"Хаттар...Хаттар..." Қоғам

«Әкесі құстан, шешесі тышқан»

Written by Aray2005

немесе аралас неке абырой әпермейді

Қазіргі мына ұстараның жүзіндей қалт-құлт еткен алмағайып заманда санасында саңлауы бар адамды ойландыратын, мазалайтын сұрақ көп. Менің пайымдауымша, дәл бүгінде біздің еліміздегі өзекті мәселелердің бірі – аралас неке, яғни өзге ұлт өкілдерінің қазақпен шаңырақ көтеруі. Кейде көшеде ұлты бөлек жат біреудің құшағында кетіп бара жатқан қазақтың үріп ауызға салғандай жас шыбықтай сылқым ару қызын көріп, жүрегіңе тас түскендей жиі соғып, ішкі дүниең әлем-жәлем күйге еніп, санаңа ауыр ой ине қадалғандай сезімге бөлейтіні бар.

Иә, бұл мына сайқымазақ қазіргі өмірде кездесіп жатқан құбылыс. Осы бір ушығып тұрған проблеманың себебіне зер салсақ, аралас некенің артуының басты себебі – ұлттық рухтың әлсіздігі. Байлыққа, дүниеге, әдемі мамыражай өмірге деген жастардың қызығушылығы оларды рухани қазынадан алыстатып барады. Баюды, жеңіл, уайымсыз бақытты өмірді аңсаған кейбір жастар өз ұлтына менсінбей қарап, өзге ұлттың «жылтырағына» қызығып тұратындығы жиі байқалады. Шетелде білім алып жүрген қыздарымыздың басым көпшілігі әртүрлі себептермен қайтып елге оралмайды, сол жақта тұрмысқа шығып, «өз бақыттарын» табады. Тағы бір өмірдің сорақысы, аралас некенің көбеюіне ғаламтордың, ұялы телефондардың, танысу агенттіктерінің ықпалы да бар екеніне күмән келтіруге болмайды. Көптеген қазақ қыздары түрік, араб, әзірбайжан, дүнген, татармен отау құруға қарсылық танытпауда. Алайда зерделеп қарасақ, мұның өзі қазақ халқына қауіп төндіреді. Себебі демографиялық көрсеткішке көз жүгіртсек, арабтар әлемде 300 миллионға жуық, ал түріктер 80 миллион, әзірбайжандар 25 миллион, өзбектер 32 миллионды құрайды. Олар біздің текті, қаны бұзылмаған қазақтың қыздарын алғылары келеді. Соңғы деректерге сенсек, Алматы, Ақтөбе, Қызылорда және Шығыс Қазақстан облыстарында қытайға тұрмысқа шыққан қазақ қыздары аз емес екен. Бейресми мәлімет бойынша 30 мың қытай қазақ қыздарын алып, Қазақстанда тұрып жатқан көрінеді. Осындай үрдіс жыл өткен сайын кең тарап барады. Әлгілерден дүниеге келген «жиендер» шешесі қанша қазақ болғанымен ешқашан қазақ бола алмайды, қазақтың ұлттық салт-дәстүрінен, мәдениетінен мақұрым болып өседі.
Несін жасырамыз, «Менің қызым ағылшынға тиіп, Лондонға кетті», «Менің қызым Германияда тұрып жатыр, күйеуі неміс», «Күйеу балам түрік» деп мақтанатын қазақтар шықты соңғы кезде. Ал біле-білсек, сол мақтанатын нәрсе емес, қайғы-қасірет қой?! Демек, сен оны өзгеге берген күні ол қызыңның жаназасын шығардың деген сөз. Бұл қатты, сүйекке батыра айтылған пікір болар. Санасында саңылауы бар адамды терең ойға қалдыратыны анық. Ойласаңыз, бұл күндері шетелдік азаматтың отын жағып, күлін шығарып, тілі мен салт-дәстүрін, тіпті өз ұлтын жоғалтып, үйіріне қайта алмай жүрген қаракөз қыздарымыз қаншама? «Онда тұрған не бар екен, қазақта «қыз – жат жұрттық» деген сөз бар емес пе? Бақытты болса болды» деп далаға лағып, оны мақтанышқа санап көкитіндер көп. Әлгі жандардың аралас некені құптауы, қолдауы деген – қасіретке алып баратын жол екенін терең ұқпайтыны қынжылтады. Оның ұлттық қасіретке айналғанын ойламайды да.
