Қазақстан халқы ассамблеясы

«Адамзаттың бәрін сүй, бауырым деп»

Written by Aray2005

Бабамыз Білге қаған «Ел болып бірігуден асқан бақыт жоқ» десе, текті Күлтегін «Тату елге – тыныш­тық пен тоқшылық нәсіп» деп әу бастан тасқа қашап, санаға бедерлеп кетті. Себебі адамзаттың даму тарихын­да бірліктің бағасы бәрінен жоғары. Дана діні­міздің өзінде жер бетіндегі халықтардың бар­лығы Адам ата мен Хауа анадан тарағандығы әспет­тел­ген. Міне, сол бірлікті бойтұмар еткен еліміз бұл күнде дамылсыз дамып, дүниежүзілік додаларда ешкімге дес бермей келе жатыр.

Махаббатпен жаратқан адамзатты,
Сен де сүй, ол Алланы жаннан тәтті.
Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп,
Және хақ жолы осы деп әділетті, – дейді ақылдың апогейі Абай хакім. Бірінші мамыр – Қазақстан халқының бірлігі күні. Бұл күн, Елбасы айтқандай, ең бастысы – той тойлайтын емес, ой ойлайтын, барша халқымыздың басты байлығы – бірлікті ұлықтап, сол бірліктің басы ынтымақ пен татулықты әспеттейтін күн. Бұл күн – кезінде тарихтың жазуымен кеңқолтық Қазақ елінің жанашыр құшағынан пана тауып, бүгінде қасиетті қазақ даласының төл перзенттеріне айналған сан түрлі ұлыс өкілдерінің бірлікті басты құндылығы ете білген қастерлі сәт. Һәм қазақ елі үшін тек 1 мамырды ғана емес, жыл – он екі айдың әрбір күнін Қазақстан халқының берекесін арттырып, татулығын төрге оздыратын күн ету қажеттігін кезекті рет көкейге түйіп, жадына нық орнықтыратын күн.
Осынау мәні зор, мазмұны бай мерекеде халқымызды баянды болашаққа, кемел келешекке бастайтын Қазақстан халқы Ассамблеясының даму тұжырымдамасы мен өзекті мәселелердің байыбына бойлап, тереңіне үңілу – ел бірлігіне енжар қарамайтын әрбір азаматтың парызы. Бүгінде «Бір халық – бір ел – бір тағдыр» деген ұраны қазақстандықтар үшін ұлы достықтың қаншалықты маңызды екендігінің куәсіндей болды. Біздердің басты байлығымыз – бірлік екендігін Елбасы Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев үнемі баса айтып отырады. Бұл Тұңғыш Президентіміздің негізгі ұстанымы, салиқалы саясаты.
Жасыратыны жоқ, қазіргі таңда алауыздық жайлаған, қарапайым халықтың соры қайнаған елдерді де естіп, көріп, біліп жүрміз. Жаратқанға шүкіршілік, өз елімізде біте қайнасқан ынтымақтастық, өзара түсінушілік пен сыйластық – Қазақ елінің басты байлығы. Елімізде тұрып жатқан жүз елуден астам ұлт пен ұлыс өкілі тату-тәтті өмір сүруде. Төрткүл дүниеде дәуірлеп тұрған саяси және экономикалық дағдарысқа төтеп беріп, тәуелсіз еліміз өзінің әлеуметтік-экономикалық дамуы жағынан нығайып, Қазақстанның абыройы әлемдік биік деңгейге көтеріліп, осындай тамаша табысқа ел бірлігі мен ынтымақты тірлігінің арқасында қол жеткізгендігі шындық. Расы керек, Ұлы Отан соғысының бастапқы жылдары, әскери қару күшінен гөрі, қатардағы жауынгер, тылдағы еңбеккер және барша халықтың елін, жерін қорғаудағы тізе қоса кіріскен жанқиярлық ерлігі басым болғандығы жалған емес. Сол кезеңдерде қалыптасқан ынтымақтастық пен өзара түсінушілік күні бүгін де республика жұртшылығы бойында сақталған. Қазақ елінің алғашқы Президентінің негізгі ұстанымы мен салиқалы саясатының осындай тұғырға бағытталғандығы – біздің басты жеңісіміз. Мәңгілік ел болуды негізгі мақсат етіп отырған халықтың басты бағдары мен баянды істері сол ниетке арналған.
Ғасырлар бойы шыңдалған достықты нығайта отырып, өсіп келе жатқан ұрпақтың санасына ынтымақ пен бірлік және төзімділік қасиеттерін сіңірерліктей тәрбие беруді абыройлы парызымыз санау қажет. Бірлік – адамдар арасындағы ынтымақтың, жарасымды татулықтың көрінісі, ел болудың бірден-бір алғышарты. Ол белгілі бір топтың, ұжымның, халықтың, жалпы адам баласының мақсат, мұрат, мүдделері тоғысынан туындайды. Қазақ халқы бірліктің күнделікті тіршіліктегі орны мен маңызын «Бірлік болмай, тірлік болмас», «Бірлік түбі – береке», «Алтау ала болса, ауыздағы кетеді, төртеу түгел болса, төбедегі келеді» деп түйген. Бірлікті ыдыратып, ірітуші күш –
күншілдік, іштарлық, араздық деп тауып, жұртшылықты мұндай жағымсыз қасиеттерден бойын аулақ салуға шақырған. Бірлік елдіктің, ұлт болып ұйысып отырудың басты кепілі саналған. Сондықтан ақсақалдар, билер, хандар жұрт ішіндегі асқынған дау, ушыққан жанжалды тыйып, шешім қабылдағанда ел бірлігіне сына түспеу жағына баса көңіл бөлген.
Қазақстан тәуелсіздік алған алғашқы күннен-ақ адамзат үшін ең қымбат қазына – ұлтаралық татулықты, конфессияаралық келісімді, өзара түсіністік пен құрмет сезімін, жарастық пен келісімді қастерлеп, сақтай отырып, еркін дамуда. Бұрыннан қалыптасқан дәстүрлі достықтың бай тәжірибесі ұлттық татулық пен келісімнің ғана халықтардың экономикалық теңдігі, саяси және мәдени дамуын, өзара достықты, ұлттық мүдделер мен ерекшеліктерді, тілдердің бір-біріне деген құрметін қамтамасыз ете алатынын көрсетті. Елбасының, мемлекетіміздің стратегиялық мақсаттарында ұлтаралық татулықтың, халықтардың өзара түсіністігі мен келісімін нығайта беру, оларды алдағы уақытта топтастырып, жарастыра түсу айрықша орын алды. Бүгінгі күні қоғамымыздағы ауызбірлік, тұрақтылық пен туысқандық қарым-қатынас соның нәтижесі деп мақтанышпен һәм зор сеніммен айта аламыз. Төбе биіміз Төле би «Бейбіт елде – сән бөлек, бүлінген елде –
дау бөлек», һәм алаштың ардақты арысы Әлихан Бөкейханов «Бізде бірлік болып, іс қыла білетін шебер табылса, Алаштың баласы бақыт-махаббат жолына түсті!» деп Күлтегіндердің кемеңгерлігін бүгінгі күнге аманаттады. Лайым, сол аманатқа адал болайық. Ел бірлігі нығайып, тәуелсіздігіміз тұғырлы болсын!

Нұржан Қадірәлі

ПІКІР