Ағлан мен Арлан

0 6

Соңғы күндері бес жасар Ағлан томаға-тұйық жүретінді шығарған. Балабақшадан келген бойы терезе алдында сыртқа көз тастап қарайды да тұрады. Оның сондағы ойы – көрші үйдің үшінші қабатында тұратын өзі құралпы Сашка деген орыс баласының жетегіндегі кішкентай қанден күшікті көру. Көріп тұрып «Менің де күшігім болса, бірақ мұндай емес, із кесетін, иісшіл овчарка болса» деп арман жетегінде кететіні бар. Ондайда «Балам, тамағыңды іш, суып қалатын болды» деген анасының сөзін елемейді, мүмкін ойға шын берілген ол естімеген де шығар.

Баласының бұл қылығына алаңдай бастаған анасы:
– Балам, неге көңілсізсің? Біреу сені ренжітті ме?
– Жоқ.
– Ендеше неге тамағыңды ішпейсің?
– Анашым, ішкім келмейді.
– Неге?
– …
Келесі күні де осы көрініс қайталанған. Ағлан терезе алдында тұр. Қасына жақындаған әкесі мен шешесін байқар емес.
– Балам, – деген әкесінің дауысынан селт етіп, артына қараған.
– Балам, саған не болған? – деді әкесі оны құшақтап тұрып.
– Жай, әншейін.
– Жайдан-жай болмайды. Ойыңдағыны жасырмай айт.
– Әкешім, мына терезеден сыртқа қараңызшы. Күшік жетектеген баланы көріп тұрсыз ба?
– Көрдім. Ол көрші үйде тұратын Иван атайдың баласы ғой.
– Иә, ол Сашка. Жетегіндегі күшікті көріп тұрсыз ба?
– Көріп тұрмын. Қанден ғой.
– Маған да күшік керек. Бірақ кинодағы із кесетін ит қажет.
– Ағлан-ау, о не дегенің? Біз жер үйде емес, көпқабатты үйде тұрамыз. Оның үстіне ана Сашка секілді орыс ұлтының өкілі емессің. Қазақсың. Мұсылмансың. Итті үйде ұстау қанымызға сіңбеген қасиет.
– Сонда маған күшік әпер­мей­сіз бе? – деп жыламсыраған бойда Ағлан өз бөлмесіне кіріп кетті. Бөлме есігін ішінен құлыптап алды.
– Отағасы, жалғыз баламызды жылатып қарап отыра бермекпіз бе? Бір амалын тапсайшы, – дейді отанасы.
– Сонда маған не істе дейсің?
– Үйді сат, жер үй алайық.
Отағасы ойланып қалды. Жалғыз баласынан несін аясын. Сол күні-ақ телефонды қолға алып, газетте жарық көрген «айырбастаймын», «үй сатылады», «үй сатамын» деген хабарландырулар бойынша қоңырау шала бастаған.
Әлден уақыттан кейін ол:
– Сүйінші! Қазір «үй сатып аламын» деген кісі келеді. Ақша қолға тиген соң «үй сатамын» деген кісіге барып жолығамыз, – деп жас балаша қуанған әкесі баласының бөлмесіне жақындап:
– Балам, есігіңді аш. Ертең жер үйге көшіп, саған овчарка күшігін алып беремін. Екеуміз базарға барамыз. Күшікті өзің таңдап аласың, – деуі мұң екен, Ағлан бөлмесінен жүгіре шықты. Екі көзі ісіп кеткен. Өксігі басылмаған ол:
– Ш-ш-шынымен а-а-айтасыз ба, әке-е-шім, – деген Ағлан әкесін құшақтай алды.
Әкесі мен баласының арасындағы көріністі сырттай бақылап тұрған анасының көзіне жас үйірілді.
Бұл қуаныштың көз жасы еді.
* * *
Бұл үйге күшік келгелі Ағланның қуанышында шек жоқ. Екеуі бір-бірінен бір елі ажырамайтын егіз секілді. Ағлан үшін балабақшада өткізетін уақыт пен түнгі уақыт ауыр тиіп жүр. Арлан үшін де солай болар, өйткені сол уақыттарда тамақ та, су да ішпестен, аула есігінің алдында шоқиып отырғаны. Арлан өз досын шығарып салып, күтіп алуды көздейтіндей.
