Сұхбат

«Әдебиет, өнер – жүректің ісі»

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы –
Қазақстан Республикасының Мәдениет қайраткері,
жазушы-драматург, облыстық қазақ драма театрының
директоры Болат Бекжанов

– Болат Үмбетәліұлы, алпыстың асуына абырой­мен көтерілген азаматсыз. Осынау айтулы мерейжасыңызбен өзіңіз негізін қалаған «ARAI»-дың қалың оқырмандары атынан шын жүректен құттықтаймыз. Жалпы, алпыс қандай жас екен?
– Алпыс жастың өзіндік жауапкершілігі болады ғой. Артыңа қарасаң қас пен көздің арасында өтіп кеткен уақыт сияқты. Бірақ, ол – өмірдің заңдылығы. Адам алпысқа келгенше көбіне өмірлік сұрақтарға мойындаңқырамай қарайды екен. Ал, алпысқа келгенде басқаша ойланатын сияқтысың. Бұрынғыдай еркеліктерге еркін бара алмайсың. Мәселен, бұрын не істесең де, бәрі кешірімді сияқты болып тұратын. Алдыңғы буын ағаларымыз біз бір кемшілікке жол берсек, «жас қой әлі, кейін қояды ғой» дейтін. Ал ендігі қателігің балалыққа санала ма? Осыны ойлайсың. Мұны керемет бір ақылдылығыңнан емес, түйсікпен-ақ түсінеді екенсің. Содан соң артыңда «не бітірдің, не тындырдың» деген де сұрақ тұрады. Қанша жерден алқынып, жұлқынсақ та, адам өзінің табиғатына берілгенді ғана орындай алады екен. Біз де шама-шарқымыз келгенше қалам тербедік, өнер жасасақ дедік. Біздің кезең еркін де еді. Кейде сол еркіндіктің өзі бізге, көбімізге кері де әсер еткен сияқты. Бірақ, сөйтіп жүріп те, бойымыздағы барды беруге талпыныппыз. Адамның жүрегі ғұмыр бойы жас болып қалатын сияқты. Тоқсан, жүзге келсе де жүрегі сол қалпында қалады екен. Ал, әдебиет, өнер, ол – сол жүректің ісі. Ол қартаймайды, ешқашан ескірмейді. Сондықтан біз әлі де Алла өмір берсе, жазбай отыра алмайтын шығармыз. Солай, жазушылар арманмен өмір сүреді ғой. Алдағы уақытта да Алла Тағала нәсіп етсе, береріміз бар. Қалай дегенде де жастық, албырттық кездегі жазған дүниелер басқаша болады ғой. Ал ақыл тоқтатқан шақтағы жазғаның өзгеше болатын сияқты. Енді алпыстан кейінгі жазатыным қалай боларын білмеймін. Бірақ, әлі де елге керек өнер туындысын тудырамыз деген ой-жоспар бар. Қарап отырсаңыз, Абайдың өзінде де жас кезіндегі жазғандары мен орта жастағы дүниелері бөлек-бөлек қой. Кейінгі кемеліне келген шақтағы ой-тұжырымдары тіпті басқаша. Біз Абайға қарап ойланамыз ғой.
– Жастар танитын, ел білетін Болат Бекжанов жан-жақты қабілетті бола тұра, неге сот, ірі кәсіп­кер, экономист немесе банкир емес? Неге өнер адамы? Жалпы, сот болып, әділ шешім қабылдау үшін де бизнес жасап, табыс табу үшін де талант керек қой. Сонда сізді дәл қазіргі өнер өлкесіне жетелеген, соған себеп болған қандай серт, нендей құдірет?
