Қоғам

Ақ некеге атүсті қарамайық

Жаратушы Иеміз Адам атаны жаратқаннан кейін жалғызсырамасын, артынан ұрпақ өрбісін деп, өмірдің қуанышы мен қайғысын бірге көру үшін оған Хауа ананы қосақтапты. Тек адам емес, барлық тіршілік иесінің жұп болып жаратылғаны туралы Құранда «Жерден өніп-өсетін барлық өсімдіктерді, өздеріңді және сендердің білмейтін нәрселеріңді жұп-жұп етіп жаратқан Алла қандай пәк» делінген. Яғни, бұл тіршілікте жұптасудың маңызды рөл атқаратынын байқатса керек. Ал, адамзат ғұмырында некенің орны үлкен мәнге ие.

Саналы өмір сүрудің үздік үлгісін көрсетіп кеткен сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) «Үйлену – менің сүннетім» десе, енді бір хадисінде «Үйленіңдер, көбейіңдер, мен сендердің көптіктеріңмен қиямет күні басқа үмбеттерге мақтанамын» деп ақ некемен үйленудің де құлшылық екенін өсиеттеді. Ізгі қасиеттерді ғана дәріптейтін Исламға мойынсұнған қазақ халқы да некеге асқан жауапкершілікпен қарап, ұрпағын азғындықтан сақтандыру мақсатымен ұлын ұяға, қызын қияға қондыруды басты мұратқа балады. Алайда, соңғы уақытта бабаларымыз өмірінің мәніне балаған некеге де немқұрайды қарайтындардың көбейіп бара жатқандығы қынжылтады. Тіпті, өзін діндар санайтын базбір кісілер теріс ағымның жетегімен көңілі қалаған әйелмен уақытша некелесуді, тездетіп талақ айтуды үрдіске айналдыра бастағандай.
Бірде Еңлік есімді құрбым жағдайын айтып, мұңын шақты. Жасы 25-тен асқан ол хақ дінді танып, білмегенін сұрау үшін мешітке барып, сондағы ұстаздардан дәріс алып жүретін. Сол жерде өзіндей дәріске қатысушы жас келіншекпен танысып, достаса келе сырласына айналған. Кейін келе әлгі келіншек бұған өз күйеуіне тоқалдыққа тұрмысқа шығуға ұсыныс жасапты.
– Бұрын-соңды біреуге тоқал болармын дегенді ойлап көрмеген басым мең-зең күйге түстім. Төбемнен жай түскендей, шошып кеттім. Оның айтуынша, күйеуі сәждеге жығылған діндар кісі екен. Бірақ, сырттағы сұлуларға сүйсініп, әйелін талақ етіп кеткісі келетін көрінеді. Келіншегі де үріп ауызға салғандай, үлбіреген, көрікті. «Құдай қосқан қосағымнан қол үзгім келмейді. Әлі ештеңенің байыбына бара алмайтын, кішкентай балам бар. Есі кірмеген нәрестеме ажырасқанымызды қалай түсіндіремін? Одан да талақсыз-ақ, күйеуіме өзім сенімді қызды тоқалдыққа әперсем деймін» деп егіл­генде ет-бауырым елжіреп кетті. Тіпті, маған сондай ұсыныс жасағаны шайқалғалы тұрған шаңырағына араша сұрағандай көрінді. Не көмек қолымды соза алмаймын, не қарсылық білдіруге батпаймын, осындай дәрменсіз дүбәра күй кештім. «Исламда көп әйел алуға рұқсат берілген, Пайғамбардың да бірнеше жары болған» деп әлгі келіншек күнде үгіттейді, – деп шарасыздығын жыламсырай жеткізді.
Құрбымның шақшадай басының шарадай болғанын көріп, шыдай алмадым. Не де болса, дұрыс жол нұсқау үшін орталық «Һибатулла Тарази» мешітіндегі дін қызметкерлерінің пікіріне құлақ түргенді жөн көрдік.
– Исламда әділдікке ерекше мән беріледі. Сол себепті, ер азамат өзінің жарларына әділдік сақтаудан қорқатын болса, бір жарымен қалғаны абзал. Асыл дінімізде 4 әйел алу парыз деген үкім жоқ. Үйлену бұйырылғанымен бірнеше әйел алу қажеттіліктің туындауына байланысты жүзеге асады. Егер жесір немесе оң жақта отырып қалған қызды бірінші зайыбының келісімімен алса ғана рұқсат етіледі. Екінші, үшінші әйел алу тек Алланың разылығы үшін болуы керек. Пайғамбарымыз (с.ғ.с) хадисінде «Сендердің ең жақсыларың отбасыларыңа, яғни, әйелдеріңе жақсы қарағандарың» дейді. Екі-үш әйел алып, оларға дұрыстап қарай алмай немесе некесіз көңіл қосып, әйел баласын күнәға апарса, солардың да күнәсін өзі көтереді. «Сүйіп қалдым» дегенді сылтауратып, біріншісін талақ етіп, екінші рет некелесу тіптен құптауға келмейді. Құран Кәрімде 176 аяттан тұратын «Ниса» («Әйелдер»), 98 аяттан тұратын «Мәриям» деп аталатын сүрелер тікелей әйелдерге арналған. Бұдан басқа, «Нұр», «Ахзаб», «Мұмтахина», «Тахрим», «Талақ» сүрелерінде де асыл дініміздегі әйел адамның орны көрсетілген. Осыған қарап-ақ, Ислам дінінің әйелдерге қаншалықты көңіл бөлетінін аңғару қиын емес, – дейді облыстық орталық мешіттің найб-имамы Ержан Аманбаев.
Өңірімізде жат ағымның жетегіне ергендермен жұмыс жүргізетін діни бағыттағы оңалту орталығының психолог маманы Бақдәулет Тілеуханнан да аталмыш мәселе төңірегінде сұрадық.
– Біздің қызметтік мақсатымыз облысымыздағы наным-сенімдерін өзге бағытқа бұрғандарға діннің дұрыс жолын көрсетіп, оң мен солды аңғарту болғандықтан, тәжірибемізде некеге атүсті қарайтын кісілер кездеседі. Жұбайлардың ажырасуын Алла да сүймейтінін, ақ некелі жарының алдындағы ақысын адал атқару мұсылманға міндет екенін барынша түсіндіреміз. Ойын түзеткенше бақылауда ұстап, тығыз байланыста жұмыс істейміз.
Исламның түп-тереңіне үңілер болсақ, қыз балаға, анаға деген құрмет, некеге жауаптылыққа байланысты дәлелдер жетерлік. Біздің дана халқымыздың да салт-санасында «Қыз жүрген жерге құт қонады», «Анаңды Меккеге үш рет арқалап барсаң да ақ сүтін ақтай алмайсың» деген түсінік-пайым бар. Қазақ халқының тұрмысында қолданатын дәстүрлері Исламның игіліктерімен тамырлас. Қорыта айтқанда, серттесіп қосылған зайыбына жеңіл көзқараспен талақ айтып, басқамен некелесіп жүре беру дініміздің шариғатына да, халқымыздың менталитетіне де қайшы, – дейді психолог Бақдәулет Мамырханұлы.
Расында да, үлкен сеніммен қол ұстасып, тағдырын қосқан жарын жарты жолда қалдырып, өзгеге өзеуреген әрекет адамгершілікке де жат. Ал, неке жаңа өмірдің бастауы, баянды болашаққа жасалған алғашқы қадам. Тек, Алла адамды адастырмасын деңіз.

Қамар ҚАРАСАЕВА

ПІКІР