"Талаптың мініп тұлпарын..." "Шабыт"

Адал дос

Written by Aray2005

«Сәуір болмай, тәуір болмайды» деуші еді қазақ. Биылғы көктем өз дағдысынан жаңылғандай аспан қайта-қайта түнеріп, нөсері де жуық арада тоқтамай, қабағын бір ашпады. Ұлы Абай айтқан сұр бұлт күзде емес, түсін көктемде суытып, төңіректі қаптап алған.
Түнімен кірпік ілмеген Кәусар таңды ұйқысыз қарсы алды. Өзінің бойына сіңген әдеті бойынша алдымен терезені ашып, айналаға көз тастады. Тысырлап тама бастаған тамшыларды байқады. Тағы да жаңбыр. Таңғы таза ауамен тыныстап, ой түбіне жете алмай әлденені сағынғандай, әлденені күткендей ұзақ, телміре қарайды.
Киініп сыртқа шықты. Жаңбыр сытырын үдете бастаған. Қолшатырын ашты. Аяғы жүріп келеді. Даланың таңертеңгі салқындығы болмаса, айнала жап-жасыл кейіпке ене бастаған. Жаңғырып жатқан бар тіршілік оған қуаныш сыйлай алмаған. Ішкі жан дүниесі қазіргі ауа райы сияқты. Әдебиетте бұл тәсіл қалай аталатын еді? Иә, иә психологиялық параллелизм, яғни қатар алып суреттеу…
Мектепке бара жатқан бағытын өзгерткенін Кәусар «ескі үйге» келіп жеткенде бір-ақ аңғарды. Неге екені белгісіз, осы жаққа қарай аяғы тартады да тұрады. Әлдебіреу оны жетектеп келген сияқты, жан-жағына қарап аң – таң. «Ескі үйге» алғаш рет келіп тұрғандай таңырқай қарайды. Бұл жер Кәусар екеуміздің ойнайтын алаңқайымыз. Не есік-терезесі жоқ, қабырғалары жарылған. Үй деуге келмейтін ескі үйшік қана. Бір қызығы мұнда өзге балалар келіп ойнамайды. Асыр салып жүгіріп не тығылыспақ, не қуаласпақ ойнаған емес.
– Келіңдер! Бірге ойнайықшы, – десек ,
– Елес көрінеді, бармаймыз, – деп бәрі бірдей үрпейісе қалады.
Тіріден қорық демеуші ме еді, қазақ? Ал бұлардың әруақтардан, елестерден қорыққаны қалай? Бірақ бұл үй туралы шынымен де бір аңыз бар еді. Менің әкем айтқан.
Қарт Қаратаудың бөктерінде. Оңтүстік-батыстан солтүстікке қарай Үлкен Бөген, оңтүстік-шығыстан солтүстікке қарай Бала Бөген өзендері қоршай ағатын Ақбастау ауылында– Домалақ ана кесенесі бар. Кішкентай кезімізден киелі жерге сиына өстік. Жолға шығарда бұл ауыл тұрғындарының бәріне ортақ бір әдет бар. Жол бойында орналасқан кесенеге «Е, Алла, өзің жар бола гөр. Қасиетті Домалақ анамыздың әруағы қолдасын. Жатқан жері жарық болсын, жарықтық. Әумин» деседі. Біз бұл сөздердің астарына үңіле бермейміз ғой. Жай бетімізді сипап «әумин» деп қысқа қайырамыз. Осы ауылда сиыршы Шонбай деген шалдың жалғыз ұлы болған екен. Күндіз-түні сиырдың соңында жүріп, кеш бата ауылдың барлық сиырларын түгелдеп әкелуші еді. Сол сиыршы бала бір күні Домалақ ана кесенесіндегі бұлақ басына тасталған тиындарды ұрлайды. Бұл бір рет қана жасалған әрекет емес еді. Үнемі жалғасын тапқан құйтырқы іспен айналыса береді екен. Содан ол есінен алжасып қалған көрінеді. Аузынан суы ағып, өзінен-өзі айдалада жалғыз жүре беруші еді.