– Маған егер екінші рет өмір сүру берілетін болса, мен қайтадан осы жолмен кететін шығармын. Өйткені, жаратылысым сондай ғой. Мен банкир, математик, физик бола алмас едім. Бәрібір өмірімді өнермен байланыстырар едім. Бәлкім табиғаттың, Алланың осылай жаратуы шығар. Қазір Аллаға шексіз шүкіршілік жасаймын. Неге? Себебі, Жаратушымыз маған азғантай ғана талант берген. Соған мені бейімдеген. Сол үшін ризамын. Ал, әдебиетке келу үшін ең алдымен біз өмір мектебін, ауыл академиясын бітірдік. Ауылдың үлкен қарияларын көрдік, солардың өсиет сөздерін тыңдап өстік. Менің анам да құймақұлақ, жүйелі сөйлей алатын кісі еді. Сол кісінің тәлім-тәрбиесін алдық. Өмірге деген көзқарасымыз сол кісілерден қалыптасты. Одан бергі жақта қалаға оқуға келгеннен кейін ұлағатты ұстаздарымыздан тағылым алдық. Ұстаз болғанда да, тек сабақ өткізуді ғана ойлайтын кісі емес, өзіміз үлгі тұтқан, біздің бойымыздағы талантты танып, «осы баладан бір нәрсе шығады-ау» деген ағаларымыздың қамқорлығы мен қолдауы ұшан-теңіз болды. Сол кісілерден көп нәрсені үйрендік. Олар бізге уақытысында дұрыс бағыт берді. Менің мәдени-ағарту училищесінде сабақ берген Яхия Шынәсілұлы деген ағайым болды. Сол кісіден бастап кешегі Кәрім Баялиев, Арғынбай Бекбосын, Әлдихан Қалдыбаев, Жақсылық Сәтібеков, Бахтияр Әбілдаевтардың барлығын ұстаз тұттым. Кейін Алматыда да оқыдық. Сол кезде ұстазымыз Зейнолла Қабдолов, Темірбек Қожекеев, Тауман Амандосов «Біз сендерге миларыңның шатырын ашып, жазушылықты құйып бере алмаймыз, біз сендерге тек бағыт береміз, жалпы классикалық әлемдік білім ғана береміз», дейтін. Соны түсініп жетілдік. Осылайша жақсылардан үйреніп, өзіміздің бойымыздағыны дамылсыз дамыта түстік.
– Драматургияда арнайы ақшалай тап­сы­рыс­пен жа­зылған дүние бірден көзге ұрып тұрады. Се­бе­бі, онда махаббат, сезім, әсер аз, тіпті жоқ деуге де бо­лады. Ал, сананы тұрмыс билеген бүгінгі за­ман­­да мөлдір махаб­батпен, рухани эмоциямен жан дүние­ні қопарып, жүректі сілкілеп жазған нағыз өнер туын­дылары неге өзінің лайықты бағасын ала алмай жүр?
– Қазір қоғам өзгерді, талғам түрленді. Өте қиын кезеңде өмір сүріп жатырмыз. Әдебиет пен өнер үшін дәл осы кезең өте күрделі. Ол көзге көрінбейтін дүние. Қаражат та бар, мамандар да жеткілікті, бірақ қоғам өзгерген соң, түсінік, ұғым, талғам бөлек. Жастардың барлығы шетелге кеткісі келеді, батысқа еліктейді. Міне, осындай алмағайып кезеңде тұрмыз. Бізбен замандас жазушы, режиссерлер қазіргі жастардың талғамын әлі түсініп, білген жоқ. Ал, жас режиссерлер біз секілді алдыңғы буынға не қажет екенін ұғынбайды. Осы екі ортада түсініспеушілік болып тұр. Бірақ, бір нәрсе айқын, ол жаңа өзің айтқан мөлдір махаббат секілді адамзаттық және әлемдік деңгейдегі тақырыптар ешқашан өзгермек емес. Рас, қазір қарап отырсаңыз тапсырыспен де жазылатын дүниелер бар. Жазылып та жатыр. Ол бәлкім өнер де емес шығар. Өнердің қолымен істеліп жатқан қажеттілік болар. Ал, бірақ таза өнер деген тіптен басқа. Бірақ, бүгінгі қоғамда таза өнер де өмір сүріп жатыр. Ол – кешегі біздің театрда қойылып жатқан классикалар, өлмейтін Отеллолар, ескірмейтін Еңлік-Кебектер. Енді биыл біз Ғабит Мүсіреповтің «Ақан серісін» алсақ деп отырмыз. Біз Әуезов дейміз. Драматургияда Ғабит Мүсіреповтің шеберлігі тіпті ерекше. Сол себепті «Ақан серісіне» таңдауымыз түсті. Шығарма қоюда да қиындықтар бар. Ең бірінші шығарма таңдалмай тұрып, ондағы образдарды ойнайтын актерлер бар ма? Ақанды, Ақтотыны сомдайтын әртістеріміз кім? Осылардың барлығын бағамдап аламыз да, содан кейін оны қоятын режиссер қарастырамыз. Қазір біз барлығын таптық. Сондықтан алдағы жылы, Алла қаласа, сол классикаға кезек береміз. Содан кейін қалай дегенде де біз өзімізбен өзіміз қалып қалмауымыз керек. Біз классикаларды ойнау үшін, актерлеріміз соған үйреніп, бейімделуі қажет. Ол үшін шетел классикаларынан да алуымыз қажет. Және бұл бағытта өзіміздің жастарды да ұмытпауға тиіспіз. Ал, жастарға не қажет? Жеңіл, әдемі, бірақ ойлы, көркем дүниелер, комедиялар, жастар өмірінен шынайы сыр шертетін шығармалар беруіміз керек. Осының барлығын ойластырып, жарыққа шығаруды жоспарлап отырмыз.
