Агро сала алшаң басып, рекордтық көрсеткішке қол жетті

0 17

Ел дамуының негізгі драйверінің бірі – ауыл шаруашылығы саласы екені белгілі. Кеңестік кезеңнің өзінде асыраушы салаға баса көңіл бөлініп, Қазақстан одақтас мемлекеттерді шикізатпен қамтыған бірден-бір ел саналды. Одақ ыдырағаннан кейін колхоздар мен совхоздардың дәуірі келмеске кетіп, төрт түлік пен агро саладағы техника ұстағанның қолында, тістегеннің аузында кетті. Алайда ел егемендігіне қол жеткізгеннен кейін бұл бағытқа миллиардтаған қаржы бөлініп, ауыл шаруашылығы саласы қайта алшаң басып келеді. Сөз жоқ, бұл – тәуелсіздік таңының жемісі екені даусыз.

1991-1995 жылдары…

Тәуелсіздіктің алғашқы айларында-ақ облыста халықты азық-түлікпен қамтамасыз етуді жақсарту мәселелеріне баса назар аударылды.
1991 жылы облыста 300 380 ірі қара, 3 734 000 қой-ешкі және 1 028 000 құс болды. Тоқсаныншы жылдардың тоқырау кезеңі әсіресе ауыл шаруашылығына ауыр тиді. Аласапыран уақытта жаппай жекешелендіру басталып, колхоз-совхоздар түгел тарады. Нәтижесінде өңіріміздегі мал басы мен егін алқабының көлемі едәуір азайып кетті. Бұл жағдай жоғарыдағы көрсеткіштердің күрт төмендеуіне себеп болды.
Мал шаруашылығы өнімдерін өндіру және дайындау қарқыны төмендеп, төрт түліктің өлім-жітімі көбейді. Халық тұтынатын тауарлар шығару 14,1 пайызға, азық-түлік тауарларын өндіру 27,4 пайызға төмендеді.
Шаруашылық кәсіпорындарын жекешелендіру нәтижесінде мал шаруашылығын жүргізу нысандары да көп өзгеріске ұшырады. Жеке шаруаларға бөлініп берілген малдар өнім берудің орнына сатылып кетті немесе ауыл тұрғындарына керекті тауарларға ауыстырылды. Мал санының азаюының тағы бір себебі – бұрын Қазақстан бүкіл Кеңес одағына арнап ет дайындаса, енді 15 миллион халыққа ғана есептеп өндіретін болды.
Облыста 604 кооператив, 527 шағын кәсіпорын болса, оның ішінде 441 кооператив пен 329 шағын кәсіпорын толық қуатымен жұмыс істеп, бір жылда 109 миллион сомның қызметін көрсетті. Бұл салада сол кездерде 85 мың адам еңбек етті.
Тәуелсіздік алғаннан кейінгі екі жылдың ішінде қой шаруашылығын жаңа нұсқа бойынша жекешелендірудің, өндіріске шаруашылықты жүргізудің тың түрлерін енгізудің нәтижесінде әр жүз саулықтан 103-тен қозы алынды. Тарихта алғаш рет бір жарым миллионнан астам қозы қабылданып, төлдің сақталуы қамтамасыз етілді.
1993 жылы тамыз айында облыс әкімі Өмірбек Байгелдиев химия өнеркәсібі және су шаруашылығы қызметкерлерімен өткізген мәжілісте Мойынқұм және Шу аудандарындағы Жиделі аймағын игеріп, жүгері егу мәселесін талқылады. Жаңбырлатып суару әдісімен 20 мың гектар алқапты игеру азық-түлік тапшылығын ғана емес, сол кезде жетпей тұрған валютаны үнемдеу мәселесін шешетіндігін айтты. Осыны жүзеге асыру үшін зерттеу және жобалау жұмыстарына 250 миллион сом бөлінгенін мәлімдеді.
1994 жылдың көктемінде Ө.Байгелдиев облыстық ауыл шаруашылығы басқармасы өткізген көрмеде жүгерішілер мен қызылшашылардың қызығушылығын туғызған Франциядан әкелінген техникалармен танысты.
1995 жылы Жамбыл облысы әкімінің қаулысымен ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау жөніндегі мемлекеттік қордың облыстық филиалы құрылды.