– Ей, неге жалғыз жүрсің, көкемнің баласы? – дегендерге:
– Немене, көрмей тұрсың ба? Сиыр бағып жүрмін,– дейді екен. Құр өзі шу-шулеп таңның атысы, кештің батысы жүре береді. Киесі ұрған ғой жарықтық әулиенің! Кейін сиыршының баласы осы үйде арам өлген деген сыбыс та бар, иманын ешкім үйірмепті. Ешкім де шын көңілмен жоқтау айтпапты. Жай ғана көме салған екен.
Біз ойнайтын ескі үйдің тарихы осы. Бірақ барлық адамға көрініп, үрейін ұшыратын бұл елес бізге байқалмайтын. Мұнысы несі? Қандай елес? – деп біз оларға сөзімізді дәлелдегіміз келді. Алайда олардың ата-аналары осы үйге жақындай қалса бітті шыр-пыр болып балаларына ұрысып, қайтарып алып кетеді. Оларға бізбен бірге ойнауғада тыйым салған. Ал біз үшін бұл үй екінші үйіміз сияқты еді. Сабақтан келген соң тамақтанып алып, дереу осында келеміз. Кейде өзіміз жейтін азығымызды алып келіп, «ескі үйде» тамақтанатынбыз.
Кәусар сабаққа келмеді. Демек, ескі үйде ғой деп, уақыт санадым. Әншейінде біте қалатын сабақ та бітпей қойды-ау. Қырсыққанда үйіне қайтуға асығып тұратын апайымыз да бүгін жайбарақат, мүлде асығар емес. Бірдемелерді сөйлеп, түсіндіріп отыр. Ойым онға, санам санға бөлініп, меңіреу күйде Кәусарымды ойлап мен отырмын.
Кәусар үйінің тұңғышы болған соң ата-апасы өз бауырларына басқан. Әкесі мен анасы қалада тұрады. Гүлді бір орнынан екінші орнына ауыстырып отырғызу қиын. Қыздар да гүл сияқты. Кейде табиғи даму үшін әлдеқайда көңілді күй, бай құнарлы негіз керек. Ал әжей Кәусарға бар жақсысын беретін. Ол ауыл тіршілігіне тез-ақ үйренісіп кетті.
Кәусар десе дегендей-ақ нағыз кәусар еді. Ол өзі жаны керемет балаша таза болатын. Күлгені, ашуланғаны, ренжігені, бәрі өзіне жарасатын. «Тал бойында бір мін жоқ» теңеуі дәл Кәусарға арнап айтылғандай. Екеуміз егіз қозыдай қатар өстік. Бір-бірімізді айтпай-ақ түсінісетін едік. Мен оны Кәусарым, ол мені Жауһарым деп атайтын.
Жаз мезгілінде аналарымыз терезені қараңғылап:
– Ал күн батқанша ұйықтаңдар, бастарыңнан күн өтеді, – дейтін. Бірақ:
– Күнмен бірге жарысып жата беруге болмайды. Батар күнмен жарысып жатпаңдар, таласып ұйықтамаңдар…! Мұндай уақытта төсек тартып жатқан аурудың өзін шамасы келсе отырғызып қояды… – деуші еді.
– Осы кезде жындар жүреді екен жер бетінде. Ұйықтап жатсаң иманың әлсірейді екен де, жын бойыңа кіріп алады екен… – дейтін. Ес білгелі ести-ести құлаққа әбден сіңісті болып қалған ғой, бейкүнә бал балалықтан қалған әдет дейін бе, әлде тәрбие ме, әйтеуір нәпсіге ергізбейді.