– Көп жағдайда «мықты шәкірттер тәрбиеледім, солармен мақтанамын» дейді екенсіз. Ұстаздық ұстаханаңыздан өткен шәкірттеріңіз туралы айтып өтсеңіз?
– Шәкірт тәрбиелейін деп ойлаған жоқпын. Уақыттың реті солай келді де, барлығы ең алғаш «ARAI»-ға барғанымнан басталды. Сол жерде мен алдымен «ARAI»-ды қалай жасаймын?» деп ойландым. Ол бағыты бөлек жастар газеті болуы керек. Оған албырттық мінез қажет. Сондықтан, тәжірибелі үлкен журналистерден гөрі жас тілшілерді жұмысқа алайын деп шештім. Солардың жігерін, алғырлығын, албырттығын, мінезін газетке бергім келді. Жаза алатын жастарды редакцияға тартып жүрдім. Таза сол бағытта жұмыс жасадық. Оларға журналистиканың қыр-сырын үйреттім. Қалай ойлау керек екендігінен бағыт-бағдар бердім. Шындығында да қазір ойлап қарасам, біздің өңірдегі бүгінгі бұқаралық ақпарат кеңістігіндегі мықты мамандардың көбі сол кезде сонда жұмыс істеген, ең бірінші журналистика дегеннің не екенін сонда үйренген, сол жерде тәлім алған азаматтар екен. Сондықтан, әрине, сол сәттілікке шүкір деймін. Шәкірттерімнің барлығы мықты. Оларды осындай етіп мен жасаған жоқпын, әрқайсысының өз бейімі бар. Кіл таланттар.
– Ал, қазір журналистика жайында жан-дүние­ңіз не дейді?
– Журналист өз алдына бөлек дүние. Олар майдангерлер. Соғыстың ішінде жүрген адамдар. Оларды мынау қоғамдағы ақылды, саналы, мәдениетті адамдар бағалайды. Шерхан ағамыз айтып қойған «журналистің арқалағаны – алтын, жегені – жантақ» деп. Осыдан артық баға жоқ журналистерге. Журналист деген қоғамның санитарлары. Журналист айтпаса, кім айтады. Үнемі ізденіп, жүгіріп жүреді, барады, табады, оны жазады, бұқара мен билікке жеткізеді. Журналистерсіз қоғамның болмайтынын ұғыну қажет. Бүкіл журналисті алып тастайық ел өмірінен, ол мемлекет немесе қоғам бола ма? Әрине, болмайды. Сондықтан өздерін де аямай, жанын салып жүрген сол журналистер қауымы қашанда құрметке лайық. Қазіргі журналистерге ризамын. Өзінің алған бағытымен, қоғамның дамуымен бірге алға ұмтылып кетіп бара жатыр. Қанша дегенмен өнер адамы да, журналист те, жай адам да өзінің қоғамынан бөлініп қала алмайды. Сол қоғаммен бірге өмір сүреді. Олар қоғамды тәрбиелегісі келеді және қоғам оларды тәрбиелейді. Осылай өмір сабақтаса береді.
– Өкінішке қарай, бүгінде «бірнеше өлең жазса, ақынмын, бір ән жазса сазгермін» деп кеуде соға­тын­дар көп. Енді біреу өмірін тек жур­на­листи­каға немесе актерлікке ғана арнайды. Ал, сіз соның бар­лығын күні бүгінге дейін қара­­пайым­ды­лықпен қатар алып келесіз. Қара­пайым­ды­лық сіздің өмір­лік ұстанымыңыз ба, әлде бойға сіңген қасиет пе?
– Менің бар боямасыз болмысым – осы. Бұдан артық ешкім бола алмаймын. Қарапайымдылық менің қанымнан, тәрбиемнен шығар. Біреулер сіз ән де, саз да, проза да жазасыз дейді. Оның арғы жағында «Екі кеменің басын ұстаған суға кетеді» деген әңгіменің қылтиып тұратынын да білемін. Кейде бір жиналысқа барып отырып, сол басқосу туралы мақала жазудың орнына, сондағы жайттар бойынша сатиралық әңгіме жазып кететін сәттерім болады. Кейде сатира жазып отырып, ән жазып кетемін. Ол менің жанымның қалауы, сұранысы.