1995-2000 жылдары…

1995 жылдары республика халқы жекешелендіру барысында өздерінің қолда барынан айырылып қалу жағдайын бастан кешірді. Бағаның тұрақсыздығы, жекешелендірудегі асығыстық пен науқаншылдық, қаржыландырудағы берекесіздік, басқарудың жоғарыдан төменге дейінгі жүйесін күйрету, материалдық-техникалық қамтамасыз етуді алыпсатарлыққа айналдыру және тағы басқа жағдайлар ауыл шаруашылығы саласына қиын соқты.
Ауыл шаруашылық өнімдерін өңдейтін, ұқсататын салаларда жаңа қуаттарды қосу, жаңа технологияны өндіріске енгізу, негізгі қорларды алмастыру сияқты жұмыстардың көлемі азайып кетті.
Соған қарамастан, 1996 жылдың көктемінде Луговой ауданындағы «Ақ жол» агробірлестігінің аға шопаны Қалмахан Ыбрайымов әр жүз саулықтан 198-ден қозы алуға қол жеткізді.
Осы жылы қой шаруашылығын дамытуда елімізде үлкен үлес қосқан екі мәрте Социалистік Еңбек Ері Жазылбек Қуанышбаевтың туғанына 100 жыл толуы аталып өтілді.
1997 жылдың күзінде облыста қой саны 1 миллион 300 мыңнан асты. Сол жылы бұрынғы облыстық аграрлы одақ, фермер федерациясы мен ұжымшарлар негізінде шаруагерлер қауымдастығы құрылды.
Ал 2000 жылы облыста тұңғыш рет шағын кәсіпорындар мен жеке кәсіпкерлер шығарған өнімдердің жәрмеңке-көрмесі өтті. Жәрмеңкеде облыс шаруашылықтарында өндірілетін тауарлар кеңінен жарнамаланды.

2000-2005 жылдары…

Осы жылдары агроөнеркәсіптік кешен салаларындағы жағдайды тұрақтандыру бойынша қабылданған шаралар ауыл шаруашылығының одан әрі дамуына, оның тиімділігінің артуына және облыстың азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз етуге өз ықпалын тигізді.
Еліміз егемендік алғанға дейін облыстың егістік алқабы 847,6 мың гектарды құраса, 1992 жылдары дағдарысқа тап келген ауыл шаруашығы саласында құлдырау басталып, егіс көлемі 51 пайызға төмендегенімен, 2002 жылы 439,3 мың гектарға кеңейді.
2001 жылы «ҚазАгроҚаржы» акционерлік қоғамының облыс бойынша филиалы құрылып, ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді қолжетімді қаржымен, лизингтік негізде қамтамасыз ету жолымен техникалық және технологиялық жаңғыртуды қолға алды.
2003-2005 жылдарға арналған «Ауыл» бағдарламасы аясында облыста агроөнеркәсіптік кешеннің тиімді жүйесін қалыптастыру және бәсекеге қабілетті өнім өндіруге қол жеткізілді. Аталған бағдарламаға сәйкес сол жылдары республикалық бюджеттен – 6 518 мың теңге, облыстық бюджеттен – 367,7 миллион теңге бөлініп, ауыл шаруашылығы саласын дамытуға бағытталды.
Мал тұқымын асылдандыруда мемлекет тарапынан арнайы көмек қаржы қарастырылып, 2000 жылы – 4 миллион, 2001 жылы – 19 миллион, 2002 жылы – 62,4 миллион және 2003 жылы 64,1 миллион теңге бөлінді.

