Ағын суға тәуелділікті қалай азайтамыз?

0 0

ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев облысқа жұмыс сапарымен келіп, аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевпен бірге өңірдегі су шаруашылығы саласында жүзеге асырылып жатқан жобалармен танысты.

Тиімді суару жүйесі болмаса, суармалы жер көлемін ұлғайту мүмкін емес. Осындай суармалы алқаптарды мемлекет тарапынан 200 мың гектарға ұлғайту міндеті қойылған болатын. Бүгінгі таңда оның көлемі 110 мың гектарды құрайды. Ал суару жүйелерін қалпына келтіру жұмыстарынан соң бұл көрсеткіш кем дегенде 180 мың гектарға дейін артады деп күтілуде.
Жамбыл ауданындағы 3098 гектар алқап Раис магистральды каналына байланған шаруашылықаралық және шаруашылықішілік арналарынан келетін суға тәуелді. Бүгінде ондағы 36 шаруа қожалық жоңышқа, жүгері және бақша дақылдарын өсірумен айналысуда. Дегенмен 1332 гектар жер су тапшылығына байланысты пайдаланылмай отыр. Жүргізіліп жатқан қайта жаңғырту жұмыстары осы мәселені шешуге бағытталған.
Ұзындығы 8,4 шақырым болатын Исмаил магистральды каналындағы жағдай да осыған ұқсас. Мұнда қолға алынған шаралар нәтижесінде 798 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі деп күтілуде.
Ирригациялық және дренаждық жүйелерді жақсарту жөніндегі жобаның екінші кезеңін жүзеге асыру Жамбыл ауданының суармалы жерлерінің 5000 гектар алқаптағы мелиоративтік жағдайын жақсартуға мүмкіндік бермек.
Жалпы алғанда, облыс бойынша Еуропалық қайта құру және даму банкінің 24,7 миллиард теңге несиесі есебінен су шаруашылығы және су бұру жүйелерінің 310 нысаны қайта жаңартылатын болады.

«Қазсушар» РМК филиалының басшысы Қазыбек Бедебаев мәселелер қатарында Қарақоңыз су қоймасының сыйымдылығын 8,5 миллион текше метрден 18,5 миллионға дейін ұлғайту, Жасөркен ауылындағы гидрологиялық бекеттің нашар жағдайы, «Химпарк Тараз» ЖШС-ның тірек құрылысын жөндеу қажеттігін атап өтті. Ал өз кезегінде аймақ басшысы Бердібек Сапарабаев ағын су мәселесіне қатысты өз ойын білдірді.
– Каналдарды жөндеуден басқа құдықтар қазу ісі де өзекті. Мүмкін болса барлық қолданыстағы каналдарды бетондау қажет. Бұл аздап қымбатқа түскенімен, бірақ ол ұзақ шыдас береді және су шығынын айтарлықтай азайтады, – деді Бердібек Машбекұлы.
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Мағзұм Мырзағалиев ел Президентінің алдағы 10 жылда суармалы жерлердің аумағын 1,6 миллионнан 3 миллион гектарға дейін ұлғайту туралы тапсырмасы бар екенін тілге тиек етті. Мұндай жобалар ауыл шаруашылығын дамыту мен шаруалардың өмір сүру деңгейін көтеру үшін керек.
Су мәселесінде тәуелділікті азайту үшін жаңа су қоймаларын құрудың маңыздылығы айтпасақ та түсінікті. Осы орайда Талас пен Байзақ аудандарының шекарасында сыйымдылығы 11 миллион текше метр болатын Ақмола су қоймасын салу жоспарлануда. Жоба құны – 4,8 миллиард теңге. Жобаның мақсаты – Темірбек станциясының астындағы Талас өзенінің бойындағы жерлерді суару үшін кепілді сумен қамтамасыз ету.
Облыс әкімі қолайлы табиғи ландшафтты ескере отырып, мұнда 500 миллион текше метрге дейін ылғал жинау мүмкіндігін ескертті. Мағзұм Мырзағалиев жобаға министрлік тарапынан қолдау көрсетілетіндігін жеткізді.
Ұсынылып отырған құрылыстың орнымен танысқаннан кейін каскадты типтегі нысанды құру туралы ұсыныс жасалды. Ондай үлгіде тиімділік екі есе артып, судан басқа электр энергиясы да жеткізілмек. Ол үшін техникалық-экономикалық негіздемені қайта қарау, басқа да құжаттарға өзгерістер енгізу қажет. Су қоймасы құрылысына қатысты арнайы жұмыс тобы құрылатын болды.
«Байзақ» магистральды каналының 21,9 шақырым болатын Түймекент, Дөңсары, Өтеген, Ұзын ішкі шаруашылық арналарын жөндеу жұмыстары жалғасуда, нәтижесінде 1000 гектар алқаптағы суармалы жерлер қалпына келтіріледі. Ал Сәмбет магистральды каналының Отарбек, Болпан, Анар және Өтелбалық ішкі шаруашылық арналарын қайта жаңғырту 700 гектар суармалы жерді айналымға қосуға септігін тигізбек.
Бердібек Сапарбаев пен Мағзұм Мырзағалиев каналдарды тазарту бойынша Байзақ ауданындағы механикаландырылған жасақтың қызметімен танысты. Жасақ 17 бірлік техникамен қамтылған. Олар Талас ауданындағы бесінші каналды тазартуға кіріскен. Механикаландырылған жасақ қызметінің нәтижесінде бұл жұмыс түріне тарифтер екі еседен астам көрсеткішке төмендеп, көптеген шаруалар суармалы суға қол жеткізе бастаған.
Сондай-ақ бұл күні экология минстрі Шу және Қордай аудандарында да болып, бірқатар су шаруашылығы нысандарын аралады.
Мағзұм Маратұлының Шу ауданындағы сапары Тасөткел су қоймасының тынысымен танысудан басталды. Аудандағы егіс алқаптарын суару мақсатында пайдаланылып келген бұл су қойманың сыйымдылығы 620 миллион текшеметрді құрайды. Аталған су қоймасын қайта жаңғырту жұмысына «Жұмыспен қамту-2020» жол картасы бағдарламасы аясында 500 000,0 қаржы бөлініп отыр. Мағзұм Маратұлы осынау ауқымды жобаға көбірек көңіл бөлуді тапсырды.
Мұнан кейін министр маусымдық дақылдар өсірумен айналысып отырған «Qyzylsha» ЖШС-на ат басын бұрды. 2018 жылы негізі қаланған серіктестікке 1373 егіс алқабы тиесілі. Соның ішінде 25,5 гектарға қант қызылшасы, 397,5 гектарға жүгері және 950 гектарға арпа дақылы егіледі. Серіктестіктің Қант зауыты құрылысына 63 гектар жер телімі бөлінген. Серіктестік өкілдері зауытты іске қоспас бұрын шикізатпен қамтамасыз ету мәселесін жүйеге қою мақсатында өткен жылдан бастап ауыл шаруашылығы дақылдарын егу жұмысымен айналысып келеді. Қазіргі уақытта 204 гектар жерге 3 жаңбырлатып суару технологиясын орнатқан. 270 гектар аумаққа тамшылатып суару жүйесін енгізу жұмыстары жүргізілуде.
Ал Қордай ауданындағы сапарын министр Мағзұм Маратұлы Сарыбұлақ ауылдық округіндегі «Георгиевск» магистральді каналының жұмысын көруден бастады. Өткен жылы құрылыс жұмыстары басталған ирригациялық және дренаждық жүйелерді жетілдіру жобасының негізінде жүзеге асып жатқан бұл су жүйесінің ауылдағы диқандарға берері мол. Құрылыс жұмыстарын жүргізіп жатқан «TARAZ QURYLYS INVEST» жауапкершілігі шектеулі серіктесігінің өкілі құрылыс ағымдағы жылдың қараша айында жоспарға сәйкес аяқталатындығын айтты.
– Бұл каналдың ауылдағы шаруаларға маңызы жоғары, сондықтан да құрылыс жұмыстары барынша сапалы, әрі мерзімінде іске асуы керек. Сондай-ақ құрылыс жұмыстары кезеңінде ауыл тұрғындары жұмыспен қамтылуы тиіс, – деп атап өтті Мағзұм Маратұлы.
Бұдан кейін министр аудандағы су тапшылығы мәселесін жою мақсатында жоспарланып отырған Ырғайты және Қалғұты су қоймаларының жобаларымен танысып, құрылыс жұмыстарын бастау үшін нақты шаралар қабылдау қажеттігін жеткізді.

Саян Тілеужан

Leave A Reply

Your email address will not be published.