– Бір күн өнер ұжымын басқару өмір бақи бір қолыңа мұз, екіншісіне шоқ ұстап өткеннен де қиынырақ деп жатады. Расында да солай ма?
– Өнер ұжымын басқару рас, қиын, бірақ бір жағынан жеңіл. Кілтін тапсың, әрине. Мәселе кілтінде. Ол кілт не? Өнер адамдары ақжүрек, таза. Оларға адал болу керек. Кілті сол. Адал болмасаң олар саған бағынбайды. Біреуін сәл артық, ал біреуін сәл кем көрсең, ол да байқалып тұрады. Жүрегіне тиеді. Сондықтан барынша өнер адамына адал болу қажет. Басқарудың нағыз тиімді ұстанымы сол. Өзің таза, адал бол, сонда ғана өнер ұжымын басқара аласың. Оларға адал болсаң өзіңе де жеңіл соғады. Адалдық менің болмысымнан бар. Бұрын газеттерде жұмыс істеп жүргенімде де, «ARAI»- ды басқарғанымда да ұжымның бәріне бірдей қарайтынмын. Бірдей қарамасам, мен оларды басқара алмас едім. Өнер дегеннің ең бір құдіреті – осы.
– Жас актерлердің талпынысы мен талантын қалай бағалайсыз?
– Өте жақсы. Негізі көбіне үлкендерде жастарға көңіл толмаушылық болады. Ол дегеніңіз әркімнің өзінің кезеңін аңсау, өзінің кезеңін іздеу. Оларға сол өздерінің кезі керемет болып тұрады. Менің де өз кезеңім өзіме қымбат. Керемет сияқты. Өйткені, қазақ деген сұмдық ойшыл халық қой. Сол қазақ «Жоғалған кездіктің сабы алтын» дейді. Сондықтан әркім үшін қайта оралмас алтын уақыттың сабы алтын болып тұрады. Сол сияқты бүгінгі жастардың өзінің кезеңі, талпынысы, ізденістері бар. Сондықтан өзім театрға келіп талантты жастарды жинадым. Өйткені, академия бітіргендер Алматыдан бұл жерге келмейді. Келмейтін себебі, оларға әлеуметтік жағдай керек. Соған қарамастан, өнер академиясын бітірген Жамбыл облысының жас, дарынды тумаларын, сыртта жүрген қыз-жігіттерімізді іздестірдік. Осылайша сонау Ақтаудан «Серпер» жастар сыйлығының лауреаты Кенен Ақүрпековті әкелдік. Ақтауда мықты жетекші актер болып жүрген жерінен алдырдық. Осылайша ұжымды басқа да талантты жастармен толықтырдық. «Келер жылы әлемдік және орыс классикаларын қоямыз» деп осы жастарға сенім артып отырмыз.
– Өзіңіз айтып өткендей, бүгінде сахна саң­лақ­тары, өнер перзенттері, оның ішіндегі талантты жастар амал-шарасыз өзін-өзі асырап жүр­гендей көрінеді. Той-томалақта театр­лан­ды­рыл­ған көрініс­тер­ге көз үйреніп, ет өліп барады. Бұл, қашанда қара жерден биік тұратын киелі сах­на­ның қадірін түсіріп, шын таланттардың өнердегі амбициясына кері әсерін тигізбей ме?
– Оны тоқтату біздің қолымыздан келмейтін нәрсе. Егер мен баяғы жас кездегідей актер болсам өзім де соған барар едім. Бірақ оны да олар шынайы жасауы керек. Шынайы жасамаса, оны халық қабылдамайды. Қазір бәсекенің уақыты. Оны ешкім тоқтата алмайды. Бүгінде күнделікті тойлар болып жатыр. Сол жерден асабалар, бишілер, әншілер, суретке және видеоға түсіретіндер, даяшылар секілді жүздеген адам нан тауып жүр. Біздің қоғамдағы нарық заңдылығы осы. Ол жерге сендер бармаңдар деп ешқайсысына ешкім айта алмайды. Бірақ, кез келген біздің актерлер сахнаны бірінші орынға қояды. Өнер оның жүрегінде. Оның өсетін, өркендейтін орны да сол. Мені білетін бір жігіт өнер академиясында Нұрғанат Жақыпбай деген режиссердің курсында оқыды. Кейінірек ұстаздары өзінің курсын түгел Астанаға алып кетті, ал әлгі жігіт бармай, Алматыда қалып қойды. Ата-анасы да Алматыда тұрады. Қазір ол мықты асаба, шоумен. Жуырда Нұрғанат оны көріп, «жақсы, керемет асаба, бірақ өзімен бірге бітіріп, қазір театрда жүрген қатарластары өнерде әлдеқайда жоғарылап кетті ғой» деді. Оның қатарластары қазір өнерде өздерін мойындатып, кинода ойнап, танылуда. Той мен сахнаның арасындағы арақашықтықты осыдан-ақ байқауға болады.