Осы бір мәселе төңірегінде әңгіме қозғалғанда базбіреулер «әркімнің өз таңдауы, өз шешімі бар» деп оларды қызғыштай қорғайтын шығар. Рас, Қазақстан Республикасының барлық азаматтарына еркін құқық берілген. Бірақ осы еркіндікті өзге ұлттар тиімді пайдаланып жүргені де айдан анық. Егер бізде талап, ұлттық намыс пен заң күшті болғанда олай болмас еді ғой деп күйінесің. Аралас некенің қазақ үшін қаншалықты қауіпті екенін, ұлтымыздың болашағы не болатынын ойлай беріңіз. Қорқынышты…
Жә, жарайды. Енді бақыттарын іздеп шетел асып жатқан қыздарымыздың хал-ахуалына көз жүгіртейік. Мына Kaz.tengrinews.kz сайтынан алынған бірнеше фактыға сіздердің көңілдеріңізді аударайық.
Арабтарға тұрмысқа шыққан қазақстандық үш қыз бастан өткерген оқиғаларын NewTimes.kz басылымының тілшілеріне айтып беріпті.
Олардың бірі – Талдықорғанның 29 жастағы тұрғыны Дарина. Ол Біріккен Араб Әмірліктеріне 400 мың теңгеден жоғары жалақы үшін барыпты. Сол жақта ол орта жастағы бақуатты арабпен танысады. Сөйтіп, ер адам бір ай өткенде оған тұрмысқа шығу туралы ұсыныс айтқан. Осылайша тіршіліктің қамын ұмытып, қоластында қызметшісі бар зәулім үйде күйеуінен әшекей бұйымдар мен ыстық махаббаттың рақатын көру туралы мүмкіндік туады. Ал ең бастысы –
арабқа ұл тауып беру мақсаты тұр.
«Менің күйеуім бақуатты адам, сағаттап жалақы алады. Үшінші әйелге бар мүмкіндігі жетеді, алайда қазір ол бізге тіпті интернеттің төлемін де бермейді. Некелескенімізге бірнеше жыл болды, үш баламыз бар, ең жаманы, ешқайсысы әкесіне ұқсамаған, барлығы ашық реңді. Қыздарымды тіпті адам екен демейді, жақтырмайды. Балаларым мектепке де бармайды, оқуына әкесі бола тұра ақша бергісі де жоқ. Ақшасы жоқ емес, тұрмысымызды әп-сәтте көтеріп тастайтын жағдайы бар, мектеп пен интернеттің ақысын төлеуге, көшеде еркін серуендеуіме жағдай жасай алады. Бірақ қаламайды», – дейді Дарина.
Ал Шымкенттің 27 жастағы тумасы, алайда қазір Дубайда тұратын Маржан оқиғасын былай баяндайды: «Әмірліктерде шетелдіктер тек екінші әйел бола алады, жұрты шариғат заңы бойынша араб қыздарының бірінші әйел болуын құп көреді. Күйеуім бай адам, бірінші әйелі бар. Дубайдағы өмірімді бұлай елестетпеппін. Бастапқыда барлығы жақсы болатын, бала босанып бергеннен кейін өзгеріп шыға келді. Күйеуімнің рұқсатынсыз ешқайда да шыға алмаймын. Өз еркім жоқ, ол қалаған киімді киемін. Ол талап еткен асты ғана ішемін. Үй жануары секілдімін. Арабтардың әйелдерінде ешқандай да құқық жоқ. Жұмыс істеуге тыйым салды. Бар шаруам – үйде отыру, ешқайда шықпай, күту ғана. Жұмысында бір мәселелер шығып қалса да, басқа қиындықтары туса да мен кінәлі болып шыға келемін. Соңғы кездері қол көтере бастаса камераға түсіріп алуға әдеттендім. Полиция шақырғаннан кейін ғана сабасына түседі. Бірақ балаларымды жақсы көреді. Көңілге медет болатыны осы ғана, осы үшін ғана өмір сүремін», – дейді қаракөзіміз.