Арланның бұл үйге келгеніне алты ай уақыт өткен. Күннен-күнге тұлғаланып келеді. Екі құлағы тікірейіп, түлей бастағаннан-ақ нағыз неміс овчаркасынан аумай қалды. Өзі сондай сүйкімді. Оған көршінің балалары да қызыға бастаған. Үлкендер жағы «Төрт танкист және бір ит» киносындағы Шариктің өзі ғой» деп таңырқанады, тамсанады. Олардың тамсанатын, таңырқанатын жөні бар. Осыдан ай бұрын көршінің үйіне ұры түсіп, теледидар мен құнды заттарын қолды етіп кеткен. Сол ұрыны осы Ағланның иісшіл иті тауып беріпті деген сөз ел арасында желдей ескен.
Арада жылжып жыл өтті. Ағлан өз үйінен екі көше арыдағы орта мектептің даярлық сыныбына барып жүр. Әдеттегідей күнде таңертең сабаққа кетіп, үйге түсте бір-ақ оралады. Арлан болса аула қасындағы үйреншікті орнында шоқиып, иесін күтіп отырғаны.
Бүгін Ағлан кешігіп жатыр. Ит тықыршып бір орнында тұра алмай, аула ішінде қыңсылаумен жүр. Ауладан шығу мүмкін емес. Биік қоршау. Әлден уақыттан кейін тап осы үйдің алдынан бір көліктің шиқылдап келіп тоқтаған дауысы итті ғана емес, осы маңдағы тұрғындарды да шошытқан. Неге екенін, түскі үзілісте үйге келген Ағланның әке-шешесі сыртқа шықпады. Әлде естімеді ме екен.
Арлан бір сойқанның болғанын сезгендей шоқиып отырып алып ұли бастаған. Оған дабылын қосып жеткен жедел жәрдем көлігі мен жол полициясы көліктерінің дене түршіктірер дабыл қаққан дауысы ұйқыдағы адамды да орнынан тұрғызатындай еді.
Арланнан маза қаша бастады. Біресе аула есігін тырмаласа, біресе үйге кірер есікті тырмалап жатқаны. Даладағы дабыр-дүбірді, Арланның ұлыған дауысын естіген Ағланның әке-шешесі есіктен шыға бере аула сыртында тұрған жедел жәрдем көлігін көріп, бір орында қалшиды да қалды. Арлан үй иесінің балағынан тістеп, «алға жүр» дегендей сүйрей бастаған. Екеуінің де естерінен айырылғандай күйде тұрғаны анық еді. Әкесі есін тез жия қойып, аула есігіне қарай тұра жүгірген. Ол өз көзіне өзі сенер емес. Бір бала ес-түссіз жерде жатыр. Таныды. Өз баласы. Таяқ тастам тұста алдыңғы тұсы майысып, терезесі шытынаған ақ түсті «Ауди-100» жеңіл автокөлігі тұр.
– Ағлан, – деп жерде жатқан баласын құшақтай алған әкенің жанайқайын әлі аула есігінен көшеге шығып үлгермеген анасы естіген бойда сол жерде сұлап түскен. Арлан болса Ағланның бет-аузын жалап, иіскелеп байыз табар емес. Арланның көзі бала әкесінің көзіне түскенде «Бар, аула ішінде Ағланның анасы талып жатыр» деген ойды көңіліне тоқығандай әсер етіп, үйге қарай жүгіре жөнелген. Дәл аула есігіне жетер-жетпес тұста шынымен иесінің анасы сұлқ жатыр. Лезде көпшілік жиналған жерге қайта оралып, ақ халат киген дәрігердің етегінен тістелеп, «менімен бірге жүрші» дегендей болған. Бірақ дәрігер түсінбеді. Енді Арлан полиция қызметкерлерінің балағына жармасып, «соңымнан ерші» дегендей алға тартты. Формадағы кісі оны түсіне қойып, иттің соңынан ілесіп аулаға беттеді. Ол ішке енісімен жерде жатқан кісінің тамыр соғысын көріп, «Дәрігер» деп айқай салды. Бірақ оны естімесе керек, ешкім келе қоймады. Арлан сыртқа қайта жүгіре шығып, сол дәрігердің халатынан тістелеп, тағы да алға қарай сүйреді. Бұл жолы дәрігер түсінсе керек, аулада жатқан кісінің қасына келген. Оның жүрек талмасына ұшырағанын түсінген дәрігер қасындағы медицина қызметкерлеріне науқасты зембілге салып, тезірек көлікке апаруды бұйырды.
