қарайық, салыстырайық… Аталған елдер вирустың қауіп күшін ескермеді, мемлекет тарапынан жасалған алдын алу іс-шараларына салғырттықпен қарады. Соңы мыңдаған адамның ажалына алып келді. Қытай ше? Қытай қиын сәтте жұдырықтай жұмыла білді. Сөйтіп оң нәтижеге қол жеткізді.
Әрине, пандемия бізді тығырыққа тіреуде. Жекелеген адамдармен қатар, ұйымдар, ірі кәсіпорындар мен бизнес өкілдерін, мемлекеттермен қоса барша әлемнің ауқымды жоспарларының өзгеруіне мәжбүрлеуде. Коронавирус әлемге жаңа ережелер енгізуде.
Қасым-Жомарт Кемелұлы осындай сын сағатта халықтың амандығы мен ұлттың қауіпсіздігі үшін ел ішінде карантин жариялап, індеттің геометриялық прогрессиямен өсуіне дер кезінде тосқауыл қоя білді. Ақхалатты абзал жандар әлі күнге алдыңғы шепте күресті жалғастыруда.
Бұл кеселден қалай құтыламыз?! Әлемді қарусыз бағындырған бұл вирустан қалай арыламыз?! Әзірге құтылудың жолы тек оқшаулану. Топтаспау, енгізілген шектеулерді адекватты түрде қабылдау.
Әлеуметтік желіде азаматтардың карантин ережелерін бұзуына қатысты түрлі бейнероликтер кездеседі. Бұл азаматтар саналы түрде қоғамдық қауіпсіздікке үлкен қауіп төндіруде. Қазақстанда вирустың шарықтау шегіне жетпегендігін ескерсек, босаңсуға болмайды.
Мемлекет азаматтарды, әсіресе, әлеуметтік осал топтарды назардан тыс қалдырмайды. Жұмыс орнын жоғалтқан азаматтарға ең төменгі айлық көлемінде қаржылай қолдау тағайындалды. «Bіrgemіz» атты акция аясында азық-түлік және материалдық көмек көрсетіліп келеді. Кәсіпкерлер үшін мемлекет қолдауын ерекше атауға болады. Салықтардың шегерілуі, несиелердің кейінге қалдырылуы Қ.Тоқаев саясатының халықтың мүддесін бірінші орынға қоюының айқын дәлелі. Қазақ халқының тарихында талай індеттер мен қырғындар артта қалды. Халқымыз қиын сәтте жұдырықтай жұмылып, айрандай ұйи білген. Есті сөзге тоқтай білген. Сөз қадірін ұға білген. Ендеше сол ата-баба салтымен, болашаққа деген жарқын үмітпен бір ту астында бірігіп, Мемлекет басшысының шешімін бір ауыздан қолдауға шақырамын. Жеңісті де жемісті күндер әлі алда. Біз біргеміз!

ПІКІР