Оның айтуынша, Әмірліктерге Қазақстаннан барған қыздар өте көп екен. Әйелдер өзара байланысып, бір-біріне қолдау білдіріп жүретін көрінеді. Тәжірибе алмасып, кеңестер айтады.
Басылымға сұхбат берген үшінші қыз – Қостанайдың 31 жастағы тумасы ажырасып кетсе де, Дубайда қалып қойыпты. «Ұрып-соғып, үркіткеннен кейін осыған бел будым. Осылай тағы жалғасқанда қызым екеуміз аман қалмас едік. Бақытымызға қарай, зорлық-зомбылық көргенімді дәлелдей алдым, сөйтіп қана ажырастық. Балам ұл болғандықтан оған оңайырақ, себебі бұл елде 70 пайыз ерлер, қалған 30 пайызы ғана әйелдер. Балаларыма мемлекет баспанасын төлейді, тамаққа чек береді, мектебінің ақысын да, медициналық қызметін де төлеп береді. Мен Қазақстан азаматы болғандығымнан ем алуға қызмет тегін емес, тек жеңілдік алып тұрамын, себебі арабтың балаларын тәрбиелеп отырмын», – дейді аты-жөнін атағысы келмеген қыз.
Басылымның мәліметінше, бұл оқиғалардан асып түсетін жағдайлар бар. Әйелдер мүгедек болып қалатын немесе өз-өзіне қол жұмсауға итермелейтін жағдайлардың болғанын айтады. Себебі араб елдерінде ер адамдарға сот жоқ екен.
«Алайда қыздар күйеуге шығу туралы райларынан қайта ма деген сұраққа біркелкі жауап қатпайды. Соған қарағанда, балалары үшін және бақуатты өмір үшін қазақстандықтар осындай қатыгездіктерге төзуге де дайын. Әмірліктердің билігі араб балаларының аналарын аш-жалаңаш, үйсіз-күйсіз қалдырмайды дейді қыздар. Мұндай өмір үшін олар бостандықтарын да қиюға дайын», – деп жазады мақала авторы. Ғаламтордан осы тәріздес мақалаларды аз кездестірмейсіз. Тағдырдың баянсыз, жұмбақ торына түсіп, өмірін өкінумен, өксумен өткізіп қанша жан шетелде жүр. Алайда шетелдікке тұрмысқа шығып, шекесі қызып жүргендері шамалы.
Осыдан бірер жыл бұрын қаламызда тәп-тәуір құрмет-абыройы бар, ұзақ мезгіл жауапты қызмет атқарған бір танысымды сонау Америка Құрама Штаттарына шығарып салдым. Екі қызының ол елде тұрғанына 8-10 жылдың көлемі болыпты. Қырық жылға жуық отандасқан ұлты орыс әйелі осыдан екі жыл бұрын қыздарына барып келетінін айтып қыр асып кетіпті де, содан кері оралмай қойыпты. «Бізді керек деп есептесең Америкаға келерсің, біз енді кері қайтпаймыз. Осында тұратын болып шештік. Арғы жағын өзің біл… Келсең – есігі­міз ашық, келмесең – өз еркің. Өкпелемейміз», – деп әйелі хабар береді.