Алғашқы ескертпені анам миымызға құйған-ақ аямай. Ал екіншісін үлкендер осы секілді қорқынышты ескертпелер болмаса оңайлықпен тыңдай қоймайты­нымызды білген соң, біз секілді «құлақсыздарды» айтқандарына көндіру үшін қолданған айлалары ма еді, ол жағын анық білмейді екем. Әйтеуір аз ұйықтаймыз. Біз баламыз ғой, шілденің ми қайнатар ыстығы, ауа райы, «ал не істер екенсің?» дегендей тағы жел де тұрып тұратын. Үйдегілер бұл уақытта теледидар қарайды. Үй іші тынышталып, мені бір сәт ойларынан шығарғанда есікті білдірмей көтеріп ашатынмын. Көтеріп ашсаң, шиқылдаған дауыс естілмейтін. Маған керегі де сол емес пе? Бітті. Әйтеуір бір асуды бағындырдым. Келесі кезек терезе астынан бойымды бәсеңдете өту. Ағаларымнан көргенім ғой. Терезеге бойым да жетпейді. Бірақ соншама еңкейіп өтетін едім. Өтіп болайын, қолыммен үстімнің шаң-топырағын қағамын. Қап, әттеген-ай! Не деген ақымақпын. Құрттым. Үстімді де былғадым. Бірақ оған қарайтын Жауһар қайда? Ең оңайы әрі ең күштісі шарбақтан өту. Бірінші мен, менің артымнан Құтжол өтеді. Сосын шарбақтың тесігін ағаштармен қайта жақсылап жауып қоямын. Алақай! Таудай белесті бағындырғандаймын. Енді құйындата жүгіру. Үйдегілер көріп қоймасын деген ниетпен. Ал қане, Құтжолым, кеттік. Сол қарқынмен Кәусардың үйіне де жеттік.
Кәу-сар! Буынға бөліп, қатты айқайлағансимын. Бірақ құрып қалғыр мына жел даусымды ұшырып әкетіп жатыр. Енді екі қолымды аузыма қарай жақындатып, даусымды жасырғандай боламын.
Жоқ. Тірі жан жоқ. Бұлар да ұйықтап қалған ба? Көңіл күйім түсіп кететін. Е-е-е, келді ойыма. Ит. Егер есік алдындағы Мойнаққа тас атсам, ол үреді. Сосын ол шығады. Енді үлкенді-кішілі тастар жазықсыз Мойнаққа қарай қанат қаға ұшатын. Үлкен есіктің ашылған дыбысын анадайдан ести аласың. Үсті-басы шаң, басы қоңыр қақпадан көрінбейтін, аяғын ғана байқауға болатын біреу тұрады. Қақпа биік. Шығып келе жатқанның кім екеніне құштар Жауһар қақпа астынан еңкейе қарайды да, анық Кәусар екенін көріп мәз болады. Сосын екеуміз ескі үйге барып ойнаушы едік…
«Тух, шіркін, мына сабақ қашан бітеді» деп өз-өзімнен тыпыршып отырғанымды байқағаным апай маған қарап тұр екен, «Сұрағыма жауап бер» деп, маған сөйлегендей ме, қалай?
– Ау?
– Қазір қай сабақ болып жатыр?
Үстіме біреу мұздай су құйып жібергендей сіресіп қалдым. Жаңа сабақ түсіндіріп жатқанда ағылшын сөзін естіп едім, оған дәлел тақтадағы сөздер де ағылшынша тұр. Ойланбастан:
– Апай, ағылшын тілі ғой, – дедім. Сыныптастар ду күлді. Сөйтсем биология екен ғой. Қара басып ұмытып кеткенімді қарашы. Әсем апай терминдерді үйрету үшін аптасына бір рет келіп тұрушы еді. Ұялғаннан не дерімді білмей тобық жұтып қойғандай, мылқау адамша мелшидім де қалдым…
– Жауһар, не ойлап отырсың? – деді апай баяу үнмен.
Ескі үйдегі ойынды деп қайтіп айтамын.