– Шығармашыл адамның жаны нәзік, көкірек көзі өткір ғой. Қазіргі қоғамдағы қандай мәселелер сізді жиі толғандырып, жаныңызға батады?
– Қазір өнер саласында мән берерлік бір мәселе, ол – халық талғамының өзгеріп бара жатқаны. Қазіргі эстрадада жүрген қыз-жігіттер, шоумендер қоғамның талғамын бұзды. Ернар Айдар секілді жас әншілер түріктің бір әнінің шумағын, бір әнінің қайырмасын алады да, оған қазақша сөз жазып, биге икемдеп халыққа ұсынады. Ал, ол мелодия басқа ұлттыкі ғой. Сол біздің балалардың, келешек ұрпақтың талғамын бұзып бара жатыр. Осы мәселе толғандырады. Оның алдын алу үшін біз классикалық туындыларға үлкен мән беруіміз керек. Содан кейін қазіргі телеарналық бағдарламаларды шоуға айналдыру – үлкен қателік. Біздің жас кезімізде де мұндай жеңіл әндер болған. Себебі, әр кездің өз жастарының сүйіп тыңдайтын әндері, бағдарламалары қалыптасады. Жүректегі сезімін, махаббатын сол ән арқылы жеткізгісі келеді. Бірақ, оның барлығы біздің жас кезімізде көше әні болып саналатын. Ал, ондай көше әндерін біздің замандастар, бәлкім бұлардай орындайтын. Мен оқыған мәдени-ағарту училищесінде мықты әнші қыз-жігіттер болды. Олар да керемет нақышына жеткізіп тұрып айтатын. Бірақ, ол орындаулар, ондай әндер телеарналарға шықпайтын. Себебі, ол халыққа үлгі нұсқа емес. Ол классикалық әндерге жатпайды. Ал, классика – біздің ұлттық түпкі негізіміз. Ол ешқашан төмендемей, тасада қалмай, биікте тұру керек. Ал, жастардың әні айтыла береді. Өкініштісі сол, қазір отандық телеарналардан ұлттық классика ысырылды да, қазіргі заманғы көше әндерінің барлығы алға шығып кетті. Әрине, ол бір тыңдағанға жақсы естілуі мүмкін. Кез келген ұлт, кез келген мемлекет барда, оның эстрадасы да болуы керек. Бірақ, эстрадасы да өз еліне, ұлттық рухына, жан сезіміне сай болуы қажет қой. Осы мәселе жүйеге түсуі тиіс. Және адамдарға ықпал ететін кино саласында да сапасы сараланбаған көп сериалдар қойылып жатыр. Шындығында алғашқы кезеңінен бастап қойылған жақсы дүниелер бар. Бірақ, арасында тұрмыстық ұсақ-түйек мәселелерден аса алмай жүрген туындылар да көп. Кім болса сол, не болса соны қойып жатыр. Осының барлығы кейінгі жастарға теріс ықпал етеді-ау деп қынжыламын. Бірақ барлығы уақыт керуенімен бірге өзі жолға қойылады деп сеніп, сол үмітпен өзімді жұбатамын.
– Жақында ғана осы қара шаңырақта бел­гі­лі режис­сер Нұрғанат Жақыпбай «Астана жастар» театры­мен сіздің «Өмір» атты дра­ма­ңыз­дың премьера­сын қойды. Шыны керек, халық­тың тебіренісінде шек болмады. Бес жыл бұрын жазылған «Өмір» араға уақыт салып өмірге осылай қайта келген сәтте режиссер туындыңызды «қазір­гі драматургиядағы реализм» деп ерекше баға­лады. Сонда, әлі күнге кеңестік сарындағы спек­такль­дер­ден реализмге неге көше алмай келеміз?