«Алғашқы кезде «Мейлі, өздерің біліңдер. Мен өз Отанымды тастап еш жаққа бармаймын» деп қасарысып жүрдім. Содан бір жыл өтті, екі жыл өтті. «Ағайын-туысқаннан қол үзгенім қашан. Бір жылдан кейін зейнетке шығамын. Содан кейін мен мұнда кімге керекпін?» деген ой жиі мазалай берді. Ойлана келе АҚШ-қа барғанды жөн көрдім. Ертең мені не күтіп тұр, пайымдау қиын. Болашағыма еш сенім жоқ», –
деп еді әлгі танысым жанары жасаурап, келбеті мұңға тұнып. Оның дірілдеген даусынан кеудесіндегі жұдырықтай жүрегінің үнсіз жылап тұрғанын сездім.
Сөйтіп, ол өзіне белгісіз жат жұрт елге мұхит асып кетті. Оның одан арғы тағдыры не болғаны маған белгісіз. Бірақ менің ойымша, оның қазіргі шетелдегі күні адам қызығатындай, бал-шәрбат емес екенін сеземін. Туған елін, туған жерін санасы түзу, кеудесінде жаны бар адам сағынбайды, аңсамайды дейсіз бе?! Сірә, солай болар. Қазақ «Өзге елде сұлтан болғанша, өз еліңде ұлтан бол» – деп бостан-бос айтпаған шығар.
Кезінде жалындаған жастық шақтың буына елітіп, «күйдім», «сүйдім» деп басқа ұлт иесіне тағдырын қосып, уақыт өте келе барлығын түсініп, қателікпен өз қолымен жасаған ісіне өкінген, бармағын шайнаған талай азаматтарды кездестірдім. Олар өкініш отына тұншығып: «Балаларыма обал болды, не қазақ емес, не орыс емес… Әйтеуір дүбәра болып өсіп келеді.Тағдырлары оларға келер күндерге қандай сый даярлап тұрғанын бір Жаратқан ием біледі. Болашақтары тым белгісіз, қою көк тұмандай бұлыңғыр. Сол менің қабырғама қатты батады. Енді оған не амал бар?! Барлығын кештеу, тым кеш түсіндім ғой. Әттең, уақытты кері айналдыра алмаймыз. Әйтпесе барлығы басқаша болуы керек еді….» деп тығырықтан, қапастан шығу жолдарын іздеп, шын қапаланатын қаракөздеріміз көп. Олардың өкініштерін жүрегіңмен ұғып, оларға не ақыл айтып, қалай түзу жолға салуды білмей қиналасың.
Несін жасырамыз, сан түрлі этнос өкілдері қатар өмір сүріп жатқан Қазақстанда аралас неке болмай тұрмайды. Ол – өмір заңдылығы. Қаншама аласапыран заманда да ондай болғанын тарихтан жақсы білеміз. Кейінірек, Кеңес заманы тұсында білім қуып Мәскеуге, Ленинградқа, Новосібір мен Томскіге барған алғашқы толқын ағаларымыз (Ж.Шаяхметов, Д.Қонаев, М.Әуезов, Қ.Сәтбаев, Н.Оңдасынов, Е.Бүкетов және басқалар) да оқыған жерінде сауатты татар, орыс қыздарымен көңілдері жарасып, үйленіп, балалы-шағалы болды. Ол «жеңге­ле­ріміздің» басым көпшілігі елге келіп, қазақ ұлтының салт-дәстүріне бас иіп, тату-тәтті өмір сүрді. Бәзбірі тіпті мұсылмандықты қабылдап, күйеуінің ұлтын сыйлап, бала-шаға­ла­ры­на «Ұлтың қазақ екенін есің­нен шығарма» деп иман­ды­лық­қа тәрбиеледі, қазақ ұлтының азаматы,
патриоты етіп өсірді. Бірақ олардың арасында да өкініш жоқ емес еді. Өмірден бір мысал:
Белгілі мемлекет және қоғам қайраткері Нұртас Оңдасынов көп жылдар бойы республика көлемінде жоғары лауазымды қызметтерде болып, зейнеткерлікке шыққаннан кейін әлде бір себеп­тер­мен Мәскеуге барып орналасқаны, онда бірер жыл ғылыми жұмыстармен айналысып, қартайып, сол шаһарда 85 жасында көз жұмғаны белгілі. Өмірден озар алдында сол асыл азамат: «Мен өмірімде орны толмас екі қателік жібердім. Біріншісі, орыс қызға үйлендім де, балаларым қазақша білмей, салт-дәс­тү­рі­міз­ден мақұрым болып өсті. Екінші қателігім, зейнетке шыққаннан кейін Гурьевтен кері Алматыға оралмай Мәскеуге қоныстанғаным бекер болды…»,
деген екен қатты қамығып. Пайымдап қарасаңыз, саналы адамды терең ойға салатын өкінішке толы зарлы, мұңды, ауыр сөздер емес пе?