Тап осы уақытта Ағланды бір жедел жәрдем көлігіне, оның анасын келесі жедел жәрдем көлігіне салып жатқанын байқап тұрған Арлан көлік алға жылжығаннан-ақ қос көліктің соңына ілескен. Көліктер қанша жылдамдықты арттырғанымен, Арлан олардан қалыспай жүгіріп келеді.
Көліктер көпқабатты үлкен ғимараттың алдына келіп тоқтады. Бұл қалалық аурухана болатын. Жан-жағына бажайлап қараған Арлан келген жолымен қайта жүгірді. Сірә, ойы сол апат болған жерде – есік алдында қалған отағасының жайы болса керек. Келді. Ағланның әкесі әлдекімнің жағасынан алып: «Сен баламды мерт еткен, сенің кесіріңнен әйелім де ауруханаға түсті. Жазаңды Құдай мен сот берсін», деп зар илеп тұр.
– Аға, дұрыс айтасыз, көлік руліне мас күйде отырғаны үшін және адамды көлігімен қағып, мертіктіргені үшін бұл адам заң алдында жауап беретін болады, – деген полиция қызметкерінің сөзін түсінгені болар, Арлан ырылдай түсіп, әлгі аяғынан әрең тұрған көлік жүргізушінің ытырылып барып бетінен алды. Әп-сәтте жүргізушінің бет-аузын қан басты.
– Көрдің бе, ит екеш ит те сенің айуандығыңды біліп, бетіңді қан-жоса етті. Енді осы қара бетіңмен елдің алдына қалай шығасың? – деген Ағланның әкесі оған зеки бастады.
– Аға, сабыр етіңіз, – деген полиция капитаны жүргізушінің қолына кісен салып, көлігіне отырғызған бойы кете барды.
Арлан түнімен қыңсылап шықты. Отағасы болса есеңгіреп, бөлме ішінде теңселіп әрі-бері жүр.
Телефонның тұтқасын ұстап әлдекімге хабарласқысы келеді. Сонда кімге, не демекші? Жұбайы мен ұлы ауруханада жатыр. Палаталарында телефон онсыз да жоқ. Кімге телефон соқпақшы ол. Оны өзі де білмейді-ау. Мұндайда есеңгіреп қалған демеуші ме еді үлкендер. Шындығында, ұлы мен әйелін көз алдында дәрігерлер жедел жәрдем көлігімен алып кетті емес пе? Әрине, ауыр соққы. Өзінің ұйқысы да қашқан. Көзі ілініп бара жатса, шошып қайта оянады.
Кезекті рет төсегіндегі жастыққа басын қойғаны сол еді, Ағланның сүйкімді күшігі Арланның дамылсыз қыңсылаған дауысын естіген отағасы терезеден сыртқа көз тастады. Біресе дарбаза есігін, біресе үйдің есігін тырмалай екі ортада тыным таппай жүгіріп жүрген Арланды көрген отағасы шыдай алмай, сыртқы киімінің бір жеңін киер-киместен аяғын асыға басып далаға шықты. Арлан болса үй егесінің аяғына оратылып жіберер емес.
– Арлан, не болды саған? Ағланға барамыз ба? – дейді басынан сипалап. Мұны естіген Арлан дарбаза есігіне қарай жүгірді.
– Ақылды күшігім-ау! Ағланды сағындың ба? Мен де сағындым. Барсақ, барайық. Мен үйге кіріп, жейтін бірдеңелерді алып шығайын. Ендігі олардың қарындары да ашқан шығар, – деген отағасы үйге кіріп кетті. Ит дарбаза есігінің алдында шоқиып әлі тұр.
Міне, үйден Ағланның әкесі де шықты. Екі қолында екі сөмке. Іші азық-түлікке толы. Арлан құйрығын бұлаңдата отағасының балағынан тістеп, дарбаза жаққа сүйрейді. Күшігінің бұл қылығын түсіне қойған Ағланның әкесі қолындағы сөмкелерді шығар есіктің алдына қойып, енді көлігін аша бергені сол еді, Арлан қасында тұрған қос сөмкенің бірін тістей лып етіп көшеге шыққан бойы ауруханаға қарай бет алды.
Отағасы кешелі бері әбден жылауық болып алған. Түні бойы көзінің құрғамағаны даусыз. Енді міне, итінің бұл әрекетін көрген ол тағы да көзіне ерік берді. Ауруханаға баруға өзі де асықты.
Бұл уақытта Арлан аурухана алдында тұрған. Ішке кіргізбесін сезген Арлан аумағы атшаптырым жерге орналасқан аурухананы айналшықтап жүгіріп жүр. Оқте-текте аузындағы сөмкені жерге қойып, үре бастайды. Осылайша Арлан аурухананы бес-алты мәрте айналған шығар. Терезеден сыртқа көз салған науқастар итке таңырқанып, тамсана қарайды.
– Әй, осы дәу де болса кешегі түскен 15-палатадағы баланың иті емес пе екен?
– Мүмкін.
– Оның оң аяғы сынып, терезеге жете алмай қиналып жатқан шығар, жүр, барайық, айтайық, көмектесейік, – деді терезе алдында тұрған екі науқастың ересектеуі. Қасындағысы соңынан еріп 15-палатаға барған. Ағлан итінің дауысын естігенімен, терезе алдына жете алмай ары аунақшып, бері аунақшып пұшайман күйге түскен. Тырысып-ақ жатыр. Жанарына жас үйірілген.
Бұлар кірген бойда Ағлан:
– Ағалар, мені терезе алдына апарыңыздаршы,– деді жалынышты дауыспен. Олар солай етті де.
Итін көрген Ағлан көзіне тағы да жас алды. Ал егесін көрген Арланның қуанғанын көрсеңіз. Аспанға секіреді. Құйрығын бұлаңдатып бір орнында байыз табар емес. Жерге жата қалып аунайды келіп. Енді бірде аузына тістегенін жерге қойып, аурухананы тағы да айналып келіп тұр. Оған терезе ішінен көз алмай қарап тұрған Ағлан мәз. Көзіндегі жас тыйылған. Осынау қуанышты сәтті көру Ағланның әкесіне де бұйырыпты. Ол да осында тұрған топтың ішінде. Әкесінің келгенін Ағлан да, Арлан да байқар емес. Тек отанасы иттің қасына келіп басынан сипағанда ғана ит отанасының аяғына жығылып, қос аяғын қапсыра құшақтай алған, жіберер емес. Шамалы уақыттан кейін медбикелер баланы қоларбаға отырғызып, қаумалаған халықты қақ жара олардың алдына келгендегі көріністі сөзбен айтып жеткізу қиынның қиыны шығар, көптің бірі күліп тұрса, бірі көз жасын сүртумен әуре. Расында, бабаларымыздың «Ит – адамның досы» деген сөзі осындайдан қалса керек.
* * *
Жылдар жылжып өтіп жатты. Алты жасар Алпамыс – Ағланымыз кеше 12 жасқа толса, әкесі Ақайдар бір ай бұрын 45 жасын атап өткен. Анасы Маржан бес күннен кейін 40-тың қырына шықпақшы. Ал Ағланның Арланы – алтыда.
Арланның із кесу қабілет-қарымы тұқымында бар екенін білетін Ақайдар екі жасында Ағлан екеуі пәтуаласып, итті қаладағы арнайы құрылған ит үйретуші кинологтарға алып барып, оның қабілетін дамыта түскен. Осылайша ит екі жылын Ағлан екеуі кинологтардың ортасында өткізді.
Тұр. Отыр. Жат. Секір. Ізге түс… деген секілді пәрменге әбден үйреніп алған Арлан тек Ағланның ғана айтқанын тыңдайды. Тағы бір таңғаларлығы, Арланға бұйрықты Ағлан тек қазақ тілінде береді. Өзге тілде айтсаң, орындамақ тұрмақ, тыңдамайды да.
* * *
Күні кешеге дейін аула ішінде әупілдеп жүретін Арланның өткен түнде үні шықпады. Неге?