– Реализм деген кеңестің кезінде де болды. Нағыз реализм. Ал, бұл нақты бүгінгі күннің тақы­рыбы. Шы­ғар­ма жазу, тудыру – тылсым. Себебі, ертең не жа­за­тыныңды білмейсің ғой, ол көңілдің толқыныс­тарынан, тылсымнан келеді. Мен «Өмірді» жазар кезде керемет бір туынды туғызайын деп ойлағаным жоқ. Ең бірінші, мен жасанды ұрықтандыруға өзімді қарсы қойдым. Кейін елдің барлығы солай болып кетпейді ме деген ой мазалады. Адамның тәбеті дастархан басына келгенде ашылады дегендей, жазу үстеліне отырғаннан кейін жазуға кірістім. Бұл жерде руханият пен материалдық құндылықтардың қайсысы биік деген ой туды. Қазір, шыны керек, материалдық құндылықтар бәрінен биік тұр. Біз ақшасы бар, қалтасы қалың адамдардың қасында ешкім емеспіз. Олар құрметті, сондай адаммен екеуміз көшеде кетіп бара жатсақ, барлығы мені көзге ілмей, соған жүгіреді. Бұл қазіргі қоғамдағы ащы шындықтың боямасыз картинасы. Бұл теңсіздік отбасындағы әйел мен ердің арасына да еніп алған. Басшының, лауазымды адамның қарындасы өзінен төмен, қарапайым күйеуінің алдында еңсесі биік болады. Ондайлар өмірді ақшамен ұстап отырмыз деп ойлайды. Шығарманың ең соңында мен бәрібір рухани құндылық мықты, оның алдында түбі жеңіліс табасың деп нүкте қойдым. Осылай шығарма желісі өзінен өзі туындай берді. Бұл жерде махаббаттың пәктігі жайлы да айтып өткім келді. Драмадағы Сана деген кейіпкер, ол – пәк махаббат. Айна өзінің дегенін істеп, күйеуін ақшамен бағындырамын деген әйел. Ал, Өмір – қарапайым адам. Сана Өмірдің бұрынғы махаббаты, ол оның тағдырынан таза кеткен. Осы тұста көрермен «Сана Өмірдің бұрынғы махаббаты екен, енді, шіркін-ай екеуі қосылып, ұрпақ сүйсе екен» деп ойлайды. Сол кезде арғы жақтан Арда деген кейіпкерді шығардым. Ол пәк, бірақ Өмірмен тағдырлас. Санаға көрермен ренжімейді, ол өз табиғилығымен бөлек тұр. Ал, Арданың тағдырын әдейі Өмірдікімен ұштастыра, ұқсас еттім. Оны да құтқаруым керек қой. Оны Өмірмен қосып жіберсем, өмірлік сұрақтың салмақты әрі парасатты жауабы болады. Ал, егер қоспасам, ол да Өмірге ұқсап, қалталы біреуге алданып, тағдыры тас талқан болады. Көрермен не боларын білмейді, бірақ іштей екеуінің қосылғанын қалап отырады. Оның арасында көптеген штрихтарды шиеленістірдім. Адалдық, әділдік, пәктік, баланы некесіз туғызбау секілді қоғамдық мәселелерді көтердім. Ол – мұсылмандық, адами қағида, одан ешкім қашып құтыла алмайды. Сана соңғы сөзінде «Өмір, мен бәрібір сенің бақытты болуың үшін күрестім» дейді. Менің авторлық нұсқамда қойылым соңында екі әйел, Сана мен Айнаның «Өмі-і-ір» деген дауыстары жаңғырып барып үзіледі. Өмір кетеді. Себебі, өмір тоқтамайды. Түйіні осы. Нұрғанат осыны дәл түсінген.
– Шығармашыл адамның қанаты қиял ғой. Жаздай жадыраған жиырма жасыңызға қайта оралсаңыз, не істер едіңіз?
– Дәл осындай, сол баяғы жас кездегідей болар едім. Әрине, жақсы болар едім деп айтқым келеді. Бірақ, тағдырымнан қашып кете алмаймын ғой. Дәл осылай қайталанар еді барлығы. Дәл осындай әйелге үйленуім мүмкін. Өйткені, менің талғамым, өмірге деген қөзқарасым, қажеттілігім осы. Сондықтан осы уақытқа дейін жасағанымның барлығын қайталайтын шығармын.
– Мазмұнды әңгімеңізге рақмет.

Сұхбаттасқан Нұржан ҚАДІРӘЛІ

ПІКІР