2005-2010 жылдары…

2005-2010 жылдары облыстағы шаруа қожалықтар саны 15 222-ге жетті. Оларда 30 мыңнан астам адам еңбек етті.
Ауылдық аумақтарды дамыту бағдарламасы жүзеге асырылып, елді мекендерде әлеуметтік және инженерлік инфрақұрылымдарды дамытуда 38 миллиард 325 миллион теңге игерілді.
2008 жылы ауыл шаруашылығы саласын қолдауға барлық көздерден – 1,9 миллиард теңге бөлінді.
Ауыл шаруашылығы өндірісін, оның ішінде жеміс, көкөніс өнімдерін өндіруді одан әрі өрістетіп, жақсарту мақсатында облыста 2008 жылдан бастап озық үлгідегі ресурс сақтау технологиялары, оның ішінде ылғал сақтау қондырғылары қолданыла бастады. Өңір бойынша 2008 жылы тамшылатып суару технологиясы 303 гектар алқапқа енгізілсе, 2009 жылы 900 гектарға арттырылды.
Сонымен қатар осы жылдардағы жемісті бағдарламалардың бірі – ауылға білімді, білікті мамандарды тартуға бағытталған «Дипломмен – ауылға!» жобасы қабылданды. Аталған бағдарлама аясында аймақта 2 332 жас маман ауылдарға барып, бірреттік көтерме жәрдемақы алып, тұрғын үймен қамтамасыз етілді.

2010-2015 жылдары…

2010 жылы ауыл шаруашылық саласын қолдауға барлығы 2,9 миллиард теңге бөлінсе, 2015 жылы салаға 7,8 миллиард теңге бағытталды.
Нәтижесінде ауыл шаруашылығы өнімдерінің өндіріс көлемі ұлғайды. Мәселен 2013 жылы ауыл шаруашылығының жалпы өнім көлемі 122,8 миллиард теңгені құраса, 2015 жылы 172,3 миллиард теңгеге жетіп, 49,5 миллиардқа артты.
Сондай-ақ 1992 жылдары 364,7 мың гектарға күздік бидай егілсе, бұл көрсеткіш 2015 жылдары 100,7 мың гектарды құрады. Ал егемендіктің алғашқы жылдары майлы дақылдар көлемі 4,1 гектар болса, 2015 жылы 91,2 гектарға дейін жетіп, 22 есеге артты. Осының арқасында өңірде мақсары майлы дақылын өңдейтін шағын кәсіпорындар ашылды.
2013 жылы нөлдік және минималды технология 23,5 мың гектарға, су үнемдеу технологиялары 2,9 мың гектарға жеткізілді. Осы жылы су үнемдеу технологиясын енгізу арқылы Қордай ауданындағы «Бәйтерек» шаруа қожалығы 48 гектарға пияз егіп, әр гектардан 80 тоннадан өнім алса, 61 гектарға егілген дәндік жүгеріден 130 центнер өнім алуға қол жеткізді.
2014 жылы облыстың агроөнеркәсіп кешені саласында 5 миллиард 279 миллион теңгені құрайтын үлкенді-кішілі 142 жоба іске асырылды. Оның ішінде «ҚазАгро» ҰБХ» АҚ арқылы 524 миллион теңге тұратын «Гамбург» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі – мал азығы өндірісінің жобасы жүзеге асырылса, 994,1 миллион теңгеге межеленген «Луговой жылқы зауыты» жауапкершілігі шектеулі серіктестігінің бекіре тұқымдас балық шаруашылығы жобасының бірінші кезеңі іске қосылды.
Осы жылдары облыста ірі қара малдың тауарлы фермаларын кеңейту және техникалық жарақтандыру бойынша 19 жоба іске асырылса, 13 сүт тауарлы фермасы елге қызмет етті.
2014 жылы «Алтын асық», «Құлан» бағдарламалары жүзеге асырылып, аталған бағдарламалар арқылы 64 300 бас қой және 4 500 бас жылқы сатып алынды.
2015 жылы Елбасының мемлекеттік дамудың жаңа қазақстандық жолын айқындап берген «100 нақты қадамы» ел өміріндегі ерекше саяси оқиға болды.
Ұлт жоспары жүктеген міндеттерді орындау мақсатында Шу ауданында «Айшот» шаруа қожалығы күніне 2,5 тонна сүт өңдейтін шағын сүт цехын іске қосса, Байзақ ауданындағы «Ағали» шаруа қожалығы күніне 3 тонна сүт өнімдерін өңдеп шығаратын цех ашты. Одан бөлек Т.Рысқұлов ауданындағы «Астана» шаруа қожалығы мен Меркі ауданындағы «Севиль-Меркі» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі де сүт өңдеу бағытындағы жұмыстарды жандандырды.
Осы жылы 227,5 мың тонна тауарлы сүт өндіріліп, оның 96,5 мың тоннасы қайта өңделді.

