«Ақ мамамның айғайы айналайын сияқты…»

0 1

Гүлдара Нұрымова,
«Мейірім» медициналық орталығының директоры, облыстық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы

Біздің ата жұртымыз Қызылорда облысының Арал ауданы. Әкемнің аты-жөні Алданыш Арыстанғалиұлы, ал анамның есімі – Жаңабике Төлегенқызы. Ауылдары көршілес болған соң ба, бір сыныпта оқып, мектепті де бірге тәмамдапты. Анам әкемнің ауылындағы туыстарына келіп-кетіп жүргенде әжеміздің көзіне түссе керек. Ол заманның кісілерінің адам тануға келгенде көздері қырағы ғой. Қариялар ата-әжемізге «Аяқ-қолы ширақ, үлкендердің көзіне тіке қарамайтын мына қыздың сүйегі асыл екен, балаңа айт, ұнаса осы қызды келін қылайық» деп ықылас білдіріпті. Тағдыр о-баста пешенесіне жазған жары бұрыннан ыстық болды ма, әлде үлкендердің сөзін жерге тастағысы келмеді ме, әйтеуір екеуі содан көп ұзамай шаңырақ көтеріпті.
Үйленген соң әкем Мәскеудегі теміржол институтына оқуға түсіп, анам бірнеше жыл ата-енесімен қарашаңырақта тұрады. Әкем институтта 9 жыл оқиды. Былайша айтқанда, әкем ғалымдардан заманауи білім алып келсе, анам дала данышпандарының ұлт тәрбиесі жөніндегі «академиясын» бітіреді. Бұл 1965 жыл екен. Әкеме Алматы, Шымкент, Тараз қалаларының қайсысына барса да болатын жолдаманың таңдауы ұсынылса керек. Әкем пойыз Тараз қаласына тоқтағанда ойланбастан түсіп қалып, қаланы біраз оңаша аралап, ауасымен тыныстапты. Алатау мен Қаратаудың қалқасында орналасқан көне шаһарда наурыз айы болса керек, талдар бүр жарып, көк көтеріліп, құлпырып тұрғаны әкеме қатты ұнапты. Оның үстіне кездескен, жөн сұрасқан адамдарының да қабақтары ашық, мінездері табиғатындай ашық көрініп, әйтеуір осында қалуға бел байлапты. Сол жылдың қаңтарында туған мен Таразға келгенде 2 айлық шақалақ екенмін. Содан бері тарихы терең Тараз топырағында тамыр жайып келеміз. Әрине мен мұны тағдырым деп білемін.
Әкем-академик. Экономика ғылымдарының докторы. Анам алған білімі бойынша көп жұмыс істей алған жоқ. Мамандығы – экономист. «Әрбір тұлғаның артында ақылды әйел тұрады» деген тәмсіл бар ғой, тура сол секілді әкемнің бүгінгі ғылымда да, қоғамда да үлкен жетістікке жетуіне бірінші Алла, екінші анам себепкер. Мен анам секілді күйеуін пір тұтып, құрметтейтін әйелді көрген емеспін. Тіпті артық ешқайда да шықпайтын. Шыға қалған жағдайда, «Әкең үйге келіп қалады» деп, қайтқанша асығады. Әкемнің сүйікті асын қамдап, киімін ерекше ыждаһатпен тазалайтын. Сыртынан қарасаң тап бір патшаның күтушісі деп қаласың.
Анам отбасымызда бала тәрбиесіне келгенде өте талапшыл әрі қатал. Үй тірлігі, жиһаз тазалығы, ас әзірлеу, дастархан дайындау, қонақ күту секілді дүниелерді санамызға тәжірибемен де, мысалмен де қатты сіңіріп өсірді. Қаталдығы халық әніндегі «Ақ мамамның айғайы, айналайын сияқты» дегендей… Ол кісінің бойында қасиет көп, соның ішіндегі мені таңғалдыратыны кірпияз, тазалығы. Күніне бірнеше мәрте сүртетін еденнің жарқырағаны сонша, көз қарығады десе де болады. Әсіресе үй жиһаздарын орнымен үйлестіріп, оны сәндеуі өз алдына керемет. Бір орнында бейғам отырмайды, үнемі қозғалыста. Содан кейін шығар, бойында артық қырым ет жоқ. Қағаздай таза, қаршығадай ықшам. Қолы ашық, қонақжай. Бұрыннан «Бронхиалды астма» дертімен ауырады. Жұмыс істемеуіне бірінші әкемнің күтімі, екінші осы дерті кедергі болды-ау деймін. Біз кішкентай кезде анам жиі ауырып, үйге жедел жәрдем жиі келетін. Мен сонда: «Өссем дәрігер болып, бірінші анамды емдеймін» деп ойлайтынмын. «Жеткізбейтін арман болмайды, жете алмайтын адам болады» дейді ғой. Менің қазіргі медицина саласында еңбек етуімнің алғышарттары сол сәби кезімдегі анамның сырқаттануынан бастау алса керек.
