«Әкімдер халықпен кездесуден, кері байланыс жасаудан қашпауы керек»

0 30

«Оқшау ой» айдарының кезекті қонағы – облыс әкімдігі еңбек инспекциясы басқармасының басшысы Қайрат Досаев. 

– Қайрат Әскербекұлы, дүйім елді алаңдатқан пандемияға орай өткен жылы елімізде карантиндік шектеулерге байланысты кейбіреулер жұмыстарынан шеттетіліп, кейбірі уақытша онлайн жұмыс жасады. Осы ретте кейбір аймақта еңбек шартына байланысты даулардың да орын алғанын құлағымыз шалып жатты. Осы мәселе біздің облыста қалай болды?
– Дұрыс айтасыз, дүниежүзілік пандемия біздің елімізді айналып өткен жоқ. Мен осы орайда өткен жылғы пандемияның нағыз өршіп тұрған кезеңі, яғни карантин уақытындағы көрсеткішпен бөліскім келіп отыр. Өткен жылдың 11 тамыз айындағы аудандар мен Тараз қаласы әкімдіктері ұсынған ақпараттарға сәйкес, облыс бойынша 3002 (оның ішінде 333 мемлекеттік) жұмыскер ақысыз еңбек демалысына, 13 608 (12 806 мемлекеттік) жұмыскер ақылы еңбек демалысына, 25 663 (25 065 мемлекеттік) жұмыскер қашықтықтан жұмыс істеу режиміне, 3 979 (3 758 мемлекеттік) жұмыскер толық емес жұмыс режиміне, 4 505 (3 493 мемлекеттік) жұмыскер бос тұрып қалу режиміне барлығы 50 757 жұмыскер (45 455 мемлекеттік) жіберілді. Осындай уақытта біз үнемі жағдайды бақылауда ұстап отырдық.
Жалпы пандемия экономикаға айтарлықтай әсерін тигізді. Бірақ қазіргі таңда барлығы ақырындап өз орнына келіп жатыр, халық жаппай вакцина салдыруда. Қашықтықты сақтау, көпшілік орындарға бармау, маска тағып жүру секілді шаралардың арқасында дерттің беті қайтқандай.
Бүгінгі күнде облысымызда бірде-бір жалақы қарыздары жоқ. Сондықтан ірі-орта кәсіпорын басшыларын жинап, түсіндіру жұмыстарын негізге алып, қысқартпау, жалақыларын уақытылы төлеу, көмектесу, тіпті мерекелерге орай сыйақы беру, жыл соңында 13-айлық беру сынды облыс әкімі Бердібек Сапарбаевтың тапсырмасы бойынша жұмыс істеу керек екенін түсіндірдік. Меніңше, мекеме басшылары ұсынысты дұрыс қабылдады деп ойлаймын.
– Сіз осыған дейін бірнеше ауданды басқардыңыз, бүгінде басқарма басшысысыз. Өзіңізге әкім болған қолайлы ма әлде басқарма басшысы болған ба?
– Жалпы қазіргі таңда әкім болсам дейтіндер көп. Бірақ әкім болу оңай емес. Әкім болу – іс жүзінде халыққа жақын болу, халықтың мұңын тыңдап, оны жоғарыға дұрыс жеткізу және шешу. Құдайға шүкір, мен өзің айтқандай, үш ауданда әкім болып отырғанда халықтың арасында көп жүрдім. БАҚ өкілдерімен кездесіп, сауалдарына жауап беріп отырдым. Олардан қашқан емеспін. Қазір кейбір әкімдер халықпен кездесуден, кері байланыс жасаудан қашады. Себебі халыққа уәде беруден, берген уәдені орындаудан қашқақтайды. Проблеманы дер кезінде шешпесең ол ушығып, үлкейе береді. Ал барлығын басынан бастап қолға алсаң, жұмысың да алға басады, халықтың батасын да аласың. Әкім болу мен басқарма басшысы болудағы айырмашылық – әкім халықпен жұмыс жасайды да, ал басқарма басшысы әр басқармаға қарасты мекеме басшыларымен жұмыс жасайсың. Айырмашылығы осы. Бұл жерде жеңілдігі де, ауырлығы да бар. Әр қызметтің өзінің қызығы, алатын жақсы жақтары болады. Яғни әкім болу да, басқарма басшысы болу да оңай шаруа емес.