– Жай апай, кешіріңіз! Ойланып кетіппін,– дегенім сол еді, қоңырау үні естілді. Сыңғырлаған дауысыңнан айналайын. Сол кезде мен үшін Моцарттың туындысынан да керемет музыка дыбысы естілді. Мен оны шексіз сүйдім…
Далада әлі жаңбыр. Аспан тесіліп қалған ба? Құрғыр жаңбыр да тоқтамай қойғаны несі? – дедім… Жалғыз келемін… Неге екенін білмеймін, бағанағыдай Кәусардың қасына баруға қатты асықпадым…
Жауап бере алар ма едіңіз? Жүрек неге аяқ асты дүрсілдеп соғады? Ұғындырып көріңізші? Қайдағы бір қайғылы әуен жер бетін ғұмыр бойы кезіп жүреді. Ал үлбіреген раушан гүлінің жаңбыр суы мен күн сәулесінен кейін нұр шашып құлпырып шыға келетінінде не сиқыр бар? Жаңбыр Алланың тіршілік иелеріне берген нұры шығар. Оның әр тамшысы сиқырға толы болар… Онда неге адамдар жаңбыр жауса иегін тыржитады. Кейде егініміз бітік шығатын болды, биыл шаруа жылы деп езулері құлақтарына жеткенше мәз болады. Осы өмірде зерттеп бітпейтін жалғыз-ақ дүние болса, ол – адам…
Ескі үйге де жақындадым. Әлдебір жылаған дауыс естігендей болдым. Ішке асығып-аптығып кіріп келдім. Жүдеу тартқан сұрықсыз там. Беті жаспен жуылып отырған бейкүнә Кәусар!
– Не болды? Айта қойшы? Жыламашы, – деп әлекпін. Ол ентігін баса алар емес. Мен жыламашы деген сайын көз жасы үдей түсуде. Өзімді сабырға шақырып, үндемей отырдым. Ал ол басылар емес.
Бар ойым ол шындықты біліп қоймады ма екен деп қорықтым. Менің әкем айтқан: «Сендер ойнайтын ескі үйде бұрындары Кәусардың ата-анасы және ағасы тұрған». Ағасы деп отырғаны Ержан еді. Олар осы ауылда сиыр бағып күнелтіп жүргенде, ағасы өмірден озды. Өмірде бауыр еті баласынан айырылғаннан өткен қорлық жоқ қой. Оларға қатты батты. Ауылдың әңгімесі де жаман ғой. Шіркіндер, ешқандай шаруалары жоқтай үнемі осы оқиғаны айтып тұрушы еді. Осыдан кейін Кәусардың анасы он жылдан асса да құрсақ көтермей жүрді. Бұны ауыл әйелдері «қарғыс атқан» деп жорыды. Олар киелі жерде үлкен ас берді. Сосын ауыл әңгімесінен шаршады ма, әлде ескі естеліктерден арылғысы келді ме, әйтеуір олар қалаға көшіп кетті. Қалада жүргенде Кәусар дүниеге келді. Атасы мен әжесі Домалақ ана бұлағындай таза, кәусар болсын деп есімін Кәусар қойды. Сосын Кәусарды ата-әжесі бауырына басты. Сұрағандарға үйде жалғыз қызбын деп айтқызып үйретті. Ол өзінің ағасының бар екенінен, оның қалай өмірден озғанынан бейхабар еді.
Біз Кәусардың ескі үйінде ойнаушы едік. Бар балаға көрінетін елестің бізге көрінбейтіні, ағасы қарындасынан ұялды ма екен? Әлде басқа балалар секілді бұның да өзінен қорыққанын қаламады ма, бізге көрінбейтін. Бәлкім, сыртымыздан қарап тұратын шығар…
Ауылда Сәрсенбайдың баласы бәрін білгіш. Кімнің не істегенін, жеті атасының қандай болғанын бәрін жіпке тізіп айтып бере алады. Бір нәрсені бүлдірмесе жүре алмайтын мінезіне қанықпын ғой. Мінезі жұмсақ қызды сол емес пе екен, ренжітіп қойған… Шіркін, ол ештеңе білмей-ақ қойса екен… Мен мынадай күйдемін, ал оның қандай күйде тұрғанын айтпай-ақ түсіне бер. Қиналып тұр ғой жаным-ау.
– Өліп қалды! – деді әлдене уақыт өткен соң!
Шындықты білмегеніне іштей тәубе етсем де «өліп қалды» дегенде, «Кім?» деуге жүрегім дауаламай, мен де айқайлап жылауға бастым. Бар ойым пайғамбар жасынан асқан асыл әжеде еді. Ауырып қалды. Облыстық емханаға кетті деген әнеукүнгі әңгімесінде. Апаға бірнәрсе болғаны сөзсіз деп ойладым іштей. Сол сәт өзімді-өзім жазғырғандай болдым. Апаны қалайша өлімге қиып тұрмын… Ойым онға, санам санға бөлініп, меңіреу күйде әңірейіп ұзақ тұрып қалдым.
