Жамбыл жаңалықтары

Ахметжан Өзбеков – «Мәдениет саласының үздігі»

Written by Aray2005

Елордамыз Астананың төрінде өткен VII Республикалық «Алтын домбыра» халықаралық ақындар айтысында жыр жүйріктерінің өнеріне қазылық еткен жерлесіміз, исі қазаққа танымал айтыскер ақын Ахметжан Өзбеков Қазақстан Республикасының Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлының қолынан «Мәдениет саласының үздігі» төсбелгісімен марапатталды.

Жақында ғана Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының ұсынуымен аталмыш ұйымның Жамбыл облысындағы филиалы құрылып, оның төрағалығына Ахметжан Өзбеков сайланған болатын. Ақын алдағы уақытта шашасына шаң жұқпаған шалқар шабыт иелерін қолдау мақсатында тың таланттарды бәйгеге дайындаумен қатар, республикалық және халықаралық айтыстарда атой салған жыр дүлдүлдерін арнайы сыйлықтарға ұсыну мәселелері де шешімін табатынын айтты.
– Жыр алыбы Жамбыл бабамыз туып-өскен бұл жерден өздеріңізге белгілі талай суырыпсалма ақындар шықты. Шорабек Айдаров, Айтмұқаммед Исақов сынды айтыс өнерінде ойып тұрып орын алатын жыр жүйріктерінің шәкірттері бүгінде еліміздің түкпір-түкпірінде жүр. Халқымыздың қасиетті өнерін паш етіп қана қоймай оны жалғастырушы жас ұрпаққа да ұшан-теңіз тәрбие мен білім берген, шабытына шабыт қосып, айтыс өнеріне баулыған ұстаздардың еңбегі де тиісінше еленсе екен дейміз. Осы тұрғыда жыр майталмандарына мемлекеттік атақ беру жайын Халықаралық айтыс ақындары мен жыршы-термешілер одағының кеңесіне ұсынбақпыз, – дейді ол.
Расында бұған дейін сөз барымтасын серік етіп, өмірін өнермен өрнектеген өрендердің еңбегі елеусіз келген-ді. Шын мәнінде таңдайына тасқын жыр қонған айтыскерлердің халық арасында қашан да бәсі биік. Осы орайда, арқалы ақындардың алды болып Ахметжан Өзбековтың марапатқа ие болуы құптарлық қуаныш. Ендеше, жерлесімізді төсбелгісімен құттықтап, деніне саулық, отбасына амандық, шығармашылығына шалқар шабыт тілейміз.

«ARAI»-ақпарат

ПІКІР