«Адамның кіндік қаны тамған жерге маңдайының тері де тамуы керек»

0 15

Алтын бесік – ауылымызды дамытып, елді мекендердегі маман тапшылығын шешу мақсатында жүзеге асырылып жатқан «Дипломмен – ауылға!» бағдарламасы талай жасқа мол мүмкіндіктер сыйлады. Көптеген жастар оқуын тәмамдаған соң жұмыссыз қалмады және баспаналы болфып, көтерме жәрдемақыға да ие болды. Игілігі мол бағдарлама аясында ауылдық жерге жұмысқа орналасқан жас маманның бірі – Ақерке Тілеубердиева.

Жас маман бүгінде өз ұстаздарынан алған білімін заманауи әдістермен ұштастырып, білікті мамандардан үйренген тәжірибесімен толықтырып, оқушыларды білім нәрімен сусындатуда.
– Т.Рысқұлов ауданына қарасты Көкдөнен ауылындағы А.Байтұрсынов атындағы орта мектепті аяқтап, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университетіне оқуға түстім. Аталмыш білім ордасынан «Математика пәнінің мұғалімі» мамандығын алып шықтым. Дипломымды алғаннан кейін ауылда еңбек етуге ниетті жас мамандарға қолдау көрсетуге бағытталған мемлекеттік бағдарламаны естіп, туған жеріме барғанды жөн санадым. Сол мақсатпен құжат тапсырып, Құлан ауылындағы Әлихан Бөкейханов атындағы орта мектепке математика пәнінің мұғалімі қажет болғандықтан, осы мектепке орналастым.
Жоғары оқу орнында алған біліміммен шектеліп қалғым келмеді. Себебі бұл өмірде біздің үйренеріміз көп. Сондай-ақ жаңа заманның талабы да жоғары. Сондықтан магистратураға түсіп, білімімді тереңдеттім.
Балаларға есептің түрлі қырларын меңгертудің тың тәсілдерін әлі де үйреніп келемін. Нәтижесінде кей оқушыларым пәндік олимпиада секілді байқауларда топ жарып, мерейімді асырып жүр, – дейді жас ұстаз.
Ақерке қазір бір отбасының отанасы. Жұбайы Нұрыммен бірге бір ұл өсіріп отыр.
– Шынында, ауыл – береке ғой. Ішетін ас-суыңды да таза, табиғи түрде өзің өндіріп аласың. Жан-жағыңның бәрі өз ағайын-туыстарың. Бір үй іс бастаса, тұтас ауылдастары жұмылатын бұрынғы асарлату біздің елде әлі де бар.
Шынымды айтсам, ауылдағы тұрмысты шын бақытқа балаймын. Есігіңнің алдындағы шағын бақшаңа өзіңе керекті қызанақ, қияр, картобыңды ексең де, 1 сиыр ұстап, сүтін ішсең де, 5-6 тауық бағып, жұмыртқасын жесең де – береке. Сондықтан да ауылдықтардың дастарқаны жиылмайды, қазаны оттан түспейді, шүкір, – дейді Ақерке Сапарқызы.
Құт қонған мекеннің түтінін түзу ұшырып, ынтымағын ұйыстырып отырған ауылдағы ағайынның жаймашуақ болмысын білікті жас мамандар да еселеп жүрген сыңайлы. Олай дейтініміз, Ақерке Сапарқызы мемлекеттік бағдарламаның игілігін көргеннен кейін осы ауданның өркендеуіне еңбек ете жүріп, ата-енеге келіндік қызметін де жасап жүр.
– Ауылдағы тұрмыстың тағы бір тиімдісі –
сырттағы жұмысыңа да, үйдегі шаруаңа да үлгеруге мүмкіндік көп. Себебі бір үйде жиын болса, барлық ауылдастар соның жұмысына жұмылады. Әлдебіреуі бір ісіне үлгермей жатса, тек туыс емес, көрші-қолаң да көмектесуге дайын тұрады. Ешкім есігін де, қабағын да ауылдасына тас бекітпейді. Біз осындай жанашыр да бауырмал жылылыққа бөленіп өскендіктен, барлық жерден соны іздейміз. Заман қанша өзгерсе де, қоғам түрленсе де қазақтың ауылынан әлі де мейірім кеткен жоқ. Осының өзі зор бақыт, – деп ауыл баласының жас болса да көрегенді болатынын байқатты.
Жас ұстаздың көңілге қонымды, әдемі әңгімесін тыңдап, қазақтың құтты ауылының қаймағы бұзылмай, берекенің баянды болуын тіледік. «Жас келсе – іске» деп, қазақ бекер қуанбаса керек-ті. Жаңалыққа құштар, жаңа істі іліп әкетер жастар жүрген жер қашанда мереке.

Қамар ҚАРАСАЕВА,

Т.Рысқұлов ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.