Жастар.kz

«Адал ұрпақ» ізгілікті дәріптеуде

Written by Aray2005

Қазақстан Республикасы Президенті Қасым-Жомарт Тоқаевтың биылғы жылды «Волонтер жылы» деп жариялауы еліміздің әр түкпіріндегі ерікті жастарға серпін берді. Көпшіліктің мүддесіне негізделген жаңа істер қолға алынды. Сондай бастаманың бірі Талас ауданының Қаратау қаласында да жүзеге асты.

Қаратаулық жастар «Адал ұрпақ» еріктілер ұйымын құрып, мейірімділікті негізге алды. Ұйымды құруға бастамашы болған Ахмет Байтұрсынұлы атындағы гимназия мектебінің белсенді еріктісі Маликаханым Алтынбекова:
– Бұл біздің еліміздің игілігіне қосқан үлесіміз. Басты ұранымыз – «Қайырымдылық пен мейірімділік әлемді құтқарады», – дейді ол.
Жаңа ұйым жұмыстарын жалғызбасты, көпбалалы, денсаулығына байланысты жұмысқа жарамсыз кісілердің отбасыларына азық-түлікпен көмектесуден бастады.
Сондай-ақ «Жан аямай жарық шаш, оныңа сый дәметпе» атты акция ұйымдастырып, Алғыс айту күніне орай Қаратау қаласы тұрғындарына тәтті бәліштер мен құттықтау қағаздарын таратты. Мешітті тазалауға да белсене ат салысты.
Апта басында ерікті жастар «Берекелі жұма» акциясын ұйымдастырып, қолдарынан келгенше қаржы жинап, оны көмекке мұқтаж жалғызбасты, 3 балалы ананың қажетіне жұмсады.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР