Ағайынды ақжүрек азаматтар

0 7

Өткен ғасырдың 80-жылдарының соңында даңқты жерлесіміз, Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековті жөн-жосықсыз жабылған жалалардан ақтап, оның рухын құрметтеп, жастарымызды отансүйгіштікке, ұлтжандылыққа тәрбиелеуде біршама игі істер атқаруға мұрындық болдым деп сеніммен айта аламын. Бұл орайда «Жалғыздың шаңы шықпас» дегендей, бір адамның (Қайраттың қорғаушы-ұстазы Сейіткерім Қожаназаровтың қолдауын қоспағанда) қолынан ауқымды шараларды өткізу оңайға соқпайтыны тағы белгілі. Дарқан жүректі көптеген азаматтар мен мекеме-ұжымдардың қол ұшын бергені жасырын емес.

Сондай жаны жайсаң жандардың бірегейі Төле би ауылында туып-өскенімен, Мойынқұм ауданының Бірлік ауылында Қ.Рысқұлбековтің ата-анасымен көрші тұрған Найманхан Нүпбаев болатын. Ресейдің Сарытау қаласында жоғары оқу орнын бітірген Нәкең Көктерек кеңшарында ұзақ жылдар агрономдық қызметті абыроймен атқарған еді. Білікті де білімділігімен қоса өз мамандығын жан-тәнімен ұнататын. Тәуелсіздік таңы атар-атпастан Бірлік ауылындағы өзі оқыған Киров атындағы орта мектепке Қайраттың есімін бергізерде бір кісідей атсалысты. Ескерткіш орнатқанда, мәдениет үйінің маңдайшасына «Желтоқсан» жазуларын Алматыдан жасатып әкелгенде де Найманхан Нүпбайұлы жеке көлігімен аянбай көмектесе алды. Сондай-ақ жас боздақтың туыстарына қол ұшын беріп тұруды да ұмытпайтын.
Қ.Рысқұлбеков 1973-1981 жылдары қазіргі Төле би ауылындағы мектеп-интернатта оқып, балғын балалық шағының өткені көпшілікке белгілі. Сонау Семей, Зайсан, Шымкент, Жетісай қалаларында зиратына құлпытас орнатылуына ас ұйымдастырылып, ескерткіш тұрғызылып, көшеге, саябаққа есімін бергізіп, тақтатас қойылып жатқанда Шу ауданының орталығы Төле би ауылында мұндай игі іс-шаралар кенжелеп, тіптен тоқтап тұрғандай еді.
Осы себептен 1998 жылдың жазында Бірлік ауылынан Төле биге қоныс аударуыма тура келді. Көп ұзамай С.Шәкіров атындағы орта мектепте мұражай бөлмесі ашылып, 2001 жылдың желтоқсанында тақтатас орнатылды. 2016 жылы аудан әкімі Рүстем Дәулеттің қолдауымен орталық алаңға Керей мен Жәнібек хандардың, Алтын адам мен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбековке арнап Тәуелсіздік горельефі орнатылды. Спорттық жарыстар өткізіліп, туған күні 13 наурыз бен Тәуелсіздік мерекесі қарсаңында ұлағатты іс-шаралар ұйымдастырылып келеді. Атап айтсам, жастар мен жасөспірімдер арасында шығыс жекпе-жегінен Халық қаһарманы Қайрат Рысқұлбеков атындағы республикалық турнир 2019 жылы желтоқсанда жиырмасыншы мәрте өткізіліп, жылдағы айтулы дәстүрге айналды. Бұл ретте Шу қалалық таэквондо федерациясының президенті Марат Тілеуқұловтың қажырлы еңбегін айтпай кетуге болмас.
Киелі Шу өңірінде де дарқан жанды ақжүрек азаматтар бой көрсетіп, игі істерге қолдау көрсетіп отырады. Атап айтсам, өзімді қызметке алып, «Қайрат. Желтоқсан. Тәуелсіздік» кітабымның жарыққа шығуына жәрдемдесіп, біршама басқосуға демеушілік көрсетіп жүрген бұрынғы аудандық мәслихаттың депутаты мен «Тасөткел» коммуналдық мемлекеттік кәсіпорнының негізін қалаған ертедегі директоры Нұрахан Ибраимовты ерекше атап өткім келеді. Жастайынан ата-анасы мен бауырларына қолғабыс тигізіп, үй іргесіндегі бау-бақшаны күтіп-баптап, суару жұмыстарымен айналысқан Нұрахан Нүпбайұлы 17 жасында Белоруссияның Горки қаласындағы Қазан революциясы, Еңбек Қызыл Ту орденді Ауыл шаруашылық академиясының «Гидротехник-инженер» мамандығына 1971 жылы оқуға түседі. Қазақ КСР-інен оқуға қабылданған он адамның біреуі ғана қазақ еді. Ол Ибраимов Нұрахан Нүпбайұлы болатын. Сол кездері Нұраханның суретін академияның құрмет тақтасына іліп, «Первый казах-студент» деп жазып қояды екен. Ерекше таңданарлық жайт, сол кездерде дәл сол академияда Беларусь елінің қазіргі Президенті А.Лукашенко Нұраханмен қатар оқыған. Бірақ бірі-бірін танымаған.
Бірлік ауылында жолым болмай, жаным жабырқай қалса, ақыл-кеңесімен демеп, ұнжырғамды түсірмей жүруіме себепкер болған Найманхан Нүпбайұлы болса, Шу ауданында інілік ізетпен сыйласып қана қоймай, тәлім-тәрбиелі іс-шаралардың ойдағыдай өтуіне атсалысып жүрген азаматтардың алдыңғы қатарынан табылатын Кенжебек Ибраимов еді десем, артық айтпаған болар едім. Екі бірдей жоғары оқу орнын аяқтап, С.Шәкіров атындағы орта мектепте көптен бері алғашқы әскери дайындық пәні мұғалімі, жоғары санатты ұстаз Кенжебек Нүпбайұлы Желтоқсан көтерілісіне қатысушылардың бірі. Оның әрдайым қоғамдық жұмыстардың бел ортасында тыным таппай жүргенін көремін. Өткен жылдардан бері «Желтоқсан тағылымы» қоғамдық бірлестігінің төрағасы. Сайлау комиссиясының мүшесі, «Отан» қоғамдық бірлестігінің президиум мүшесі. «Қаһарман Қайрат», «Шу ауданына – 80 жыл» төсбелгілерімен, «Отан» қоғамдық бірлестігінің «Отан» медалімен, аудан әкімі мен мәслихаттың Құрмет грамоталарымен марапатталғандығы қажырлы еңбегінің жемісі. Бірде Кенжебекпен пікірлесе қалғанымда: «Орта мектепті бітіргеннен кейін Бірлік ауылындағы Найманхан ағамның үйінде жоғары оқу орнына түсуге дайындалуыма тура келді. Бір күні бауырыммен жақын сыйласып тұратын танымал жазушы Тәкен Әлімқұлов ағаның қонаққа келіп қалғанын әлі күнге ұмыта алар емеспін. Тәкеңнің қөңілінің жабырқау екендігін жас болсам да бірден байқадым. Өзінің айтуынша, Украин жазушысы Иван Стаднюктің «Война» романын қазақшаға «Қансоғыс» деп тәржімалап, баспаға ұсынғанда ондағылар кітаптың атауымен келіспей «Соғыс» деп жіберген ғой. Соған ол кісі көпке дейін ренжіп жүрді. Найманхан ағам мен Қымбат жеңешем жұмыстарына кетеді де, үлкен үйде екеуіміз ғана қалатынбыз. Мені баласынбай, көңілі түскенде қарапайымдылығымен ақжүректен ақтарыла тағылымды әңгімелер қозғайтын. Ара-тұра асылып жатқан етті місе тұтпай, аңсағандықтан шығар, асханадан гуляш алып келуге жұмсайтын», деп еске ала отырып, мені Алматы зоотехникалық-малдәрігерлік институтына оқуға түсуге бірден-бір себепкер болған тұлға, белгілі дипломант әрі қоғам қайраткері Сайлау Батыршаұлы болатын», деп бар шынын айтты.
Иә, өмір бір орнында тоқтап тұрмайды, өзен суы іспеттес бұраңдала бірде баяу, бірде қатты жөңкіле ағып жатады. Бүгінде жасым да шау тартып, өткен жылы жетпістің табалдырығынан аттаппын.
Ширек ғасырдай бұрын кездейсоқ жол апатынан мерт болмағанда қайран Найманхан досым да 70 жасты еңсеретін еді ғой. Алла берген немерелерін ойнатып, арамызда шат-шадыман жүрер ме еді! Дейтұрғанмен көпбалалы отбасыдан шыққан оның ұл-қыз, немерелері мен ізбасар бауырларының барлығына іштей тәубе деп, көңіл жұбатады. Ынтымағы жарасқан бауырлардың батагөй ақсақалы Шаншарбек Нүпбайұлы 75 жастан асса, Нұрахан мен алпыстың асуынан аттаған Қылышбек зейнеткер-ардагерлер. Ал Кенжебек Ибраимов болса, асқаралы 60 жасқа таяп қалды. Шіркін, халық игілігі жолында тер төге еңбектеніп қана қоймай, өскелең ұрпақты отансүйгіш, ұлтжандылыққа тәрбиелеу мақсатындағы ұлағатты шараларға белсене атсалысып отыратын осындай азаматтар көп болса ғой…

Мәкен УАҚТЕГІ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі, Шу ауданының Құрметті азаматы
Шу ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.