"100 жаңа есім" "Қазақстанның киелі жерлерінің географиясы"

Ақиқатқа бергісіз аңыз

«Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында Қазақстанның киелі жерлер картасының тізіміне өңірден еніп отырған еңселі тарихи-мәдени жауһарымыздың бірегейі, ортағасырлық сәулет өнерінің інжу-маржаны Айша бибі кесенесі. Топырағы текті Тараз шаһарындағы бұл нысанның сәулеті кім-кімді де сүйсіндірмей қоймайды. Қасиетті орынды сұлулық пен мәңгілік махаббаттың, адалдық пен таза сезімнің символы десек те жарасқандай.

Асқан сұлулығымен қатар ақылдылығымен де есімі елге кеңінен жайылған ару Айша бибі жайлы бүгінге жеткен отызға жуық аңыз бар екен. Мұндағы ең бастысы – атынан ат үркетін сол кездегі сесті де дана билеуші Қарахан мен Айша бибінің махаббаты. Тірі батыр мен өлім аузындағы қыздың неке қиысқаны дала шежіресінде бұрын да, кейін де болған емес. Қалай дегенмен, қаншама аңыздың астарында бір шындықтың бары анық. Өзінің сүйіктісін арулап жерлеп, басына сәулетті кесене тұрғызған Қарахан да, ару Айша бибі де уақыт пен тарихтың сырласына айналып, бізге жетіп отыр. Тарихы ХІ-ХІІ ғасырларға тиесілі сәулет өнерінің бұл үздік нұсқасы Тараз қаласынан 17 шақырым жердегі Жамбыл ауданының Айша бибі ауылында орналасқан. Киелі Әулиеатаға аяқ басқан әрбір мейман құрмет тұтып, «әулие орын» аталып кеткен Айша бибі кесенесін айналып өтпейді.

Ғасырлар қойнауынан қазіргі заманы­мызға дейін кесененің батыс жақ қабырғасы мен оған жапсарлас қабырғаларының қалдықтары ғана жеткен. «Мәдени мұра» бағдарламасы аясында Айша бибі кесенесі 2002 жылы толықтай қайта жаңғыртудан өткен болатын. Бұл жұмыстарды «Қазқайтажаңғырту» мекемесі Түркістан филиалының мамандары абыроймен аяқтап шықты.

Кесене қабырғаларының сыртқы жағы қолдан ойылған ою-өрнектері бар 62 түрлі терракот қыш тақталармен көмкерілген. Әрқилы үйлесім мен нұсқалардан тұратын, түрлі өсімдік гүлдері мен геометриялық өрнектерге бай. Мамандардың айтуынша, бұл нысан Азия мен Қазақстандағы өнбойы ою-өрнектермен көмкерілген жалғыз ескерткіш. Сондықтан да, Айша бибі кесенесі қазақ халқының ежелгі ою-өрнегін сақтаған дала галереясындағы мұражай іспеттес.

Кесене қабырғаларының ортасында жебе бейнелі иіндермен көмкерілген терең қуыстар бар. Колонналардың жоғарғы жағы құмыра (ваза) түрінде жасалған. Бұрыш колонналары, жоғары қарай сүйірлене жасалған белдеушелері өсімдік гүлді оюлармен өрнектелген терракот қыш тақталардың 18-ші қаланымында (3,4 метр биікте) арабтың куфа әріптерімен оюланып «Күз…бұлттар…жер ғажайып…» деген тылсым сөздер жазылған. Тарихшылардың пікірінше, бұл Айша бибінің ақтық сөзі және ару сол кезде он сегіз жаста болғандықтан, жазу кесененің он сегізінші қаланымында бедерленген. Оның ішкі жағында жер бесік тұр. Және нысан құрылысында жер сілкінісіне қарсы арша ағашы пайдаланылған.

– Кесенеге толыққанды жөндеу жұмыстары бір-ақ мәрте жүргізілген. 2002 жылы Елбасымыз Нұрсұлтан Әбішұлы Назарбаев араға ғасырлар салып қайта жаңғырған ұлт мұрасының маржанын салтанатпен ашып, құран оқытып, ел-жұртпен кездескен болатын. Соңғы жылдары мұнда алыс-жақын шет мемлекеттерден келетін туристер саны артуда. Бірін Айша бибі жайлы түрлі аңыздар қызықтырса, енді бірі кесененің архитектуралық ерекшеліктеріне тамсанады. Әсіресе, көктем шығып, күн жылынғаннан бастап меймандардың қарасы көбейе береді, – дейді кесенеде он бес жыл бойы шырақшылық етіп келе жатқан Есенбек қажы Бестайбекұлы.

ЮНЕСКО-ның мәдени мұралар тізіміне алынған сәулет өнерінің көрнекті ескерткіші аумағында арнайы автотұрақ, ұлттық нақыштағы сан түрлі кәдесыйлар бар. «Ежелгі Тараз ескерткіштері» тарихи-мәдени қорық-мұражайы мамандары бүгінде нысан маңын абаттандыру жұмыстарын бастап кетті. Бұдан бөлек, ағымдағы жылдың алғашқы жартыжылдығында кесененің күмбезі жаңартылып, орталықтандырылған ауыз су мәселесі толыққанды шешімін таппақ. Ал, келесі жылы арнайы алыстан ат терлетіп келетін туристер үшін қонақүй бой көтермек.

 

ПІКІР