Жастар.kz

Ақбота республикаға жолдама алды

Written by Aray2005

Облыс әкімдігі тілдерді дамыту басқармасы «Тілдерді оқыту орталығының» ұйымдастыруымен Ахмет Байтұрсынұлы атындағы облыстық байқау өтті. Ересектерге мемлекеттік тілді оқытатын шығармашыл оқытушыларды анықтау, олардың кәсіби-педагогикалық шығармашылығын шыңдап, латын графикасына негізделген қазақ тілін меңгертудің озық үлгісіндегі педагогикалық тәжірибелерді тарату мақсатында өткен байқау бірнеше кезеңнен тұрды.

Атап айтқанда үміткерлер бей­не­таныстырылымын ұсыну, педа­гогикалық-психологиялық жағ­даят­тарға арналған тапсырмаларды орындау, сабақ үлгісінің тақырыбын таңдау, 8-10 тыңдаушыдан құралған аудиторияда сабақ үлгісін көрсету сынды кезеңдер бойынша бақ сынады.
Байқауға облыстық тілдерді оқыту орталығы мен оның Байзақ, Жамбыл, Жуалы, Қордай, Талас, Сарысу, Меркі аудандарындағы бөлімшелерінен 10 қазақ тілі оқытушысы қатысты. Оларға облыс әкімдігінің тілдерді дамыту басқарма басшысының міндетін атқарушы Набира Сүйманова, «Өрлеу» біліктілікті арттыру ұлттық орталығы Жамбыл филиалының инновациялық білім беру және ақпараттық технологиялар кафедрасының аға оқытушысы Ләйлә Сейдазимова, облыс әкімдігі білім басқармасының оқу-әдістемелік кабинетінің әдіскері Айсұлу Нұрмолдаева, М.Х.Дулати атындағы Тараз мемлекеттік университеті «Қазақ және орыс тілі» кафедрасының аға оқытушысы Жанат Букенова қазылық етті.
Сонымен байқау қорытындысы бойынша бас жүлдені облыстық тілдерді оқыту орталығының оқытушысы Ақбота Тұрсынбекова иеленді. Ал І орын «Тілдерді дамыту орталығы» Сарысу аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Айжан Андрахбаеваға бұйырса, осы орталықтың Байзақ аудандық бөлімшесінің меңгерушісі Рабиға Сайлаубекова ІІ орынды жеңіп алды. Байқау жеңімпазы
ҚР Мәдениет және спорт министрлігі Тіл саясаты комитетінің ұйымдастыруымен Қазақстан халқы тілдері күніне орай өткізілетін А.Байтұрсынұлы атындағы республикалық конкурсқа жолдама алды.

Айжан Өзбекова

ПІКІР