Адал еңбек — адам көркі

0 2

Ер адамдармен бірге қолына күрек алып, көшеде қар тазалап, қоғамдық орындардың тазалығына атсалысып жүрген аналарымыз қаншама?! Олар нәзік жанды екендеріне қарамастан, екі қолға бір күрек табылғанына қуанып, ел қатарлы еңбек етуде. Қар тазалап, мұз ою нәзік жандылардың болмысына жат, әрине. Алайда, бала-шағаның қамы үшін аналарымыз қар түгілі тау қопаруға даяр екені бесенеден белгілі.
Б.Момышұлы ауылының тұрғыны, көпбалалы ана Азина Әділова аудандық «Жасыл-Жуалы» мекемесінде жеті жылға жуық қоғамдық ақылы жұмыспен қамтылып, өңірдің көркеюіне үлес қосып отырған азаматша. Ол 1975 жылы Қарақалпақстан Республикасы Раушан совхозында дүниеге келген. Ауылдағы Николай Островский атындағы орта мектепті тамамдаған. Қарапайым, көпбалалы отбасында тәрбиеленіп, ата-анасының жұмыс талғамай еңбек еткенін көріп өскен. Әкесі Орынбай Әбделіұлы еңбек адамы болған. Кейіннен әкесінің денсаулығы еңбекке жарамсыз деп танылып, бар ауыртпашылық анасына түскен. Екі ұл, бес қызды өсіріп жеткізген ардақты анасы Ажар Назарова әртүрлі жұмыстарды істеп, бүгінде сексеннің сеңгіріне жетіп отыр.
-Менің бала күнгі арманым – ақ халатты абзал жан болу еді, – деп бастады әңгімесін Азина Орынбайқызы. –Алайда бұл арманыма қол жеткізе алмадым. Мектепті бітіргенімде әкем дүниеден озды. Анама салмақ салмайын, қолымда бір дипломым болсын деп Қоңырат совхозындағы ауыл шаруашылығы училищесіне мал дәрігері мамандығына оқуға түстім. Одан кейін Қуаныш Төлеев деген азаматты кезіктіріп, отау құрдық. Шүкір, үш ұл, екі қызымыз бар. Үлкенім Майна Тараз қаласындағы «Болашақ» колледжін бітіріп, тұрмыс құрды. Ұлым Наурызбек мектепті қызыл аттестатпен аяқтап, Алматыда Абай атындағы ұлттық педагогикалық университетіне грант негізінде оқуға түсті. Ал, Мейірбек, Майра, Ақылбек аудандағы №19 Д.Қонаев атындағы мектеп-гимназияның оқушылары. Мектептегі озаттардың қатарында. Бір балама киім, онлайн оқуға байланысты мектеп тарапынан ноутбук берілді. Мемлекеттен төрт балама жәрдемақы, сонымен қатар, атаулы әлеуметтік көмек аламыз. Атаулы әлеуметтік көмек кейде табысыңыз асып кетті деп тағайындалмай қалады, – дейді ол.
Жан-жақта жүрген қандастарды елге шақырған Елбасының Үндеуін естіген Азина Орынбайқызының ағайын-туыстары 2009 жылы атажұртқа қайтуды ұйғарып, сонау Қарақалпақстан жерінен Жуалы мекеніне қоныс аударады. Аудан орталығына тұрақтаған оларға квота арқылы қаржылай көмек беріледі. Ол осы жылы аудандық жұмыспен қамту орталығына жұмыссыз ретінде тіркеліп, Б.Момышұлы ауылы әкімінің аппаратына ақылы қоғамдық жұмыспен жолданады.
-Ауыл әкімшілігінде алты айға жуық жұмыс істеп, одан кейін «Жасыл-Жуалы» мекемесіне жіберіліп, қоғамдық жұмысшылармен бірге көше тазалығына, өңірдің көркеюіне атсалысып жүрміз. Жұмысымыз таңғы сағат 9.00-ден басталып, кешкі 18.00-ге дейін жалғасады. Әр мезгілде әртүрлі жұмыстар атқарылады. Көктемде ағаш егіп, шашылған қоқыстарды жинаймыз. Орталық көшедегі гүлзарларға гүл егіп, оларды күтіп-баптап күзде жинап аламыз. Әктеу, сырлау бар. Бұл уақытқа дейін көшелердегі тазалыққа жауап берсек, қазір тұрғындардың сейіл құрып демалатын саябақтарға жауаптымыз. Қыстың күні қолымызға күрек алып, жолды қардан тазалаймыз. Мұз оямыз. Қар жауса сенбі, жексенбіге қарамаймыз.
Соңғы кездері ауыр жұмыстар денсаулығыма әсер етуде. Үлкен ұлым «бұл жұмысты қойыңыз, денсаулығыңызды күтіңіз» дейді. Дегенмен үйреніп қалған жұмысым, Алла күш-қуат пен денсаулық берсін деп күннің ыстығы мен суығына қарамай жұмыстың басы-қасынан табыламыз.