– Қайрат Әскербекұлы, әкім болған кезіңіздегі әттеген-айларыңыз бен жетістіктеріңіз жайлы айтсаңыз?
– Қазір ойлап отырып, көп нәрсені електен өткіземін. Осыдан 16 жыл бұрын мен алғаш рет Алматы облысының Қаратал ауданында әкім болғанмын. Сол жылдары ауызсу мәселесі өзекті болды. Оны орындауға уақыттың тапшылығы, бюджеттің жеткіліксіздігі қолбайлау болған еді. Ал істелген жұмыстар, ауылдың ішін көркейтуге атсалысып, үлкен аллея соғып, оған шыршалар ектік. Ал Қордайда істелмеген жұмыс, ол газдандыру мәселесі еді. Оны да тартуға үлгере алмадық. Бірақ биыл газдандыру бойынша талай шаруа атқарылды.
Қордай ауданында жүргенімде әкімшілік, ондағы бөлім басшылары, әкімшілікке қарайтын мекеме басшылары, ауыл әкімдері, бәріміз ай сайын 5 мың теңгеден жинайтынбыз. Барлығымыз 100 адам екенбіз, яғни 500 мың теңге жиналады. 1 жылда 6 миллион теңге. Жиналған қаржыны қайырымдылық ретінде әр ауылдағы жағдайы нашар деген екі отбасыға шақтап азық-түлік алып береміз. Оны сол ауылға қарайтын округ әкімдері өздері апарады. Бұл үрдісті Шу ауданына барғанда да жалғастырдық. Шу демекші, ол ауданда «әттеген-ай» дейтін мәселеге кәріз жүйесін қосар едім. Өйткені бұрында жұмыс істеген азаматтар ақшасын қалталарына басып, жұмысын аяқтамай кеткен. Кәріздің лас суы,оның қолқаны қабатын күлімсі иісі есіме түссе, жүрегім ауырады. Амал не, жасай алмадық. Соған қынжыламын. Әйтпегенде Шу қаласының ішіне бағдаршамдар қойдық. Төле би ауылын «Ауыл-ел бесігі» жобасы аясында көркейттік.
– Үш ауданды басқардым деп отырсыз. Әр ауданда әр атаның балалары, түрлі жүзге бөлінеді дегендей… Осы аудандардың ерекшеліктері жайлы айтып өтсеңіз?
– «Әр елдің салты басқа, иттері қара қасқа» дегендей, әр жерде әрқалай. Қаратал, Қордай, Шу аудандарын біріктіретін нәрсе – бұл зиялы қауым, ақсақалдары. Үш ауданда да ақсақалдарымен жақсы жұмыс жасадық. Жоғарыда айтып өткенімдей, 16 жыл бұрын жұмыс жасаған әріптестер, ауыл әкімдері әлі күнге дейін хабарласып, мереке сайын бір-бірімізді құттықтап тұрамыз. Ол кісілердің алды қазіргі таңда зейнетте. Ал Қордай ауданын айтар болсақ, жергілікті азаматтарының көзі ашық, көкірегі ояу деп мінездеме берер едім. Ойлап қарасам, шығысында өзіміздің бұрынғы оңтүстік астанамыз, батысында 20 шақырым жерде көрші мемлекеттің астанасы Бішкек бар. «Адамдар көреді, көргенді істейді» демекші, соның да себебі бар шығар. Ал Шу ауданында керісінше логистика тоқтап қалған. Таразға, Алматы мен Астанаға да барар жол нашар. Халық содан қиналып отыр. Бірақ Шу ауданының болашағына сенемін.