2015-2020 жылдары…

Ел егемендігінің 25 жылдығында өңірдің ауыл шаруашылығы саласы тұрақты даму сатысына өтіп, саланың басым бағыттары белгіленді.
2016 жылы салаға бөлінген қаржы көлемі 8,5 есеге артып, 16,2 миллиард теңгені құрады.
Егіншілік саласын әртараптандыру мақсатында сұранысы жоғары майлы дақылдар, көкөніс, картоп және мал азықтық дақылдарын өндіру анағұрлым ілгеріледі.
1992 жылдары 4,6 мың гектарға картоп егілсе, 2016 жылы оның көлемі 8,8 мың гектарға, бақша дақылы 1,9 мың гектардан 10,1 мың гектарға, көкөніс дақылдары 5,4 мың гектардан 27,3 мың гектарға жетіп, 79,3 пайызға артты.
Ал егіс көлемі 497,3 мың гектардан 594,1 мың гектарға жетіп, пайдаланусыз жатқан жер көлемі 18,9 мың гектарға азайды.
Осы жылдары қант қызылшасын өндіру мықтап қолға алынып, Меркі ауданындағы «Сыпатай батыр» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі гектарына 660 центнерден өнім алды. Қордай ауданындағы «Самғау» шаруа қожалығы тамшылатып суару технологиясын енгізе отырып, тәтті түбірдің әр гектарынан 1000 центнерден өнім жинап, рекорд орнатты.
Аймақта ауыл шаруашылығы техникаларын жаңарту жұмыстары да жүйелі түрде жолға қойылып, соңғы бес жылда 6,8 миллиард теңгеге барлығы 1 389 дана техника алынды.
Мемлекеттік қолдау мен жүйелі жұмыстың арқасында 1991 жылмен салыстырғанда мүйізді ірі қара – 4,3 пайызға, жылқы – 2 пайызға артты.
2017 жылы 274,8 мың гектар масақты дәнді дақыл жиналып, одан 623,5 мың тонна астық бастырылды. Егін жинау науқанында Т.Рысқұлов ауданы әр гектардан 25,5 центнерден өнім алса, Меркі ауданы – 25,2 центнер, Шу ауданы – 24,4 центнер өнім жинады.
Ал Мойынқұм ауданындағы «Мойынқұм Агро» серіктестігі Ресейден 3000 бас қалмақтың қызыл сиырын әкеліп, жерсіндірді.
2018 жылы ауыл шаруашылығы өнімдерінің жалпы көлемі 264,8 миллиард теңгені құраса, салаға салынған инвестиция көлемі 23,4 миллиард теңгеге жетті.
2019 жылы үдемелі бақтар шаруашылығына баса көңіл бөлініп, Т.Рысқұлов ауданында «ФиТиСи» Экьюти компаниясының жалпы құны 50 миллион АҚШ долларын құрайтын «Агропарк Тараз» индустриалдық аймағын құру жобасы іске асырылды. Бұл жоба аясында облыста 1000 гектар алқапқа үдемелі алма және жеміс-жидек бақтары отырғызылды.
Сондай-ақ 32 гектарды құрайтын 300 дана жылыжай болса, олардан 2019 жылы 2,9 мың тонна өнім алынды. Бұл өнім маусымаралық кезеңде ішкі нарықты 23 пайызға қамтыды.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев «Жаңа жағдайдағы Қазақстан: іс-қимыл кезеңі» атты Жолдауында ауыл шаруашылығын дамытпай, бәсекеге қабілетті экономика құру мүмкін еместігін айтып, саланы ілгерілетудің негізгі бағыттарын айқындап берді.
