Қоғам

«Әкелер одағының» әкелер пайдасы қандай?

Заман ағымына қарай бүгінде түрлі ұйымдар ашылып, алаулатып-жалаулатып әйтеуір өз жұмысын жүргізіп жатыр. Бірақ, солардың арасында «Әкелер одағы» құрылып жатыр дегенді естігенде таңғалғанымыз жасырын емес. Балалар, жасөспірімдер мен нәзікжандыларды қорғау түсінікті, ал шаңыраққа тірек болатын, отбасының асыраушысы саналатын ер азаматтарға ортақ одақтың қажеті қанша?

Көкейде көлбеңдеген сұрақты алға тартып, облыс әкімі жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі комиссияның хатшысы Бақыт Жақсылықоваға хабарластық. Оның айтуынша, «Әкелер одағы» алғаш рет осыдан 5 жыл бұрын республика деңгейінде құрылыпты. Бүгінде еліміздің облыстарында бұл қоғамдық ұйымның 7 бөлімшесі бар екен. Ағымдағы жылдың 1 маусымында ҚР Президентінің жанындағы әйелдер істері және отбасы-демографиялық саясат жөніндегі ұлттық комиссияның ұйымдастыруымен Ақтөбе қаласында үшінші республикалық әкелер форумы өткізілген. Форум Ақтөбе облысында жарияланған «Бала жылы» аясында ұйымдастырылыпты.
– Бұл одақ әкелердің құқығын қорғаумен айналысады деген пікір дұрыс емес. Бүгінгі күні аналарға барлық мәселені жүктеп қойып, ер азаматтардың бала тәрбиесіне немқұрайды қарауы белең алуда. Осы орайда, отағасы өзінің отбасындағы орнын жан-тәнімен сезінуі тиіс. Сондықтан да, біз отбасылық құндылықтарды нығайту үшін жігіттерді мектеп жасынан тәрбиелеуді жөн санап отырмыз. Оларды жауапкершілікке, отбасын құруға дайындауымыз керек. Осы мәселелерге қатысты әкелер ұйымы көмектеседі деп ойлаймыз, – дейді Бақыт Сауқымбекқызы.

Жоғарыда аталған форумға өңірден «Освобождение – Юг» қоғамдық қорының президенті Дәурен Бағжанов, 7 баланың әкесі, жеке кәсіпкер Ғалымжан Қалымбетов қатысып қайтқан екен. «Форумда әкелерге, жалпы ер азаматтарға қатысты түрлі тақырыптарда әңгімелер қозғалды. Бұл жалпы қоғамға пайдасы бар ұйым екенін түйсініп, одақтың бөлімшесін облыста ашуды ұйғарып отырмын», – дейді Д. Бағжанов.

– Қазіргі таңда ұрпағының алдында қадір-қасиетін жоғалтып, әкелік міндетін абыроймен атқара алмай жүрген азаматтар санының көбейіп бара жатқандығы жасырын емес. «Әке көрген оқ жонар» дегендей, бұрын отбасында әкелері немесе аталары өз өнерлерін балаларына үйретіп, ұста етіп тәрбиелеуге көп көңіл бөлген. Ал, қазір көңіл бөлмек түгілі баласының немен айналысып, кіммен араласып жүргенінен бейхабар әкелер аз емес.

Сонымен бірге, балаға әке тәрбиесі жетіспейтін отбасылар да көптеп кездесуде. Бала тәрбиелеуде әке мен бала арасындағы сұхбаттасу елеусіз қалып барады. Осыған орай баланы емес, оның әкесін тәрбиелеу, тіпті тәртіпке шақыру дұрысырақ болатын шығар деп, осы қоғамдық бірлестікті құруды қолға алып отырмын, – дейді «Освобождение – Юг» қоғамдық қорының президенті Дәурен Бағжанов.

Жалпы, бұрындары бір өзі бір институтқа татитын әкелер үшін ұйым құрылады деп кім ойлаған? «Жақсы әке балаға қырық жыл азық», «Жақсы әкенің тәрбиесін жүз мектеп те бере алмайды» деген тәмсілдер ойлы отағасының одақсыз-ақ оңды істердің ұйытқысы бола алатынын аңғартып тұрғандай. Дегенмен, мұндай азаматтардың қатары азайып барады. Сол тұрғыдан келгенде әкелер одағының да ықпалы артуы бек мүмкін. Ол енді алдағы уақыттың еншісіндегі дүние.

Айжан ӨЗБЕКОВА

ПІКІР