Аграрлық мәселеге ардагерлер де алаңдаулы

0 8

Еліміздегі эпидемиологиялық ахуалға байланысты аймақтағы ардагерлер ұйымдарының есеп беру, сайлау жиындарының нақты күндері белгіленіп, түсіндірілді.

Ең алдымен сөз тізгіндеген облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы  Еркінбек Солтыбаев  облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың «Бірлесіп жасалған істен береке тарқамайды» атты үндеуіндегі бірқатар маңызды мәселелерге тоқталып, алдағы мақсаттарды адам өтті.

Басқосу барысында ардагерлер кеңесінің мүшелері елдегі ахуал, аграрлық саладағы мәселелерді де назардан тыс қалдырмады.

– Өткен қыстың қатал сыны бәрімізді ойландыруы тиіс. Қазірдің өзінде шабындықтың мәз еместігі жайлы дабыл қағылуда. Шөптің бағасы да шарықтап кетті. Ол негізінен ата кәсіп – малмен жан бағып отырғандар үшін оңай емес. Сондықтан, біз шаруа қожалықтарын, жеке азаматтарды, кәсіпкерлерді бірігіп, жем-шөп дайындауға ерекше мән беруге шақырамыз. Ауыл іргесіндегі шабындықтарды малдан қору керек және аудандағы шабындықтың көлемін дәл анықтап, шөп оруды, дайындауды мықтап қолға алыңыздар демекпіз. Шаруалар тарапынан уақытты тиімді пайдаланып шөпті күйдірмей жинап алу ортақ міндет. Біз бұл сынақтан татулығымыз бен сабырлығымыздың, бірлігіміздің арқасында аман-есен өтіп, мал азығының мол қорын жасайтынымызға сенімдіміз. Біз сіздерді бірінші кезекте шабындық жерлерден басқа арық-атыз, сай-сала, өзен, көл жағалауларындағы шөптерді жинап алуға шақырамыз. Осы орайда Мойынқұм және Талас ауданы  тұрғындарының мал азығын дайындаудағы оң тәжірибесі қолдауға тұрарлық. Сонымен  бірге ауыл ақсақалдары мен тұрғындары облыс әкімінің үндеуін қолдай отырып қолдағы малдарына шөп дайындау мақсатында ауыл іргесіндегі жерлердегі арық-атыздардың бойларындағы және бос жатқан алаңдардан өз күштерімен мал азығын дайындап сүбелі үлестерін қосуда. Шаруалардың ұсыныстары бойынша атқарушы органдарға осы дамыған заманда шөп орып, жинайтын, таситын шағын техникаларды қолға алса нұр үстіне нұр болар еді.  Ат қосып шөп дайындауға да болады. Ең бастысы індет пен қуаңшылық төбе көрсеткен тұста еліміздің әл-ауқатын төмендетіп алмауымыз керек,-деді өз сөзінде облыстық ардагерлер кеңесінің төрағасы.

Осы ретте ардагерлер кеңесінің мүшелері де өз ойларын ортаға салып, ұсыныстарымен бөлісті. Бұдан кейін жиынның күн тәртібіндегі негізгі  мәселеге орай ардагерлер ұйымдарының есеп беру, сайлау жиындарының күндері белгіленді.  Нәтижесінде есеп беру және сайлау жиналыстары топтық ардагерлер ұйымдарында 18-25 шілде аралығында, бастауыш ардагерлер ұйымдарында 25-31 шілде аралығында, ал Тараз қаласы мен қалалық, аудандық ардагерлер кеңестерінде тамыздың 9-16 күндері аралығында өткізілуі келісілді.

Leave A Reply

Your email address will not be published.