"Хаттар...Хаттар..."

Әке аманатына адалдық

Ұлы Отан соғысы жылдары алыстағанымен ортақ жеңіске үлес қосқан майдангерлердің даңқы ешқашан да төмендемейді. Біздің Қарақалпақстаннан Жамбыл жеріне көшіп келгенімізге көп жылдар болды. Әкем, марқұм Орақбай Ділмәнов майданнан оралысымен атамекенге қоныс аударуды армандапты. Алайда, бұл мақсат түрлі себептермен кейінгі жылдарға қала берген. Әке арманын біздер, оның балалары Жалғас, Базарбай, Жолдас, Құрбаш, Илья, Роза орындадық. Қазір Ильядан басқаларымыз атамекенде өмір сүріп, еңбек етіп жатырмыз. Тәуелсіз еліміздің болашағы жарқын, бақытты болуы үшін қолдан келген үлесімізді қосудамыз. Барлығымыз да жоғары білімдіміз. Көпшілігіміз Тараз қаласындағы жоғары оқу орындарын бітірдік. Маманбыз. Ел сеніміне, құрметіне бөленген азамат атану бақыт екенін енді сезінгендейміз.

Әкеміз Орақбай Болатбайұлы 1920 жылы дүниеге келген. 21-ге толар-толмас шағында 1941 жылдың наурыз айында армия қатарына алынып, Отан алдындағы парызын өтей бастайды. Бәрімізге белгілісі – сол жылдың маусым айында фашистік Германия «КСРО» деп аталатын алып империяға алдын ала соғыс жарияламай-ақ баса көктеп кірді. Сол кезде менің әкем қызмет ететін 122-атқыштар полкі шекарадан қашықтау болғанымен, алдыңғы шепке жақын жерде орналасыпты. Неміс әскерлері Мәскеуге бет түзегенде олардың алдында алынбас қамалға айналған талай кедергілер болғанымен, Кеңес әскерлерін кейін шегіндіргені белгілі. Әкем полкта артиллерист болған. Еске алатыны, Смоленск бағытында болған шайқаста жан беріп, жан алған сәттерінің көптігі. Бірде бұлардың дивизионын алдыңғы қатарға шығарып, баса-көктеп келе жатқан фашист танкілерінің жолын бөгеу тапсырылыпты. Зеңбірекші әкеміз бастаған артиллеристер таңның атысы мен күннің батысына дейін тоқтаусыз шайқасып, арыстанша арпалысып, фашистердің оннан аса танкісін қиратыпты. Бірақ, күшті жау бұларды шегіндірген. Шегініп келіп, олар Ржев қаласының маңында берік бекініс орнатады. Тап осы жерде фашистер өздерінің әлсірей бастағанын танытса керек.
Мәскеуге дейін шегініп келген Кеңес әскерлері 1941 жылдың 6 желтоқсанында тұңғыш рет кең көлемде отарлаушыларға қарсы жойқын соққы беріп, қарсы шабуылға шығып, оларды Мәскеуден 200 шақырымға дейін шегіндірген сәтін әкем әрқашанда мақтанышпен, ерекше бір қуанышпен айтатын. Жаудың омыртқасын үзбесе де, мүйізін қайырғанын, соның нәтижесінде олардың қауқары әлсіреп, бірте-бірте Кеңес әскерлері күшіне еніп, жауды шегіндірген. Сондай бір шайқастарда шегініп бара жатқан фашистерге жойқын соққы берген артиллеристердің көпшілігін марапаттағанда әкеміз омырауына «Ерлігі үшін» медалін тағыпты. Кейінірек елге оралып, бейбіт еңбекке араласқан кезде ол кісі осы және «Германияны жеңгені үшін» медальдарына ерекше мақтанатын. 1943 жылы жаз айында Калинин майданында жаумен болған ірі шайқастың бірінде әкем жараланыпты. Контузия алып, бірнеше снаряд жарықшақтарынан жараланып, ұзақ уақыт майдан госпиталінде емделіп, ақыры елге қайтыпты.
Елге оралғаннан кейін майдангер әкеміз жарақатының жазылмағанына қарамастан, мектептің жоғары сынып оқушыларын әскерге даярлау бағытында еңбек етеді. Оларға алғашқы әскери білім беріп, майданға даярлайды. Соғыс біткеннен кейін 1948 жылы анамыз Бағдагүлге үйленгеннен соң аудандық тұтынушылар одағына жұмысқа орналасады. Аз уақытта өзінің жауапкершілігімен, адалдығымен көзге түскен әкемізді басшылық қызмет сатысында жоғарылатып, жаңа міндеттер жүктепті. Ол кездері ауылдардың арасы қашық, жол нашар, байланыс жоқ. Соған қарамастан Орақбай әкеміз үлгілі қызмет етті. Соның нәтижесінде Қарақалпақстанның «Құрмет» грамотасына ие болды. Ол кісінің осындай марапаттары туралы көп айта беруге болады.
Әкеміздің майданда, бейбіт еңбекте көрсеткен ерен ерліктері мен еңбектері бізге әрқашан да үлгі, өнеге. Сондықтан да атын қастерлеп, ол кісінің немере-шөберелеріне, шөпшектеріне өнеге етіп қалдыру – біздің парыз. Әке аманатын орындап, атамекенге келіп, тәуелсіз Қазақстанның жарқын болашағы үшін еңбек етіп жатқанымызға шаттанамыз. Ұрпақтарымыз елімізбен бірге өсіп, өркендеп келеді. Ол – біздің ең басты қуанышымыз!

Роза Ділмәнова,
Б.Момышұлы атындағы
мектептің мұғалімі,
Жамбыл ауданы

ПІКІР