«Әдебиетке толқынның ағысымен емес, Жаратқанның жазмышымен келдім»

0 271

«Оқшау ой» айдарының бүгінгі қонағы – М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің құрметті профессоры, филология ғылымдарының кандидаты Сейсекүл Исматова. 

– Сейсекүл Молдабекқызы, сізді сыртыңыздан жамбылдық ақындар мен жазушылар «Ақындардың анасы» деп атағанын естіп жүрміз. Оның сыр-себебі неде?
– Иә, бұл сөзді мен де естіп жүрмін. Сіздің бұл сұрағыңызға әр кезеңде бітірген студенттерімнің мен жайлы жазған мақалаларындағы пікірлері арқылы жауап беріп көрсем…
Шәкіртім Гүлбақыт Берікқызы «Университет тынысы» газетінде: «Қақаған қыстың ақпан айында Сейсекүл мектепке мұғалім болып келді. Сыныптың есігін аша бергені сол еді, қолқаны қабатын иіс мүңк етті. Жуалының қысы қатты болғандықтан балалар аяғын шылғаумен орап, керзі етік, пима киеді. Керзі етікпен кербеңдетіп бірін-бірі тепкен балалардың бұзықтығын, тынымсыздығын көрген жас мұғалім «қайда тап болдым?» деп шошыған да болатын. «Сыныптан шығып талай рет жылап алған кездерім де болатын» деген ұстаз бір айдың ішінде балалармен қатты достасып кеткенін айтады. Адам жанын түсінетін, көз жанардан көңілдегіні оқитын ұстаз ешқандай әдістемесіз әр баланың жүрегіне жол таба білді. «Дәл осы сыныбыммен күні бүгінге дейін араласамыз. Ерекше жақсы көремін. Әрдайым мені іздеп, хабарласып тұрады. Осы балаларымның бастамасымен былтыр ғана Жуалының Құрметті азаматы атағын берді. Барлық шәкірттеріме разымын. Олар менің жүрегіме жылылық екті», деп ақ пейілін ақтарған Сейсекүл әпкеміз ұстаздықты ұқтырған да, қандай қасиетті мамандық екенін түсіндірген де осы алғашқы сыныбы екенін толғана айтты.
«1991 жылы жас ақындардың басын қосатын «Жасын» үйірмесін құрдық. Талабы зор, өлеңге, әдебиетке деген құштарлығы бар жастардың басын қосқан бұл үйірме әлі күнге өз жұмысын жалғастырып келеді. Ақын-жазушылармен кездесулер өткізіп, өлеңдерді талдау арқылы көп жастарымыз бағыт-бағдар алды, үйренді, жетілді. Баланы сөзбен тәрбиелеу мүмкін емес, оларға тек ісіңмен көрсетіп, үлгі болсаң ғана ізгі қасиетті қабылдайды. Әйтпесе құр сөз, бос әурешілік», дейді ұстаз.
Биязы мінезімен бәрімізді бірден баурап алды. Екінші анамыздай болып кетті. Алғашқы күннен әдебиетке әуестігі, өлеңге іңкәрлігі білініп тұрді. Бізді жақындастырып жіберген де сол еді. Уақыт өте келе, әдебиетке жақын студенттерді жинап, әдебиеттің айдынында өзіндік жолын қалдырып, өмірден ерте кеткен ақын Бауыржан Үсенов жайлы кеш жөніндегі ойымен бөлісті. Бауыржан ақын туралы бұрын-соңды естігеніміз жоқ еді. Сондықтан оның шығармашылығымен тереңірек таныстық.