Жолдау жүктеген міндетті орындау мақсатында «Агроөнеркәсіп кешенін дамытудың 2017-2021 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы» аясында аймақтың ауыл шаруашылығы саласын дамытуға барлық көздерден 30,4 миллиард теңге бөлінді.
Өткен жылы аграрлық салада 332,5 миллиард теңгенің өнімі өндіріліп, алдыңғы жылмен салыстырғанда 4,4 пайызға артқан. Бұдан бөлек аграрлық бағытқа 24,0 миллиард теңге инвестиция салынып, қаржы көлемі 101,6 пайызға көбейген.
2020 жылы ауыл шаруашылығы дақылдарының егістік алқабы 735 мың гектарға жетіп, 47,8 мың гектарға өсіп отыр. Сонымен қатар 1 165 дана ауыл шаруашылығы техникасы алынып, 10,3 пайызға жаңартылды.
Былтыр өңірде 4,5 мың гектарға қант қызылшасы отырғызылса, жоғары сұрыпты тұқым себудің нәтижесінде әр гектардан 327,7 центнерден өнім алынды.
2020 жылы аймақта ауыл шаруашылығы дақылдарын әртараптандыру мақсатында алғаш рет 835 гектарға рапс дақылы отырғызылды. Нарықта сұранысы жоғары бұл дақыл арқылы алдағы уақытта мол өнімге қол жеткізіп, экономикалық табысты ұлғайту көзделуде.
Былтыр облыстағы мүйізді ірі қара саны 437,4 мың басты құраса, қой мен ешкі – 3,2 миллион, жылқы – 141,5 мың және құс саны– 1,6 миллион басқа жетіп, барлық бағытта өсім көрсетті. Сол сияқты ет өндірісі– 1,9, сүт – 1,5 пайызға және жұмыртқа өндірісі – 2,7 пайызға ұлғайған.
Өткен жылы Түркия, Ресей, Бахрейн корольдігі мен Біріккен Араб Әмірліктеріне және Оман, Қырғызстан елдеріне 932 тонна ет экспортталса, оның ішінде 154,3 тоннасы сиыр, 421,2 тоннасы қой еті. Сонымен қатар 356 тонна құс, 0,5 тонна жылқы еті экспортталған.
2020 жылы аймақта жеке қосалқы шаруашылықтарды қолдауға және ауыл шаруашылығы кооперациясын дамытуға негізделген «Жамбыл облысы тұрғындарының тұрмыстық табысын жақсарту жобасы» қолға алынып, ауыл тұрғындарының өмір сүру деңгейінің сапасын арттыруға және жер телімдерін пайдалану мен мал шаруашылығын дамытуға жаңа мүмкіндіктер берілді.

Міне, отыз жылдың бедерінде аймақтың ауыл шаруашылығы саласы алшаң басып, кейбір тұста рекордттық көрсеткіштерге қол жеткізіп отыр. Әрине, бұл баянды болашақ пен кемел келешекке бастаған нұрлы қадам екені даусыз. Алдағы уақытта да аграрлық сала алған бағытынан таймай, толайым табыстарға қол жеткізеді деп сенеміз.
Ендеше дамудың даңғыл жолына түскен өлкенің асыраушы саласы өрістеп, шаруашылықтардың көкжиегі кеңейе берсін деп тілейміз!

Саян ТІЛЕУЖАН

Leave A Reply

Your email address will not be published.