Күндегі дағды бойынша Ағлан бүгін де ерте оянды. Бірақ оның ішкі дүниесі алай-дүлей, әлденеге алаңдаулы. Түн ұйқысы төрт бөлінді. Жүгіріп сыртқа шықты.
– Арлан, Арлан.
– …
Жүгіріп ол енді үйшігіне барды. Басын үйшігінен шығарып, сұлқ жатқан Арланын көрген Ағлан сол орнында қалшиды да қалды.
– Арлан, Арланчик. Саған не болған? Тұршы орныңнан. Кеше кешке ыдысына құйылған тамақ сол күйі тұр. Оның тағы да «Арлан» деуі мұң екен, иті басын сәл жоғары көтерді де, қайта сұлқ ете түсті.
– Әкешім! Арлан өлейін деп жатыр, – деп үйге шырылдай кірген ұлының үрейлі дауысын естіген әкесі:
– Не дейсің, балам. Мүмкін емес, – деп орнынан атып тұрған бойы сыртқа киімін киер-киместен жүгірді.
Барды. Көрді. Арланның ауырып жатқанын аңғарған Ақайдар:
– Балам, киініп қаладағы мал дәрігерінің біріне апарып көрсетейік, – дегені мұң екен, Ағлан жүгіре басып үйге кірді. Ойы итті дәрігерге тездетіп апару. Ол киініп жатқанда асыға үйге кірген бойда:
– Әй, Маржан! Тұрсайшы. Арлан ауырып жатыр. Дәрігерге апармасақ болмайды. Көліктің, дарбазаның кілттері қайда? Менің жүргізуші куәлігімді, ақша бер, – деген отағасы бір орнында тұра алмай «бол-болдың» астына алып бәйек қағып тұр.
Олар Арланды көліктің артқы қорабына жатқызып, жолға шықты.
«Тәйірі, жол ұзарып кеткен бе? Қалаға қашан жетеміз?» деп ішкі ойымен арпалысқан Ақайдар жылдамдықты арттыра түскенімен, қысқарған жолды көрмеді. Әлі жүріп келеді. Келесі бір бұрылыста қол көтеріп тұрған қария кісіні көлігіне отырғызып ала кеткен.
Қарияны ала кеткені мұншама абырой болар ма? Әңгімеден әңгіме шығып, Ақайдар иті ауырып, соны мал дәрігеріне көрсетуге баласы екеуі бара жатқанын айтқаны мұң екен, жолаушы кісі:
– Көлікті тоқтат. Итіңе не кесел жабысқанын көрейін. 40 жыл мал дәрігері болдым, – деген қария итті көріп: – Асқынған ауруы жоқ. Біреу ине берген секілді. Тамағына ине қадалып тұр. Содан ауырсынып не тамақ іше алмай, не ауа жұта алмай қиналуда, – деді де, – Жақын жерде біздің ауыл бар. Сонда бұрылайық. Итке ота жасамаса болмайды. Құрал-саймандар үйде. Егетін дәрілер де бар,– деген жолаушы артта үнсіз отырған Ағланға қарап:
– Балам, қорықпа. Мұндайлардың талайына ота жасағанмын. Итің мықты екен. Арланың поляктардың Шаригінен, орыстардың Мухтарынан, ағылшындық Хатикодан, америкалық Оззиден артық болмаса, кем емес сияқты, – деп баланың көңілін көтере сөйлеп келеді.
Шындығында, қарияның ауылы жақын екен. Әне-міне дегенше оның үйіне де келді. Қария ісіне ұқыпты көрінді. Есік алдындағы сарайдың бір бөлмесі ветеринариялық жұмыстарға арналса керек. Іші мұнтаздай таза. Мұндағы дәрі-дәрмек арнайы қобдишаға салынып, ота жасалатын үстел ақ дәкемен жабылыпты. Шкаф ішінде қайшы, пышақ және басқа құрал-саймандар қатар жиналып тұр.
Кезек итке ота жасауға келгенде дәрігер алдымен итке ұйықтататын дәрі екті. Мұнысы ит тістеп алмасын, қиналмасын деген сақтығы болар. Ұйқыға кетті-ау дегенде дәрігер:
– Балам, сен сыртқа шыға тұр. Әкең маған көмекші болады, – деп бала сыртқа шыға салысымен есікті іштен іліп ала қойды.