Біз жиі айтып, толғанатын өмір қамшының сабындай ғана қысқа болса, Сейсекүл Молдабекқызы сол алтын уақытын ұрпақ тәрбиесіне, жастың бойында адамдық қасиетті қалыптастыруға арнады. Ұстаз атына лайық болуға, мәртебелі мамандықтың шоқтығын биік ұстауға ұмтылды. Айналасындағыларға жүрек жылуын сыйлап, шапағын шашты. Адалдықты, шындықты ту етті. Өмірімен өнеге ұстаздың еселі еңбегі елеусіз емес, әрине. Еліміздің әр бұрышындағы шәкірттері анасындай сыйлап, ерекше құрметтейді. Айналаңдағылардың махаббатына, шынайы ілтипатына кенелудің өзі бақыт емес пе?! Жасай беріңіз, жаны ізгілікке толы жақсы жан!»– дейді Гүлбақыт Берікқызы.
Ал ақын шәкіртім Райхан Мәселбекова қалалық «Jambyl-Taraz» газетіне «Ұстаздың жолы– ұлы жол» тақырыбында берген мақаласында: «Осы күні ойласам, егер Сейсекүл апай кеш өткізіп, ақынның өзі өлсе де өлмейтін өлеңдерін танытпағанда, өмірден кім өткенін білмей кетер едік. Ақындар шығармашылығына арналған кеш өткізу туралы ой келсе, апайымыз жанары жалындап, ерекше ілтипатпен қоштай кететін еді. Апайымыздың ұйытқы болуымен ақын Серік Қалиевтің, Абай Құнанбаевтың, Мұқағали Мақатаевтың және сол секілді көптеген шығармашылық кештер өткізілді. Бір жолы өткізген кешке өзі сабақ беріп жүрген сол кездегі қазақ-түрік есеп-экономикалық колледжіндегі өлеңге құмар, әдебиетке жақын студенттерді де шақырыпты. Олар да шетінен өлең оқып, домбырамен күй тартып, кештің көрігін қыздырғаны бар еді.
Сейсекүл апай қайда жүрсе де өнерге жақын жастарды жинап, қамқорлық көрсетіп жүретін. Институтты бітіргенімізге 25 жылға жуықтаса да байланысымыз үзілген емес. Қалай десек те бізді жақындастырған – сөз өнері, өлең, әдебиет. Жүрген жерінде ақын-жазушылардың жоғын түгендеп, өнерін паш етіп жүру – Сейсекүл Молдабекқызының сүйікті ісі. Өзі содан ләззат алады. Бұл – өнерге, өлеңге деген құрметі», – дейді.
М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің профессоры, әріптесім Рақым Садықбеков «Аqjol» газетіне жазған «Көз алдыма ұмтылған ана бейнесі» атты эссе-толғауында: «Институт қабырғасында жүріп, ол шәкірттерінің ең жақын ұстазына айналды. «Ақындардың анасы» деген атақ алды. Ақындар Бауыржан Үсенов пен Артығали Ыбыраевтың еске алу кештерін өткізді. Сондай-ақ Серік Томанов, Үміт Битенова, Күләш Ахметова, Айша Көпжасарова, Ғайни Әлімбекқызы, Маралтай Райымбекұлы мен әншілер Досымжан Таңатаров, Маралбек Бабақұловпен кездесу кештерін ұйымдастырды.
Бүкіл ғұмырын білім саласына арнаған білікті ұстаздың қаламынан ұрпақ тәрбиесі, әдебиет әдістемесі турасында түрлі әдеби тақырыптарды қамтитын ғылыми еңбектер туды», – дейді.
Тағы бір шәкіртім Нұрболат Сатымқұлдың «Aqparat-aidyny» газетіндегі «Жарқын болашаққа жол сілтеген ұстазым мерейлі 70 жасқа толды» деген мақаласында: «Сейсекүл әпкем Жуалы ауданындағы Мыңбұлақ орта мектебінде анамның сынып жетекшісі болған. Сондықтан ұстаздың жарқын бейнесі мен мейірімді жүзі бала кезімнен таныс. 11-сыныпты бітірген соң Сейсекүл әпкеммен ақылдасып, Алматыға ҚазҰУ-ға құжат тапсырдым, бірақ грантқа түсе алмадым. Сөйтіп, бір жыл оқуды қоя тұрып, жұмыс істемек болдым. Сонда Сейсекүл әпкей құжаттарымды алып, оқуды төлеп беріп, сол кездегі Тараз мемлекеттік педагогикалық институты филология факультетінің «Қазақ тілі мен әдебиеті» мамандығына ақылы бөліміне түстім.
Осылайша «Жасын» атты студенттік шақта көптеген кештер ұйымдастырдық. Мұқағали Мақатаевтың туған күніне арналған, жалғанды жалпағынан басып өмірден озған ақын Серік Томановтың, жұмбақ күйде арғы өмірге аттанған Артығали Ыбыраевтың, небәрі 29 жасында қайтыс болған Бауыржан Үсеновтің кештерін дүркіретіп өткізгенбіз.
2012 жылы Арқалық қаласындағы Ыбырай Алтынсаринның мерейтойына орай ұйымдастырылған мүшәйраға қатысып, І орынды қанжығаға байладым. Сол жылы жаз бойы досыммен Ақтауда жұмыс істеп, қыркүйек айында сабаққа бара алмадым. Үшінші курста оқып жүрген кезім еді. Бір айдан кейін келсем, Меруерт Көпбаева деген факультеттің жаңа деканы «Өз еркіңмен оқудан шық немесе ректор грантынан бас тарт», деді. Сөйтіп, гранттан бас тарттым. Ала жаздай Ақтауда жұмыс істеп жүрген кезде ректор Асқар Абдуалы ТарМУ-дың бірінші проректоры болып ауысқанында екі адамды грантқа ауыстырған екен. Оқудан шығарайын деп жатқан кезде ғана мемлекеттік грантқа өткенімді білдім.
Міне, осындай істің барлығында бүкіл саналы ғұмырын ұстаздыққа арнаған Сейсекүл Исматованың еңбегі өлшеусіз. Жасыратыны жоқ, Таразға жан-жақтан ақындар қонаққа келгенде ақшалай қолдау көрсететін ұстазым. Әкем қайтыс болған кезде де демеу беріп, анамдай қарайласты… Бүгінгі таңда республиканың түкпір-түкпірінде қызмет етіп жатқан озат шәкірттері бар. Қаншама жастарға демеу болып, дұрыс бағыт-бағдар берген ұстазға деген алғысым шексіз.
Арман қуып келген талай жасқа қанат бітіріп, биік белеске жетелеген, күш-жігер, жарқын болашаққа сенім беріп, үміт отын жаққан ұстаздың еңбегіне шәкірттері бас иеді. Сіздің білім жолындағы еңбегіңіз ешқашан өшпейді. Бала жанының бағбаны бола білген ұстаздың ақыл-кеңесі мен мейірімді бейнесі болашаққа жарық шашып тұра береді» деп жазды.
Мен өзім барлық адамды жақсы көріп тұрамын. Тіпті жағымсыз әрекеті көп кісінің бойынан да жақсы қасиетін іздеймін. Себебі сол қасиеттер арқылы оның жаман әрекеттерін іштей өшіріп тастауға тырысамын. Ал ұстаз болған соң әрбір баланың жан-дүниесіне өзінің туған анасындай шексіз мейіріммен ене білу керек. Алдыңдағы шәкірттеріңнің сезім пернелерін абайлап басып, өмірге, өнерге деген көзқарасын, бейімін ояту арқылы оларды үлкен өмірге жетелейсің, тәрбиелейсің, біршама қалыптастырасың. Бұл – ұстаздық, адами, аналық парызымыз. Жоғарыдағы пікірді айтып жүрген алды республикаға атағы шығып жүрген шығармашыл ұл-қыздарыма алғысым шексіз. Мен олардың кезінде шығармашылық нәзік сезімдерінің оянуына әсер етіп, Жаратқанның берген ерекше қасиеттерін танып, мәпелеген шығармын. Оларға үлкен үмітпен, сеніммен қараған болармын. Бірақ олардың өздері де мықтылар еді. Әрқайсысының бойынан болашақтың үлкен, сыршыл ақындары мен мықты прозашыларын, ұлтын сүйген нағыз азаматтарды көремін.
– Әдебиетке қалай келіп жүрсіз? Шеті жоқ, шегі жоқ бұл айдынға қандай толқынның ағысымен келіп қалдыңыз?
– Мен әдебиетке толқынның ағысымен емес, Жаратқанның жазмышымен келдім деп айта аламын. Ес білген кезімнен бастап басқа, өзіме беймәлім әлемнің әсерімен, әдемі қиялмен, өзіме түсініксіз сезіммен өмір сүрдім. Кішкентай кезімнен әкемнің бізді еркелетіп, қуақы, күлдіргі сөздері суырып салып айтатын өлең жолдары, анамның үнемі мақалдатып сөйлейтін тапқыр, ойлы сөздері маған қатты әсер ететін. Бірін түсініп, бірін түсінбесем де сол сөздері жадымда, санамда ұзақ жүретін.
5 жасымда 7-сыныпта оқитын немере ағаммен ілесіп, оқимын деп мектепке кетіп қалыппын. Сабақтан тыс уақытымның бәрін көркем шығарма оқуға арнайтын едім. Ауылда шаруа көп қой. Үйдегі балалардың үлкені болған соң артылар жауапкершілік те жоғары. Шаруадан қолым босаса, түнде бәрі ұйықтаған кезде бір бұрышқа отырып, шырағданды басыңқырап қойып, алакөлеңкеде кітап оқимын. Әйтеуір кітап кейіпкерлерімен іштей сөйлесіп, соларға еліктеп, сарылып әлек болатынмын.
Табиғаты тұнып тұрған Жуалы жерінің менмұндалап қол бұлғап шақырып тұрған Ақсай, Көксай қойнаулары, содан әріде осы өлкені қоршай ораған Алатау мен Қаратау жоталары менің бала қиялымды тербей есейтіп, ұшы-қиыры жоқ әдемі, сырлы әдебиет айдынына алып келді. 7-сыныптан бастап шимайлап, ұйқасы бірде келісетін, бірде келіспейтін өлеңдер жаза бастадым. Әкем мақтап қояды, мен оған мәз боламын. «Қазақстан пионері» газетіне, «Балдырған» журналына жіберемін. 2-3 айда бір жауап келеді. Осылайша КазҰУ-дың филология факультетіне түстім, яғни нағыз әдебиет майталмандарының ортасына. Факультетке келсең – әдебиетті зерттеп, майын ішкен ғалымдар, сыртқа шықсаң – қарсы алдыңда маңдайы жарқыраған Жазушылар үйі. Сабыла кіріп-шығып жатқан жазушылар, ақындар. Міне, осылардың ортасында өзім аңсап келген әдебиет айдынында еркін жүзіп, шамам келгенше білімімді, тәлім-тәрбиемді алдым. Менің мектепте де, университетте де ұстаздарым, ортам өте жақсы болды. Ұлы Мұхаңның (Мұхтар Әуезов) ғана дәрісін тыңдай алмай қалдым (сол жылдары дүниеден озды), әдебиеттің басқа майталмандарының бәрінің тәлімін, тәрбиесін көрдім, дәрістерін тыңдадым. Өмірде олардың қасында болдым, әлі күнге дейін де солай.
– Өз балаларыңыздың ішінен жолыңызды қуғандары бар ма? Әуесқойлықты айтып тұрған жоқпын, кәсіби түрде?
– Иә, қызық болғанда қыздарымның бәрі менің жолымды қуды. Үлкен қызым Шолпан мектепті медальмен бітіріп, ұстаз болғысы келетінін айтқанда мен өзім қарсы болдым. Сол кезде «сәнге» айналған экономист-бухгалтер мамандығына біздің қалауымызбен барып түсті. Оқуын бітіріп, біраз жыл қызмет істегеннен кейін бұл мамандықты ұнатпай, «Қазақ тілі мен әдебиеті пәнінің мұғалімі» деген мамандықты оқып алып, қазір Алматы қаласында колледжде сабақ береді. Екінші қызым Айман да осы пәннен Нұр-Сұлтан қаласында колледжде ұстаздық етеді. Магистратураны бітірді. Екеуінің де педагогтік қарымы, көп көзқарастары өзіме ұқсайды. Ең қызығы, келінім Алтынай да осы пәннің мұғалімі. Оның поэзияны іштей ұғына тануы, мәнеріне келтіріп көркемсөз оқуы, шығармашыл сезімталдығы, түрлі кештерді жүргізуі жас кезімдегі өзімді қайталап тұрғандай әсер етеді. Ал кенже ұлым Данияр әдебиеттен алыстау, шыншыл, турашыл заң қызметкері болды. Немерелерім де әдебиеттен алыс емес. Нұрайым Назарбаев Зияткерлік мектебінде физика-математика бағытында, Қарақатым үш тілді дарынды балаларға арналған мектепте оқиды. Бағыттары басқа болса да, екеуі де көркем шығармалардың тұрақты оқырманы. Үнемі қазақ әдебиетін шетел жазушыларының классикалық шығармаларымен салыстырып отырады.
– Сүйікті ақыныңыз бен қайталап оқи бергіңіз келетін шығармаларыңыз қандай?
– Мен ақынның, жазушының жүрегінен жарып шыққан көркем шығармасының бәріне құрметпен қараймын және шамам келгенше оқып шығуға тырысамын. Әйтсе де адамның жанына жақын, жүрегіне әсер ететін, іздеген сұрағыңа бірден жауап табатын әдемі поэзия, сыршыл прозалар бар ғой. Бүгінгі таңда әдебиет ғылымы түсініксіз бір бағытқа бет алған іспетті. Белгілі бір жүйелілік, нақтылықтан гөрі жалпылыққа топтасқан әдеби бағыттарға айналып бара жатқан сияқты. Яғни әдебиет теориясында, ғылымында беймәлім әлем танылып келе жатыр. Бұның көркем шығармаға әсер етпеуі мүмкін емес. Өсіп келе жатқан жас ақындарымыз бен жазушыларымыз жаңалықтарды ғылыми тұрғыда дұрыс танып, оқып, ізденіп дамуы керек. Осы орайда біз жаңашылдықты қабылдай отырып, бұрынғы ашық, айқын, нақты сөйлейтін әдебиет әлемімізді жақсырақ танимыз, іздеп оқимыз. Олар көп қой.
Менің жұмыс үстелімнің үстінде хакім Абай мен Мұқағали Мақатаевтың өлеңдер жинағы үнемі жатады. Қолыма түскен шығармалардың бәрін оқимын. Керегімді, ұнағанын теріп отырамын. Бірден өз пікірімді түртемін. Әр шығарманың өз әлемі бар, қажетімізше танимыз.
Соңғы кездері ислам әлемін тереңірек тану мақсатында діни кітаптарды көбірек оқып жүрмін.
Есейген кездегі көзқараспен М.Әуезовтың «Абай жолы» шығармасын тағы бір рет оқып шыққым келіп жүр, бұйырса. Жалпы ақын-жазушылар жайлы естеліктерді, түрлі кездесулерін, қанатты сөздерін, шынайы әзіл-қалжыңдарын оқығанды ұнатамын. Себебі онда шынайылық бар, ұлылардың өмірлерінде, қарым-қатынастары мен қалжыңдарының астарында тәрбие жатады ғой.
– Қарапайым адамдар мен шығармашылық адамдарының мінез-құлқы, қоғамдағы қарым-қатынастағы айырмашылығы бар ма?
– Кімде болмасын өзіндік мінез-құлық, қарым-қатынас бар ғой. Тап-таза мөлдір адам болмайды. Егер тап-таза мөлдір болса, ол – періште. Періште дегеніміз – саналы ұғым. Қолмен ұстауға келмейді. Ұстауға келсе, ол – дене. Адам от пен судың, жалын мен тастың, балшық пен тазалықтың арасынан туған болса, оның ісінде, ой-өрісінде жақсылық пен жамандық қатар жүреді. Қарапайым адам да, шығармашыл адам да осындай жаратылыстың иелері. Бәрінің де тазалыққа көтерілетін, төмендейтін шақтары болады.
«Өмір деген не?» деп бір дана қарттан сұраған екен. «Өмір – әлі ешкім қателіксіз шешіп көрмеген тапсырма. Бәрі де қателеседі. Бәрін де кешіруге болады», деген екен қарт. Сол сияқты пендешілік жағынан мұндай нәрселер бәрінде де кездеседі. Ал шығармашыл адамдардың айырмашылығы, меніңше, оқығаны, тоқығаны көп болғандықтан, дүниеге көзқарасы кеңдеу, танымдық сезімі жоғарырақ, қоғамдық көзқарасы қалыптасқан. Шығармашыл адаммен кез келген тақырыпта еркін әңгімелесуге болады. Барлық жағдайда өзінің мәдениеті биік тұруы керек. Бірақ кейде кейбір шығармашыл кісілердің өрескел мінездерін көріп, артық ауыз сөздеріне әттеген-ай деп қаласың.
Ал қарапайым адаммен тіл табысу, шүйіркелесу күнделікті қарапайым тіршіліктің қыр-сырын қозғап, әңгімеге тарту өте тартымды болады. Жандары жомарт, мінездері ашық, қарапайым, ақын Қадыр Мырза Әлі өлеңдеріндегі нағыз қазақты көресің.
Кейде оқығаны көп шығармашылық адамдардан да тоқығаны көп, білімді, мәдениетті қарапайым адамды көргенде көкірегіңді қуаныш кернейді. Осы орайда «Жақсылықты көргіңіз келсе, жүзінен нұры тамған жылы жүздіден күтіңіз» деген хадисте айтылғандай, адамзаттың санасы ілім-білімге, жүзі жылылыққа толған болса, құба-құп болар еді деп ойлаймын.
– Отбасында қандайсыз? Дастарқан үстінде балаларыңызбен әдеби шығармаларды талқылай аласыз ба? Әдебиетке терең бойлаған адамдар жан байлығын түзден тауып, өз үйінде ғаріп сезінетіндер болады ғой, сіз ше?
– Алла сақтасын, жан байлығымызды үйде де, түзде де тауып жүрген адамбыз. Жоғарыда айтып кеткенімдей, бәріміз де әдебиетке жақынбыз. Кез келген уақытта талқылауға уақыт табыла қалады. Мынау әлемді жайлаған індеттің салдарынан жақсы жүйемізден аздап жаңылып қалдық. Бұрын екі аптада бір күнді поэзияға арнап, жаттаған өлеңдерімізді айтып, мәре-сәре болушы едік. Екі апта бойы балаларымыз белгілі бір ақынның шығармашылығымен танысып, өлеңдерін жаттайтын. Үлкен немерем Күләш Ахметованың поэзиясын мәнерлеп оқып, республикадан
І орынды иеленген еді.
Бүгінде онлайн сабақтан ешкімнің уақыты жетпейді. Сондықтан бұл үрдісіміз уақытша тоқтап қалды.
Үйдегі ағаларың да жас кезінде кітапты көп оқыған адам. Немерелеріне Кеңес үкіметі кезіндегі кітаптардан көп әңгімелер айтып отырады. Көңілі келгенде әдеби әзіл-қалжыңды шегіне жеткізе айтады.
Ал студенттерімнің маған берген бағасына үлкен ризашылығымды білдіремін. Менің жүрегімде олардың әрқайсысының өзіндік орны бар. Мен оларды жақсы көремін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.