Әділдік іздеген адам «Nur Otan»-ға барады

0 26

«Nur Otan» партиясы облыстық филиалының қоғамдық қабылдауында облыс әкімінің орынбасары Талғат Мамаев өңір тұрғындарын жеке сұрақтарымен қабылдап, азаматтардың мұң-мұқтажына құлақ түрді. Қоғамдық қабылдауға Байзақ ауданы Мәдімар ауылынан келген Сәуле Абдраманова Тараз қаласында 2006 жылдан бері тұрғын үй кезегінде тұрғанын, арада қанша жыл өтсе де үй кезегі еш жылжымайтынын мәселе етіп көтерді.
– Уақытында кезекке кәмелет жасына толмаған 3 ұл, 1 қызды бағып-қағып отырған жалғызбасты ана ретінде тұрғанмын. Қазір балаларымның жасы 18-ге толып кетті. Өзім биыл елуге толдым. Енді 10 жылдан кейін жасым 60-қа келеді. Осы уақытқа дейін үйсіз-күйсіз жүргенім жаныма батып жүр. Жұмысқа да жарамсызбын. Маған жақын арада баспана беріле ме, берілмей ме? – деді ол.
Тараз қаласы әкімдігі тұрғын үй қатнастары бөлімінің басшысы Ғазиз Ералиевтің айтуынша, бұрын пайдалануға берілген тұрғын үйлерде 1 бөлмелі пәтерлер аз болғандықтан кезек былтырға дейін баяу жылжыған көрінеді. Биыл салынатын үйлерде 1 және 3 бөлмелі пәтерлердің басым болуы қолға алыныпты. Соның есебінен жыл ішінде 1 бөлмелі пәтерлері бар бірқатар үйлер пайдалануға берілмек. Ендеше Сәуле Құдайбергенқызының келер жылдың басында баспаналы болуына толық мүмкіндігі бар. Өйткені ол былтыр бір бөлмелі пәтер үшін 145 кезекте тұрса, өткен жылы осындай пәтерге мұқтаж адамдардың баспанамен қамтылуы есебінен С.Абдраманованың кезегі биыл 44-ке жылжыған. Мұндайда қазақ «Көрінген таудың алыстығы жоқ» дейді.
Тараз қаласы Шалғай Қарасу тұрғын алқабынан Әсет Маханбердиева «Nur Otan» партиясынан үйіне газ кіргізуге көмек сұрай келіпті. Бұл жөнінде Талғат Шариұлы тиісті тарапқа аталған тұрғынның үйіне биыл газ кіргізуді тапсырды. Өтініш иесі қызмет көрсетуші серіктестікке 300 мың теңгенің жартсысын биыл, қалғанын келер жылы бөліп төлейтін болды.
Ал Жамбыл ауданы Қараой ауылының тұрғыны Мұратбай Елдесов былтыр зейнетке шыққанын, алайда еңбек өтілі 5 жылға кем есептелгенін сөз етті. Бұл жөнінде зейнеткердің өтініші бойынша Өзбекстанға ресми түрде сұраныс хат жолданып, анықтама алдырылатын болды.
Осы ауданның Көлқайнар ауылдық округі Тастөбе ауылының тұрғыны Қойшыбай Амандосов аталған аудандағы шаруа қожалығымен арада болған жер дауы бойынша әділдікке жете алмай жүргенін айтып шағымданды. Т.Мамаев бұл жөнінде арнайы комиссия құрылып, мәселе зерделенетінін, жағдай бақылауға алынатынын жеткізді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.