Әкем мен анам үш қыз, бір ұл тәрбиелеп өсірді. Жалғыз ініміз ерке болып ержетті. Ал бізге тәртіп қаталдау болды. Мектепте орысша оқыдық. Достарымыздың үйіне қонбақ түгілі үйден алыс кетіп, ойнап көрмеппіз. Құрбылар келсе, аулада ғана серуендейміз. Алысқа ұзап кетсек, үйге келгенде жиналыс жасайтын.
Перзенттерінің ішінде бұзықтауы мен ғана. Сол мінезімнің кесірінен таяқты да көп жейтінмін. Мектепке түзу барып, түзу қайтамыз. Онда-мұнда бұрылу деген жоқ. «Қызға қырық үйден тыю» деген сол шығар. Киноға да барып көрмеппіз. Туған күн, мерекелік кеш секілді отырыстарға мүлдем сұранбайтынбыз.
Мен Қарағанды қаласындағы медициналық институтты алты жыл оқып, 23 жасымда бітірдім. Құрбыларыма шешелері: «Тұрмысқа шығып ал, әйтпесе жүріп қаласың» деп айтады екен. Маған ондай талап қойған жоқ.
Әлі есімде, бірде мені вокзалға шығарып салып тұрып анам: «Қызым, бірінші курс пен үшінші курс аралығында ешқайда бармай, ешкімге алаңдамай сабақ оқисың. Төртінші курста бір рет қана киноға, бір рет қана мейрамханаға барсаң болады. Ал, бесінші курста көресің өзің» деп қадап тапсырды. Қанша етім тірі, қағілез қыз болсам да анамның сол айтқандарын бұлжытқан емеспін.
Анам жаратылысынан бекзат. Бекзаттығы сол, дүниеден гөрі жан байлығын алға қоятын. Ол адамның ішкі байлығы– иманы, ұяты, мәдениеті мен тәртібіндегі тәрбиесі секілді рухани нәрселер.
Сосын: «Жар таңдауға келгенде сыртқы сұлулық пен дүниесіне құмартпаңдар, олар тез оңады. Тектілігіне, ішкі жан-дүниесі тазалығына қараңдар» деп айтатын. Және «Кезінде біз ата-енеміздің бетіне тіке қарамайтынбыз, сендер де сөйтіңдер» деп қатты тапсырып жүрді. Оқу бітіріп келген соң осы елдің азаматына тұрмысқа шықтым. Ол кезде тағы: «Қызым, өзің таңдап қосылдың, бізді жерге қаратпа. Бізге телефон соға берме. Рұқсатсыз келуші болма. Сол үйге тастай батып, судай сің» деп батасын бұйрық райда берді. Айтқанын бұлжытқан жоқпын. Ұзақ жыл ата-енеммен бірге тұрып, қайным үйленген соң ғана ақ батасын алып, бөлек шықтық.
Бүгінде анамның 100 теңгеліктен тиын салғышқа жинайтын әдеті бар. Содан жүз теңгелік монета қолыма түссе анама беремін. Ол кісі бұған қуанады. Ыдыс толғанда немерелеріне ойыншық, тәттілер алып беріп, соған өзі де шаттанатыны бар. Зейнетақысын мұқтаж болған немерелеріне беріп тұрады.
Бүгінде әкем мен анам Аллаға шүкір, дін аман. Өткен жылы отасқандарына 60 жыл толды. Ендігі бір мақсатым әкем екеуіне дүниежүзінің әсем жерлерін аралату болып тұр. Еуропаның әдемі аумақтарын әке-шешеммен бірге неге көрмеске? Мүмкін Меккедегі пайғамбарлардың табаны тиген Қағбаға да барып қалармыз. Жаратқаннан сұрарым, екеуі де есен-сау сол күндерге аман-есен жетсе екен!

Leave A Reply

Your email address will not be published.