«Еңбек етсең ерінбей, тояды қарның тіленбей» деп ұлы ақын Абай айтқандай, осы еңбегімнің арқасында балаларды асырап, оқытып отырмыз. Ешкімнен кем қылмай, көйлегі бүтін, тамағы тоқ болуы үшін мемлекеттен берілген көмекке қарап отыра алмаймын. Қимылдаған, қыр асады. Қимылдамасаң, әрекет жасамасаң, саған кім береді? Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Көше тазалап, қар күрегеніме намыстанбаймын. Сыртымыздан қарап, күлетіндер кездеседі. Күле берсін. Біз маңдай терімізбен, адал еңбегімізбен еңбек етіп жүрген жандармыз. Қолымызды біреуге жайып, нан сұрап отырғанымыз жоқ. Керісінше, жұмыс істеуге, отбасын асырауға мүмкіндік бергеніне ризамыз. Адам жұмысты талғағанымен, еңбек адамды талғамайды. Қолыңнан іс келсе, адал еңбек ете білуің керек. Әркім өзі үшін жанталасады, жан бағады, – дейді ол өз сөзінде.
Адал істің қашанда қайыры бар. Адал еңбегімен ел қатарлы еңбек ету, ең басты адам болып қалу – азаматтық парызымыз. Осы тұрғыда адал еңбектің үлгісін көрсетіп жүрген Азина Орынбайқызының арманы – отбасының амандығы, бауырдың бүтіндігі. Балаларының сапалы білім алып, саналы азамат болып қалыптасуы.
Ол «қоғамға еңбегіміз сіңіп, ауданымыздың көркеюіне үлес қосып жатқанымызға қуаныштымын» дейді. Өзімен бірге жұмыс істейтін жандармен жақын араласып, бір ұжым, бір отбасы мүшелеріне айналғанын қуанышпен жеткізді. Әріптестері Мадина Аманғосова, Жадыра Қалиева, Роза Қаржаубаева құрбылары әрі десе адал еңбек иелері. Оларды мекеме басшысы Бақытжан Сүлейменқұлов, Дәрменкұл Жұмағали сынды кішіпейіл бригадирі қолдап, кез келген жағдайда түсіністік танытанын айтып өтті. Сонымен қатар, «ауданның тұрғындары қоршаған ортаға жанашырлық танытса, өз туған жерлерін ластамаса, тазалықты ұстанса» деген тілегін жеткізді.
– Әр баламыздың өз несібі бар. Жүрегімізде иман, бойымызда қанағат бар. Ниетіміз түзу. Атажұртқа болашағымыз – балаларымыз үшін келдік. Еліміз бізді жатсынбай қарсы алып, міне, ел қатарлы өмір сүрудеміз. Өзіміз білім алып, оқи алмағандықтан балаларым оқысын, білсін дейміз. Болашақтары жарқын, армандары асқақ болса деген ниеттеміз. Сол үшінде аянбай еңбек ете беруге дайынбыз.
Қазақ даналығындағы «Еңбек түбі – береке» деген сөзді санамызға құйып өстік. Анамыз үнемі «адал еңбек етіңдер, кез келген дүниені өз еңбектеріңмен табыңдар» деп отырады. Сондықтан осы күнге жетуіміз жүрегі кең, кең пейілді дарқан анамыздың арқасы. Мен де үйде балаларыма осы өсиет сөздерді айта отырып, кез келген жерге қоқыс тастамауға, тазалықты ұстануға үйретемін. Себебі, бұл жұмысты атқаратын адамдардың еңбегін білемін, – дейді.
Қолына күрек алып, көше тазалап жүрген аналарымыз адал еңбектің үлгісін көрсетіп, бала-шағаның қамы үшін жұмыс істеуде. Арланбай, намыстанбай барға қанағат ете білген олар ертеңгі ұрпағына мәңгі мұра адал еңбекті қалдыра алады. Өйткені, адал еңбек бір орында таза киініп, таза жүріп жұмыс істеу емес, ол түзу ниетпен, жүрекпен, сүйіспеншілікпен істеген ісің. Мұндай істің берекесі сол жанның отбасына бұйырары даусыз.
Ендеше, қиындықтан қаймықпайтын, жұмыстың ауырлығын талғамайтын Азина Орынбайқызы секілді аналарымыздың еңбегі жана берсін дегіміз келеді. Мұндай жандардың еңбегін бағалап, аудан тұрғындары да тазалыққа мән береді деп сенім білдіреміз.

Айгүл ҚАЛЫМХАНҚЫЗЫ,
Жуалы ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.