Жарты сағатқа жетер-жетпес дәрігер далаға шығып:
– Балам, мынаны көрдің бе? – деп алақанындағы үш инені Ағланға көрсеткенде оның көзі шарасынан шықты.
– Ата, итім тірі ме?
– Тірі, тірі, балам. 10-15 минөттен кейін оянады,– дегенде Ағланның езуіне күлкі үйірілді.
Маманның аты – маман. Дәрігер айтқандай-ақ, көп ұзамай сарай ішінен Арланның дауысы естілді.
* * *
Күз мезгілінің екінші айы. Отбасы енді кешкі тамаққа отыра бергенде дарбаза есігіндегі қоңырау шыр ете түсті.
Отағасы сыртқа шығып, дарбаза есігіне жақындап:
– Кім екен-ей кештетіп жүрген, – дегені мұң екен, арғы жақтан:
– Учаскелік полиция инспекторы, полиция капитаны Дәуіт Балықбаев.
– Тыныштық па, Дәуіт мырза.
– Сол тыныштық болмай тұр ғой. Есігіңізді ашыңыз. Ішке кіріп сөйлесейік.
Олар ішке кірді.
– Менің келгендегі жұмысым, естеріңізде болар, осыдан 5-6 жыл бұрын балаңызды көлігімен қағып, анасы екеуін ауруханаға түсірген қылмыскер кейін есірткіге елтіп, адам өлтіргені үшін 8 жылға сотталған болатын. Сол қанішер он екі күн болды қасында тағы екі қылмыскермен бірге түрмеден қашып кетіпті. Сол балаңызды қаққан тыртық бет қылмыскерді көре қалсаңыздар, сол мезет бізге хабар беріңіздер, – деген полиция капитаны үйден шығып кете барды.
Отбасына үрей үйіріліп, мазасы қаша бастады.
– Итке кім ине берді десем, инені дәу де болса сол тыртық бет берген сияқты. Өйткені сол тыртықты Арлан салды емес пе? Өзі сұмырай кекшіл екен-ау.
* * *
Бір айдан кейін, бұл жолы күндізгі сағат 2-3-тер шамасында сол учаскелік полиция инспекторы тағы келіп тұр. Онсыз да тұла бойын үрей билеген отағасы:
– Жайшылық па? – деді сөзін үзіп-үзіп.
– Жайшылық, аға, жайшылық. Бұл жолы Ағлан мен Арланға келдім. Қылмыскерлер Мойынқұм өңірінде бой тасалап жүрген көрінеді. Соған екеуінің көмегі керек болып тұр. Әрине, өздеріңіз рұқсат берсеңіздер. Ағлан келіссе, құм ішін итімен бірге аралап қайтсақ деймін, – деді биязылық танытып.
– Аға, ол жақта мені көлігімен қаққан тыртық бет қылмыскердің жүруі мүмкін бе?– деген Ағлан инспекторға тістеніп қарады.
– Тың дерекке қарағанда, тыртық бет екі сыбайласымен сол жақта есірткі дайындап жүрген көрінеді.
– Әкешім, анашым, онда мен барайыншы. Қашанғы үрей үстінде отырамыз. Оның ұсталғанын көрсем жүрегіміз жайланады. Әйтпесе тамаққа тәбетіміз тартпай, ұйқымыз қашқалы қашан, – деген Ағлан әкесі мен анасына қарады.
Ертесіне таң қылаң бере үш «Нива» көлігіне мінген полиция қызметкерлерімен бірге Ағлан мен Арлан да жолға шыққан.
Бұлардың құм ішінде жүргендеріне екінші күн. Көрдім-білдім деген ешкім жоқ. Іздері де көрінбейді. Бұлар небір биік-биік асулардан асып, қалтарыс-бұлтарыстары көп ирелеңдеген жолмен жүріп келеді. Шеті мен шегі жоқтай көрінетін құмды өңірдің сұлулығына қарай бергің келеді. Көз тоймайды-ау, шіркін. Саф ауасын айтсайшы. Өңір жүзген, сексеуілге толы. Әр асудан асқан сайын алдына малын салған малшыларды көресің. Көресің де қызығасың.
