Саясат

Әдеп жөніндегі уәкіл институтының тиімділігі мол

Written by Aray2005

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтыӊ бес институционалдық реформасын жүзеге асыруға арналған «100 нақты қадам» Ұлт жоспарында мемлекеттік биліктің алдына кәсіби мемлекеттік аппарат құру міндеті қойылып, оған жететін нақты қадамдар айшықталған болатын.

Аталған стратегиялық құжатта мемлекеттік қызметшілердің әдептілігіне ерекше назар аударылып, жаңа этикалық ережелерді енгізу, мемлекеттік қызметшілер үшін жаңа Этикалық кодексін жасау, Этика мәселелері жөніндегі уәкілетті өкіл лауазымын енгізу қажеттігі көрсетілген.
2015 жылғы 23 қарашада «Қазақстан Республикасының мемлекеттік қызметі туралы» жаңа Заң қабылданып, 2016 жылдан бастап қолданысқа енгізілді.
Әдеп жөніндегі уәкіл туралы құқық нормалары ең алғаш осы Заңда көрініс тауып, уәкіл институты заңдық тұрғыда бекітілді. Атап айтқанда, Әдеп жөніндегі уәкілдің мемлекеттік қызметшілердің қызметтік әдепті сақтауына мониторинг жүргізетіндігі және оған бақылау жасайтындығы айшықталды.
Өз кезегінде, Қазақстан Республикасы Президентінің 2015 жылғы 29 желтоқсандағы №153 Жарлығымен Әдеп жөніндегі уәкіл туралы Ереже бекітіліп, Әдеп жөніндегі уәкіл ұғымына анықтама берілді. Сонымен бірге, Ережеде Әдеп жөніндегі уәкіл өзіне жүктелген міндеттерді жүзеге асыруға қажетті кең ауқымды функциялары мен құқықтары көрініс тапқан.
Қазақстан Республикасының Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің облыс бойынша департаменті аймақтағы мемлекеттік органдардың әдеп жөніндегі уәкілдерінің қызметін үйлестіруді және әдістемелік қамтамасыз етуді жүзеге асырады. Осы ретте, әдеп жөніндегі уәкілдердің қызметіне департамент тарапынан жүйелі түрде талдау жүргізіліп тұрады.
Нақтырақ айтқанда, бүгінгі күні облыстың 35 мемлекеттік органында әдеп жөніндегі уәкілдер қызмет етсе, оның 13-і жергілікті органдарда, ал 22-сі орталық органдардың аумақтық бөлімшелерінде.
Жамбыл облысы әкімі аппаратында әдеп жөніндегі уәкіл лауазымы жеке дара штаттық бірлік ретінде енгізілген болса, қалған органдарда уәкілдің функцияларын жүзеге асыру басшылық қызмет атқаратын, сондай-ақ ұжымда қадірлі және құрметке ие болған мемлекеттік қызметшілерге жүктелген.
Соңғы екі жылда жергілікті атқарушы органдардың уәкілдерінің қызметіне жүргізілген талдау келесіні көрсетті.
Тараз қаласы және 10 аудан әкімі аппараттарының Әдеп жөніндегі уәкілдерімен 2018 жылы 432 (2019 жылы 278) азамат түрлі мәселелермен жеке қабылданды, оның ішінде 256-сы (2019 жылы 111) жергілікті жерге шығу арқылы.
Мемлекеттік қызметшілердің әдеп нормаларын бұзу фактілері бойынша Әдеп жөніндегі уәкілдерге келіп түскен өтініштердің төмендеу динамикасын байқауға болады. Мәселен, 2018 жылы 59 өтініш тіркелген болса, 2019 жылы 29 өтініш түскен, олардың сәйкесінше екеуі және 6-сы расталған. Бұл ретте, 2018 жылы 2 арыз иесінің бұзылған құқықтары мен заңды мүдделері қайта қалпына келтірілсе, 2019 жылы бұл көрсеткіш 4 азаматты құраған.
Әдеп кодексі мен мемлекеттік қызмет, сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл салаларындағы заңнаманың сақталуы бойынша 711 (723) түсіндірме шаралары өткізілді. Әдеп жөніндегі уәкілдердің ұсыныстары негізінде 5 (2019 жылы 14) мемлекеттік қызметші тәртіптік жауапкершілікке тартылса, керісінше өз қызметін адал әрі нәтижелі атқарғаны үшін 36 (46) қызметшіге көтермелеу шаралары қолданылды.
Осылайша, мемлекеттік қызметтің қазақстандық моделіне енгізілген Әдеп жөніндегі уәкіл институты жыл өте өзінің тиімділігін көрсетуде. Сондай-ақ Қазақстан Республикасы мемлекеттік қызметінің әдептілік, құқық бұзушылықтарға төзбеушілік қағидаттарын жүзеге асырудың, оның ішінде сыбайлас жемқорлық көріністерінің алдын алудың нәтижелі тетігіне айналуда.

Руслан ШАРИПОВ,
Қазақстан Республикасы Мемлекеттік қызмет істері агенттігі облыс бойынша департаменті мемлекеттік қызмет саласындағы бақылау басқармасының басшысы

ПІКІР