«Ақ желкен» жастары алғысқа әбден лайық

0 2

Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясы еліміздің болашағының негізі болатын жастарымен жұмыс жасауға ерекше көңіл аударып отырады. Ассамблея жанынан әртүрлі ұлт өкілдерінің басын қосқан «Ақ желкен» жастар лигасының құрылуы – соның дәлелі.

Қазіргі таңда жастар лигасының құрамына қазақ, дүнген, түрік, тәжік, ұйғыр, шешен-ингуш, еврей, қарашай-балқар этномәдени бірлестіктері және орыс қауымдастығы жастар қанатының өкілдері кіреді. Бүгінде аталған жастар лигасына ҚХА мүшесі, облыстық «Вынуха» дүнген мәдени орталығы жастар қанатының төрағасы Зайнуддин Махусеев төрағалық етеді. «Қазақстан – 2050» бағдарламасын іске асыруды, ҚХА ұлтаралық келісім мен толеранттық мінез-құлықты өскелең ұрпақ өкілдеріне жеткізу мен қалыптастыруды, қазақстандық патриоттық рухта тәрбиелеу мәселесін басты бағыт етіп қойған лига былтырғы Волонтерлер жылында тың бастамаларды бастап, қайырымдылық шараларына бастамашы болған. Құрылғанына 6 жылдан асқан лига төрағасы Зайнуддин Махусеевтің айтуынша, олар жылдағы дәстүрлі шаралардан бөлек, адрестік шараларға да басымдық беріп отыр. Олар Еріктілер жылында әр тоқсан сайын өңірдегі аз қамтылған отбасыларды азық-түлікпен қамтамасыз етіп, қайырымдылық шараларына ден қойыпты.
– Пандемия еліміз түгілі, әлемге оңай соққан жоқ. Жасыратыны жоқ, өткен жыл жастарға үлкен жауапкершілік жүктеді. Сондықтан шығар, біз де құр қарап жата алмадық. Лига жастары бас біріктіріп, ерікті ретінде жұмыла білдік. Нәтижесінде алғашқы жұмысымызды донор болудан бастадық. Мұның өте сауапты іс екені бесенеден белгілі. Елдегі жарияланған төтенше жағдай кезінде біршама тұрғындар сыртқа шыға алмай қалған болатын. Соларға жастар тарапынан азық-түлік себеттерін тараттық. Нақтырақ айтқанда, 170 отбасыға әр он күн сайын азық-түлік барып тұрды. Вирус өршіген уақытта негізгі күш дәрігерлерге түсті. Күн-түн демей аурумен алысқан олар тіпті үйлеріне бара алмады. Сондықтан біздің еріктілер инфекциялық ауруханаға ыстық тамақ тасыды. Еріктілеріміз бұдан өзге өңірде көмекке зәру азаматтарды іздестіріп, қол ұшын соза білді. Мысалы облыс орталығындағы бір отбасының шаңырағы отқа оранып, баспанасыз қалған еді. Ол отбасыға азық-түлік, жылы киімдер жеткізді. Тіпті уақытша тұратын баспана да тауып берді. Кейіннен жергілікті әкімдік үй мәселесін шешіп бергенін айта кеткен жөн, – дейді З.Махусеев.
Осылайша Ассамблеяның жастар лигасы Волонтерлер жылында қолдарынан келгенше үлес қосуға тырысқан. Есесіне олардың еңбегі облыс басшылығы тарапынан елеусіз де қалмаған. Лиганың еріктісі Хамида Турдыева «Жылдың ең үздік волонтері» атанды. Ол бұл марапатты аймақ басшысы Бердібек Сапарбаевтың қолынан алды.
Тағы да бір ауыз толтырып айта кететін жайт, жастар лигасы мен облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасы бірлесе «Мәміле» атты клуб құрыпты. Аталған клубты құрудағы мақсат – өзге ұлт өкілдері жастарының қазақ тілін жетік меңгеріп, салт-дәстүрі мен тәрбиесін бойға сіңіру екен. Оның жұмысына лига жастарынан бөлек, мектеп және колледж студенттері де тартылған.

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.