Сұрапыл Ұлы Отан соғысы жылдары тұтқынға түсіп немесе оккупацияланған аймақта қалып, басқа ұлт өкілдерінің қыздарына үйленген қанша қазақ азаматтарының өмірі өксікпен өтті дейсіз. Ол туралы кезінде партизан-жазушы Қасым аға Қайсенов, кейінірек Украинада қазақстандық делегация құрамында болған ақын Ақұштап Бақтыгереева сол елде соғыста қалып қойған қазақ офицерлерінің: «Біз украиндық қыздарға үйленіп, осында қалып едік. Қартайған шағымызда олар біздерді лақтырып тастады. Біздің Қазақстанға кері баратын жолымыз жоқ. Біз ағайын-туысқандарымыздың кім екенін ұмытып қалдық. Кімге, қайда баратынымызды да білмейміз», деп көздерінің жасын тыя алмай жылағанының куәсі болғаны жайлы жүрегі езіле жазды («Түркістан» газеті, 7.03.2007).
Қаншама отбасы аралас некенің зиянды жағын кеш түсініп жатады. Сырт көзге тәп-тәуір жанұяның ішкі проблемаларына сіз бір сәт үңіліп көрдіңіз бе? Олардың басым көпшілігінің балалары нағыз дүбәра десек, ешқандай жаңылмаймыз. Отбасында қазақ иісі жоқтың қасы, барлығы шүлдіреп балаларымен орыс тілімен қарым-қатынаста болады, қазақ тілінен тіптен мақұрым. Келешекте олардың немере-шөберелері кім болады?!
Өмірде бірге жасасып, қартайған кезде бірін-бірі түсінбей, ыру-дыру болу, ұрыс-керіс, көз аларту қандай жақсылыққа апарады. Жасы келіп қайтыс болғанда оны (әйелді) қалай, қандай дәстүрмен (мұсылманша ма, немесе христиандарша ма?), қай зиратқа (мұсылмандарға ма, католиктерге ме, әлде христиандарға ма?) жерлеуді білмей, «жаназасын имам-молда шығара ма немесе шір­кеу­ден келген поп шығара ма?» деп дағдарысқа түскен жайға талай рет куә болдық. Тірі кезінде барлығы жақсы, жарасымды-ақ. Ал сол пенденің соңғы ақтық сапары қалай, немен аяқталатынын кім білсін…
«Мен үш нәрседен қорқамын: біріншісі – өзі­нің сәбиіне бесік жырын айта алмаған анадан; екін­шісі – немересіне ертегі айтып бере алмаған ата мен әжеден; үшіншісі – екі қазақтың бір-бірімен орысша сөйлесіп тұрғанынан қорқамын», деп ер Бауыржан Момышұлы болашақ ұрпақтың тәр­бие­­сіз болып өсетіндігінен қорқып, қынжылған екен. Бұл қорқыныш – үрей, біздің ойымызша, әр қазақтың санасында тұруы тиіс. Бәріміз де ұлттық болмысымызды, ата салт-дәстүрімізді, ана тілімізді, дінімізді, ділімізді жоғалтып алудан қорық­қанымыз абзал. Кім болмасын, ұлтының болашағын ойлау керек. Әсіресе өмірді жаңа бастап келе жатқан албырт жастар кіммен некелескен жөн екенін білгені абзал. Жас кезде барлығы керемет, тамаша, бақытты болуы заңдылық. Келе-келе