Адыраспанды жұлар алдында неге рұқсат сұрайды?

0 414
Адыраспанды халық қазір бұрынғыға қарағанда жақсырақ біледі. Әсіресе әлемде, елімізде соңғы бір жылдан бері болып жатқан пандемия кезінде қадір-қасиетін ерекше аңғарды. Негізінен, адыраспанды табу оңай. Қысы-жазы базарда сатылады, оның түтінімен тауарларды, көліктің ішін аластап жатады. Ал пандемиядан кейін оны арнайы қалташаларға үгітіп, пайдалануға ыңғайлы етіп те қойған. Адыраспанды пайдалануда әртүрлі ұғым, мән бар: сатушылар тауарларды жылдамырақ өтеді дейді, көлік иелері, үй иелері оның түтіні түрлі микробтарды, вирустарды жояды деп есептейді. Қазақтағы бұл ырым да негізсіз емес.
Бұл өсімдік, бұл шөп жайында қазақта аңыз, әңгіме көп. Адыраспанды қасиетті шөп, дәрумендігі бар деп есептеген. Тіпті ол жайындағы бір аңызда оны жұлып алу үшін рұқсат сұралуы керектігі де айтылады. Бұрынғылардан қалған сөз бойынша: шөпті теруге барғанда: «Ассалаумағалейкум, адыраспан, бізді сізге жіберді, Омар Оспан», – деп адыраспанды жерден жұлып алған екен. Омар, Оспан дегені – сахабалар.
Жалпы бұл шөп әлемнің көптеген жерінде, шөлейттілеу өңірде кездеседі. Әр халық оны өзінше атайды, ал ғылыми атауы – гармала. Оны қазақтар бұрыннан дәрі ретінде пайдаланған. Қайнатып сұйығын ішкен, түрлі жараларға жаққан, отқа жағып, түтінімен үйдің ішін, басқа да тұрғын орындарды ыстаған, аластаған.
Сонымен қатар оны у ретінде пайдаланған деген аңыз бар. Аңыздардың бірінде тақты Сырым батырды да осы адыраспан уымен өлтіріпті деген сөз бар. Бұл да оның ерекше қасиетін аңғартады. Жыланның уын да адам дәрі ретінде пайдаланатыны белгілі. Яғни, «кез-келген шөпдәрі өз мөлшерінде – ем, мөлшерден тыс -у» деген қағиданың өміршеңдігін аңғарамыз.
Адыраспанның қасиеті көп. Оның құрамында, әсіресе дәнінде алколоидтер мол. Оның пайдасы да бар, зияны да көп. Білмей пайдалансаң, зиянына ұшырауың әбден мүмкін. Тіпті оны қолмен жұлып жинасаң да уланып қалу қаупі бар.

Leave A Reply

Your email address will not be published.