– Кім? Кім өлді
– Арай! Өліп қалды…
– Ух, апаға ешнәрсе болған жоқ… Құдайға шүкір, қуаныштымын! Ал Арай дегені кім? Атын ғана айтып қысқа қайырғанына қарағанда мен жақсы білетін адам болды ғой. Иә, иә, есіме түсті. Бізбен әрдайым бірге жүретін Арай. Жоқ, мен онымен жаңа ғана сөйлестім. Қатты жылағанына қарағанда жақын туысы болған ғой шамасы.
Ойсыз адам – шарасыз адам деуге болмас. Жаратылыс жабайы хайуанатқа да қауіп төнгенде қашып кету түйсігін дарытқан. Жұдырықтай ақ тиінді улы шөптен шошытып қойған да сол жаратылыс. «Жаратқан ие өзі жар болу» хайуанға ғана тиесілі ме екен? Адамдар қиындыққа ұшырамас бұрын өздері сезетіндей, білетіндей сезім мүшесі неге болмады екен? Миымда осы сұрақ тұр. Ал жүрегім баяғыда жылап тұрған.
Дала қараңғы бола бастады. Толықсыған ай әйнегі жоқ терезеден анық көрінеді. Айдың бетіндегі қара дақтары болса да, ол мен үшін өте сұлу болып көрінді. Қызық, не жылуы, не жарытып жарық бермейтін жұл­дызды адамзат не себептен жақсы көреді? Әлде өте тұңғиықта, қол жетпес биікте болғандықтан ба? Жақын нәр­сенің қадірі болмай, жек көретініміз сондықтан шығар. Адам өзінің қолы жетпейтін, армандай алыс дүниеге әуес келмей ме? Жанымыздағы жанашырларымызды баға­ламай, өзгеден жылулық іздеп тұратынымыз несі?
Екеуміз де жылағанымызды қойдық. Сөмкесінен Оралхан Бөкейдің 3-томын алып, маған ұсынды.
– Оқып көріп пе едің?
– Жоқ! Қайғыдан қан жұтып отырса да кітап туралы сұрағаны несі бұның?
– «Қасқыр ұлыған түнде» шығармасын оқышы. Өте әсерлі жазылған. Мазмұнын қысқаша баяндап беріп «Арай өліп қалды» деп тағы да жылай бастағаны сол еді, мен айқайлап күлдім. Өз-өзімді тоқтата алмай біраз күлдім. Күні бойына бірге жылағанымыз, жоқтау айтқанымыз кітап кейіпкеріне ме? Соншалықты уайымдағаным Арай болып шыққаны ма? Ой, ішегім-ай. Қатты күлдім. Күліп тұрып жыладым. Өзімнің дәл осындай досымның болғанына қуандым!
Далада тағы да жаңбыр. Әлі басылмаған. Жүгіре шығып, айқайға бастым.
– Құй, жауын! Жау, жаңбыр! Төпе, нөсер! Жауа түс! Күн күркірей түс! Ей, найзағай, неге тоқтап қалдың? Жарқылдасайшы! Қап-қара аспанды жарқ-жұрқ еткізіп, тіліп өтсейші отыңменен…
– Біздің серттескен достық сертімізге куә болсаңдаршы.
Біз төпелеген нөсердің астында бір-біріміздің қолымыздан ұстап, «Мәңгі бірге дос боламыз» деп серттестік. Біз тағы да жыладық. Бұл жолы еріксіз, еркімнен тыс шыққан жанардан аққан мөлдір моншақтар мүлде басқа еді. Қуаныштан төгілген жас еді.
Сіз білесіз бе? Осы қорқынышты, суық, сүйкімсіз үй тұңғыш рет маған ыстық болып көрінгенін?

Гүлжауһар Бажақай,
М.Х.Дулати атындағы ТарМУ-дың журналистика мамандығының 1-курс студенті

ПІКІР