"Шамшырақ"

Адалдық – адамдықтың белгісі

Written by Aray2005

Медициналық колледждегі маңызды істер

Жастар жылына орай Жамбыл медициналық колледжінде жас ізденушілердің игілігіне арналып, «Адалдық алаңы», «Денсаулық» жаттығу залы және «Coworking» оқу орталығы ашылды. Колледждің 83 жылдық мерейтойына арналған осындай игі шараларға
ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің облыс бойынша департаментінің басшысы Равиль Тюлебаев және Тараз қалалық жастар ресурстық орталығының директоры Нұрлан Қанатов келіп, құттықтауларын жеткізді.

«Денсаулық» жаттығу залында түрлі дене шынықтыру қимылдарына арналған құрал-жабдықтар орнатылған. Ал «Адалдық алаңында» шай, кофе ішіп, тәтті-дәмдісін және кеңсе тауарларын сатып ала алады. Мұнда ешқандай сатушы жоқ. Келуші өзіне-өзі қызмет көрсетеді. Тиісті ақысын арнайы жәшікке салып, қалдық ақшаны да тиісті орыннан қайтарып алады. Мұнда не бейнебақылау да жоқ.
– Адалдық алаңын жастардың бойына адалдықты, сенімділікті сіңдіру үшін колледжіміздің директоры Жәмила Сарыбекованың бастамасымен ашып отырмыз. Студенттер бұл жерден сабақ аралығындағы үзілісте шай-кофе ішіп, өзіне қажетті кеңсе тауарларын сатып алады және 5 теңгеден ксерокөшірме жасатады. Біз жастар арасында адалдық туралы алдын ала көптеген үгіт-насихат жұмыстарын жүргіздік. Студенттеріміздің біреудің ақысын жеп, айласын асырмайтынына біз сенеміз, – дейді колледждің тәрбие жұмысының меңгерушісі Ләззәт Мейрманова.
Кітап оқуға барынша жайлы жағдай жасалған «Coworking» оқу орталығының ашылу салтанатында медициналық оқу орындарына арналған жаңа кітаптың тұсауы кесілді. Бұрын осы колледжде қызмет еткен Дана Жүнісованың медициналық бағытта білім алушыларға қазақ тілін оқытудағы тиімді әдістер жинақталған «Кәсіби қазақ тілі» кітабы таныстырылды.

Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР