Айна

Әдеп пен әдет – адамдықтың айнасы

Адам баласының қандай екенін іс-әрекеті мен сөйлеген сөзіне қарап таныған дана халқымыз «Әдепті сөйлеп әдеттен» дейді. Әдеп ұғымына адамгершілікке тән барлық жақсы қасиеттерді, ізгі істерді сыйдырсақ, әдет – кісінің бойына сіңген қылықтарын білдірсе керек.

Біз бүгінде әдеп пен әдеттің түпкі мағынасын түсініп жүрміз бе?
Бұрынғы өткен бабаларымыз жас өскін кішкентайынан нені көріп, нені жиі тыңдап өссе, соған әдеттенеді деп, бүлдіршіндердің, жастардың көзінше бейберекет сөйлеп, арсыз әрекет көрсетпеген. Мұның бәрі де жас тұлғаны әдептілікке әдеттендіру үшін жасалған әдіс еді.

– «Ана бір қолымен бесікті тербетсе, екінші қолымен әлемді тербетеді» деген сөз тіркесі болашақ ел тұтқасын ұстар жас тұлғаның тәрбиесінде ананың рөлі ерекше екенін аңғартса керек. Расымен де, бала бойындағы көптеген көшелі әдеттер ананың әлди әнімен, ақ сүтімен, аялаған жүрегінің мейрімінен келеді. Сондықтан да, халқымыз қыз тәрбиесіне ерекше мән береді. Қыз жүрген жерде басқа кісілер бойын түзеп, әдеп сақтайды. Қыз бала жөнсіз нәрсені көрмесін деп, әшекейлермен безендірілген шолпы таққан. Шолпының сыңғыры арқылы қыз бала келе жатқанын байқаған. «Қызға қырық үйден тыю, қала берсе қара күңнен тыю» сөзі де жолы жіңішке қыз тәрбиесі жауапкершілігінің зор екенін білдіреді.

Әрине, ұл бала да назардан тыс қалмаған. Ұл тоғыз жасқа толғанда тайға мінгізіп, ер қанаты тұлпарға үйрете бастайды. «Ержеткенде ел қорғасын, отбасына пана болсын!» деген ниетпен ата, әке, ағаларының қасына қосып, аң аулауға, мал бағуға, садақ тарту, найзаласу, шоқпар сілтеу сияқты әскери ойындарға машықтандырып өсірген. «Әке көрген оқ жонар, ана көрген тон пішер» деген осыдан шықса керек. Мұның бәрі де баланың бойына әдепті әдет қалыптастыру үшін жүзеге асырылған тәлім.

Кейінгі кездері, жасыратыны жоқ, кейбір отбасыларда баланың көзінше әке мен ананың айқайласып, тіпті соңы ұрып-соғумен аяқталатын жағдайлар кездесіп жатады. Сондай сойқандар бүлдіршіндердің бойына сіңіп, әдетке айналып кетуі де ғажап емес. Анасын соққыға жыққан әкесінің жөнсіз әрекетін көрген бала болашақта қандай отағасы бола алады? Теледидарда ашықтан ашық күнделікті көрсетіліп жатқан ұятты жарнамалар мен кинолардағы іс-қимылдар бала үшін әдеттегі жағдай болып санасына сіңбей ме? Мені ана ретінде осындай оспадарсыздық қатты ойландырады — дейді көп балалы ана Күлсінай Ізбасханова.

Кейуананың бұл уайымы бүкіл қоғамды толғандыруы керек. Шындығы сол, жастарымыздан әдепті әрекет күтуден бұрын бойларына жақсы әдет сіңдіруіміз қажет-ақ.
Әдеп пен әдет жайында ой өрбіткен тәжірибелі ұстаздың да айтары бар.

– «Әкеге қарап ұл өсер, шешеге қарап қыз өсер» деген сөздің жаны бар. Бала – біздің айнамыз, Әкесі мен анасынан не көріп өссе, соған әдеттенеді. Ал, біздің алдымызға, яғни университетімізге ес жиып, оң-солын танитын жастар келеді. Әрқайсысының іс-әрекетінен отбасындағы ұстанымды байқау қиын емес. Олардың жан-жақты тұлға болып қалыптасуына біз де үлес қосып, білім берумен қатар, өнерге баулып, мәдениеттілікке үйретеміз. Базбіреуінен қандай да бір жағымсыз әдет байқасақ, содан арылуына күш саламыз. Әрине, «Ауру қалса да, әдет қалмайды» дейді. Бойға сіңген әдеттен арылу оңай емес. Дегенмен, жақсылықты жарнамалайтын түрлі іс-шараларға қатыстырып, әдептілікке машықтандыруға еңбектенеміз.

Өзім студенттерге отбасы педагогикасынан дәріс беремін. Онда отбасындағы күрделі мәселелерді зерттеу, шешімін табу туралы айтылады. Отбасы – өмірдің бастауы. Әрбір тұлға өз отбасының педагогы. Сондықтан да, бұл жеке пән ретінде қарастырылады. Бала тәрбиесі дүниеге келгеннен кейін емес, ана құрсағынан басталады. Біздің дана халқымыз өмірден көрген тәжірибесін екшеп, тиімді тәсілін салт-дәстүр ретінде қолданып, кейінгі ұрпаққа ұластырып отырған. Құрсақшашардан басталып, жерлеу рәсіміне дейін жалғасатын адам өміріне қатысты ғұрпымыз бар. Оның әрқайсысының астарына байыппен қарасаң, терең ұғым жатыр. Құрсақшашар дәстүрінің өзі бала тәрбиесінің сол кезеңнен басталатынын аңғартады. Қуанышқа құрылған дәстүрлерімізден бөлек, адам қайтыс болғанда өткізілетін рәсімдердің өзі бауырмалдықты, сыйластықты, қимастықты, мейірімділікті меңзейді. Міне, осындай мағынасы салмақты салт-дәстүрлерімізді көріп өскен бала әдептілікке әдеттенеді, — дейді Тараз мемлекеттік педагогикалық университеті «Өнер және мәдениет» факультетінің деканы, педагогика ғылымдарының кандидаты, доцент, «Болашақ» Халықаралық стипендия иегері Лескүл Ибраимова.

Өмірде көргені көп тәжірибелі ұстаздың да айтары – әдепті баланы әдеттендіру арқылы өзіміз тәрбиелейміз. Әдептің әліппесінен әсте алыстауға болмайтынын естен шығармай, жеткіншектің алдында жөнсіздікке жол бермегейсіздер, ардақты ағайын!

Қамар Қарасаева

ПІКІР