өзара түсінішпеушілік пайда болып, араздасып, тартысып, шекісіп, ажырасып, өмірін тәлкек етіп, «шоқ басып» жүргендері қаншама. Өйткені ерлі-зайыптының әрқайсысы әртүрлі ұлт отбасында тәрбиеленген – менталитеті, дәстүрі, тілі, дүниеге көзқарасы бөлек. Сол себептен «біреуі көкке, ал екіншісі көлге тартып», бірін-бірі түсінбей, реніш, қобалжу туындап жатады. Балалары да кімді тыңдарын, кімнің тілімен сөйлеуді білмей дағдарысқа түседі. Тіпті өзінің бойында қазақ қаны барын ұмытып, басқаларға еліктеп жүргендер де олардың арасынан табылады. Оларға не дерсің…
Дәл қазір аралас неке біз үшін үлкен проблемаға айналды. Мәселен, КСРО заманында Қазақстанда әрбір жетінші неке аралас жағдайда болыпты. Тәуелсіздік алған уақыттан бері, айталық 2010 жылы 90 873 жас шаңырақ көтерсе, оның 18 477-сі аралас неке, яғни 20 пайыз. 2017 жылы отбасын құрған қазақтар 52 636 болса, аралас некеге тұрғандары –
3 927.
Сэм Харисон: «Әрине, адамның кімге үйленуі – әркімнің өз еркіндегі шаруа. Алайда аралас неке – аз халықты жұтудың жақсы жолы» депті. Шынында да бұл сөздің жаны бар. Он миллион ғана қазағы бар Қазақстанда осылай өзге ұлт өкілдерімен шаңырақ көтере берер болса, келе-келе жұтылып кетуі ғажап емес. Дәл қазіргі таңда көршілес Ресейдің өзі бұл мәселені көтеріп дабыл қағуда. Себебі Ресейде таза орыс халқының саны азайып барады. Ол елдің әрбір төртінші сылқымы жауырыны қақпақтай, жұдырығы тоқпақтай кавказдық жігіттерге тұрмысқа шығуға құмар көрінеді. Енді бір 150 жылдан соң таза орыс қандылар тек деревняларда ғана қалады. Ұлттың генафоны қатты өзгеріске ұшырайды деп шырылдауда.
Біздің де жағдайымыздың мәз болып тұрғаны шамалы. Қазақтың қаракөздері өзге ұлт өкіліне тұрмысқа шығып, қазақылықтан ауылы алыс ұрпақ әкелуде өмірге. Аралас некені қалайтын бойжеткендеріміз көбіне-көп шетелде шалқып-тасып өмір сүруді көздейді. Әттең, ол қиял-арман әрқашан орындала бермейді-ау. Ертең бармағын шайнап, өмірге түңіліп жүретіндер аз емес.
Қазақтың қарадомалақ білімді, парасатты ұлдары тұрғанда өзгеге өзеуреген аруларымызды түсіну қиын. Осындайда «Ұлтыңды сүйсең, еліңді, жеріңді сүй­сең, қазақтың санын көбейтуге, қазақтың болашақ баты­рын, көшбасшысын тәрбиелеуге өміріңді ар­наң­дар­шы,
қазақтың қаракөздері!» деп айқай салғың келеді. Өмірде қателесу – өз тағдырыңмен ойнау.
Тоқсан ауыз сөздің тобықтай түйіні, қыздар, тек қазаққа келін, қазаққа жар болыңдаршы…

Сағындық ОРДАБЕКОВ,
медицина ғылымдарының докторы, профессор

ПІКІР