Агроөнеркәсіп кешенінде сақтандыру жүйесі іске қосылды

0 9

Өсімдік шаруашылығын міндетті сақтандыру жүйесі 2004 жылдан бері жұмыс істеп келеді. Ал жаңадан іске қосылған сақтандыру жүйесінің ерекшелігі тіптен мол болмақ.

Біріншіден, агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру енді ерікті түрде болады. Екіншіден, салаларға шектеу жоқ. Аграрлық сектордың кез келген бағыты сақтандырылады. Үшіншіден, сақтандыру сыйақыларын мемлекет субсидиялайды.
Бұл ауыл шаруашылығы тауарларын өндірушілерді ынталандыруға және сақтандыру шартын жеңілдетуге бағытталған. Сақтандыру сыйақы сомасының 50 пайызын мемлекет субсидиялайды. Жаңа жүйені әзірлеу кезінде өсімдік шаруашылығындағы міндетті сақтандырудың проблемалық мәселелері ескерілген. Мәселен ауыл шаруашылығы тауарын өндірушілердің мүдделерін қорғау мақсатында жүйеде ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту жөніндегі агенттіктің лицензиясы бар сақтандыру компаниялары ғана жұмыс істей алады.
Жаңа жүйеде әлемдік сақтандыру нарығында «А» рейтингі бар үш халықаралық қайта сақтандыру компаниясы жұмыс істейтін болды. Олар отандық компаниялар сақтандыратын тәуекелдерді қайта сақтандырады. Бұл сақтандыру тәуекелдері туындаған жағдайда кепілді төлемдерді қамтамасыз етуге мүмкіндік береді.
Шарт жасасудан бастап төлеммен аяқталатын барлық процедуралар электронды цифрлық қолтаңба арқылы «Qoldau.kz» электронды платформасында жүргізіледі.
Бүгінгі күні «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы топырақтағы ылғалдың индексіне негізделген сақтандыру өнімдерін бекітті. Сақтандыруға жататын дәнді дақылдар қатарында бидай, арпа, сұлы, жүгері бар. Ал майлы дақылдар күнбағыс, рапс, зығыр өнімдері. Мониторингті жүзеге асыру үшін ақпарат жерді қашықтан зондтау көздерінен алынады.
Ылғал деңгейінің мониторингі тұрақты негізде жүргізіледі және сақтандыру жағдайының деректері автоматты түрде тіркеледі.
Сақтандыру жағдайы туындағаны туралы «Qoldau.kz» жүйесіндегі жеке кабинетіне немесе жеке электронды поштасына келген хабарламаны алғаннан кейін сақтанушы (ауыл шаруашылығы өнімін өндіруші) төлем жасайтын сақтандырушыға (сақтандыру компаниясына) өтініш береді.
Бұрынғы жүйедегі алынған деректер бойынша сақтандыру жағдайларының 60 пайыздан астамы ылғалдың жетіспеуінен, яғни құрғақшылыққа қатысты болды. Осыған байланысты өнімді құрғақшылықтан сақтандыру ерекше маңызға ие. Сондай-ақ егіс науқанының аяқталу мерзімі де ескеріледі.
Сонымен қатар құрғақшылықтан сақтандыру өнімдері бойынша сақ­тан­дыру шарттарын жасасу мерзі­мі (3 фаза және 2 фаза) 15 сәуірге белгіленді.
Осылайша өз егістіктерін сақтан­дырғысы келетін тауар өндірушілер жоғарыда көрсетілген мерзімге дейін барлық қажетті жұмысты жүргізуі қажет.
Және де мал шаруашылығы саласында сақтандыру өнімдері бекітілді. Мал шаруашылығы бойынша сақтандыру шарт жасасудан бастап төлемдерге дейін ауыл шаруашылығы тауарын өндірушінің электрондық цифрлық қолтаңбасы негізінде, яғни
«Qoldau.kz» платформасында орналасқан «Agroinsurance» ақпараттық сервисінде жүргізіледі.
Алдағы уақытта агроөнеркәсіп кешеніндегі сақтандыру өнімдерінің нарықтағы қажеттілігі ескеріліп, тізімі кеңейтілетін болады.
Барлық сұрақтар бойынша «Ауыл шаруашылығын қаржылай қолдау қоры» акционерлік қоғамы облыстық филиалының 8 (7262) 54-60-45 телефонына хабарласуға болады.

Облыс әкімдігі ауыл шаруашылығы басқармасының баспасөз қызметі

Leave A Reply

Your email address will not be published.