Үшінші күн. Бұл жолы олар бүгінгі жорығын Мойынқұм өңірінің түкпірінен бастауды жөн көріп, жолға шығып барады. Бұралаңы, биік-биік белестері көп жолды артта қалдырып, «Көкой» аталатын жерден өте бергенде «Ақби» штабына апарар жолдың бойымен үш аттылы кетіп бара жатқанын көздері шалып қалды.
Жүрістері суыт. Ағлан мен Арлан екінші «Ниваның» артқы орындығына жайғасқан. Екеуі де терезеден көз алар емес. Кенет көліктер үш аттылының қасынан өте бергенде әлгі тыртық бет пен Арланның көздері түйіскені сол екен, ит шабаланып, есікке қарай ұмтылды.
– Ағалар, тоқтаңыздар. Міне, қылмыскерлер, – деген Ағланның саңқ еткен дауысынан кейін үш көлік те орындарында кілт тоқтап, іштен қаруларын кезене секіріп-секіріп шыққаны сол екен, үш қылмыскер үш жаққа қаша жөнелді. Тыртық беттің соңынан Ағлан мен Арлан бар топ түсті. Астындағы аттары жердің жағдайын жақсы білетін малшының аты екені көрініп тұр. Қиналмай шауып барады. Бұлар болса жаяу.
– Әне, асудың ең биігінен тыртық бет асып барады. Ағлан:
– Арлан, оның алдынан шық, – дегені мұң екен, ит лезде төменде жатқан көлік жолына түсіп, сол асуды жағалаған бойда ышқына алға ұмтылды.
Тыртық бет асудың етегіне түссе ұстатпайтынын ұғынған Арлан солға қарай жалт бұрылып, қалың сексеуілді тасалап, жауының жолын тосты. Арлан қайдан білді десейші, жауы тап осы тұспен өтетінін. Тыртық бет осы қалың сексеуілге қарай бет алып келеді. Ол да осы жерге жасырынбақшы ма? Оның астындағы аты да болдырған секілді.
Міне, Арланның қас жауы да жақындады. Бағанадан бері арыстандай атылуға даяр жатқан Арлан «арс» етіп атқа қарай атылғанда, үріккен ат сол орнында жалп етіп құлады. Тыртық бет құлаған аттың астында ыңырсып жатыр. Ыңырсымай қайтеді, кеудесі, аяқ-қолы ат астында қалса, оның үстіне бас жағында ит ырылдап тұрса. Ырылдап тұрса мейлі ғой, Ағлан мен полиция қызметкерлері жеткенше тыртық беттің бас сүйегін Арлан одан сайын аймандай еткен. Сірә, иттің тырнағы оның бір көзін осып жіберсе керек, көзінен аққан қан тоқтар емес.
«Тыртық бет» дегеніміз «айналайын» деген сөзбен тең екен-ау. Мына түріне қарап, оны енді «құбыжық» десек жараспай ма» деп ойлады Ағлан сол сәтте.
Сол күні-ақ үш қылмыскер де тиісті орынға жеткізілді.
* * *
Арада екі жыл өтті жылжып. Арланның үргендегі дауысы да, жүріс-тұрысы да өзгере бастаған сыңайлы. Осыны байқаған Ағлан:
– Әкешім, Арлан қартая бастаған-ау. Атын атап шақырсаң селт етпестен жата береді. Көзі де көруден қалып барады ма, қалай? Арлан секілді овчарка тұқымдас 1-2 айлық күшік сатып алсақ қайтеді? – деді.
– Балам, дұрыс айтасың. Арланның талқаны таусылатын күн де алыс емес сияқты. Арланға ешкімнің өкпесі жоқ шығар, – деп жауап қатқан әкесі отанасына қараған.
Көп кешікпей олар Арланды сатып алған орыс жігітінен екі айлық күшік алып келген. Тура Арланның көшірмесі.
– Әкешім, бұл күшіктің атын қалай атаймыз?
– Өзің қалай атасаң солай болады да.
– Олай болса, бұл күшіктің де атын Арлан қояйық.
– Келістік, – деген әкелі-балалы бірі үлкен Арланды, бірі күшік Арланды құшақтап тұрды.
Мұны сырттай бақылап тұрған отанасы Маржан көңілді, мәз-мейрам.

Дүйсенбек ОРМАНОВ,
Қазақстан Журналистер одағының мүшесі,
Жамбыл ауданы

Leave A Reply

Your email address will not be published.