– «Шектен шыққан ақымақ болмаса, әркім өз шамасын біледі» деп Ақселеу Сейдімбек айтқандай, әр адам өзіне сыншы болып келеді ғой. Жастарға, артыңыздан ерген іні-қарындастарыңызға ел білмейтін қандай қырыңызды, қай тірлігіңізді өнеге етер едіңіз?
– Шындап келетін болсақ, қазір жастарда білім жағы саяздау. Жоғары білім орындарында дұрыстап білім бере алмайды. Одан қалса, пандемияға байланысты барлығы онлайнға кетті. Жастарға «Оқы, оқы және оқы!» деп айтар едім. Білімсіз ештеңе жүзеге аспайды, ұмтылыс ұтылыспен аяқталады. Қай мемлекетті алсақ та халықтың басты бөлігі, біріншіден – білімсіз болса, екіншіден – денсаулығы жоқ болса, онда ондай мемлекеттің болашағы болмайды. Сондықтан жастар салауатты өмір салтын сақтап, дұрыс өмір сүруге дағдыланулары керек. Жақсы, сапалы білім алуы тиіс. Сатып алған білім де, дүние де уақытша. Өтеді де кетеді, ал еңбекпен жиған білімің, маңдай термен тапқан ақшаң бөлек нәрсе. Жастарға айтарым, аянбай еңбек етіп, өзінің білімімен табыс табуы қажет.
– Бүгінде екі мың жылдық тарихы бар, Жамбыл жерінің алтын тәжі болып есептелетін Тараз қаласы күннен-күнге көркейіп келеді. Кезіндегі қала мэрі ретінде, жалпы шаһар тұрғыны ретінде туристерді тартатын, қаланы бұдан да бетер құлпыртып, ел сүйсінтетін қандай жобаларды ұсынатын едіңіз?
– Таразға әкім болып келіп, алғаш рет зерделегенімде, қаладағы ықшамаудандардың аулааралық көшелерінде жарық пен тротуарлар жоқ еді. Шағын аудандардан өтіп бара жатсаңыз, жарықтың жоқтығынан тас қараңғы болып тұратын. Қылмыстың өсіп жатқанына да бірден-бір себеп сол. Камералар жоқ. Жарық қою, дуалдарға бейнебақылау камерасын орнату, веложолдар салып, тротуарлар санын көбейту керек. Сондықтан кезінде ұсыныс айтып, қаржы бөлдірген болатынбыз. Ал енді туризмге келер болсақ, қазіргі «Тектұрмас», «Шахристан» кешендерімен-ақ туристерді тартуға болады. Менің ойымша, шеберлер ауылын ашып, мықты зергерлер мен ұсталарды шақырып, көне, әдемі дүниелерді жүзеге асыруға болады. Бізде жоба, жоспарлар көп. Бірақ қаламыздың қалталы азаматтары, кәсіпкерлері ақшаларын Таразға емес, сыртқа салатынын әлі күнге түсіне алмадым. Солардың бәрі ниет танытса, талай нәрсені жасауға болады, әрине, тойханадан басқа.
– Қазіргі таңда әсіресе мемлекеттік қызметте қай аймаққа барып қызмет істесең де мүмкіндік көп қой. Біздің облысқа да басқа облыстардан келіп, жұмыс жасап, өңірдің дамуына үлес қосып жүрген азаматтар жеткілікті. Егер сізге таңдау мүмкіндігі берілсе, сырт өңірлердегі қай қалаға әкім болып барар едіңіз?
– Мемлекеттік қызметте жүргенде қай жерге жұмсайды, сол жаққа бару керек. Мен ана жақта істеймін, мына жаққа бармаймын деген жоқ. Тапсырма келді ме, сол жаққа бару қажет. Ал енді өз басым Алматы облысы Талдықорған қаласында қызмет атқардым. Дәм-тұз тартып, Жамбыл облысына келдім. Егер мемлекеттік қызметте ұсыныстар болса, әрине, Қазақстан кең-байтақ қой, батысы, шығысы болсын, оңтүстік-солтүстігі болсын, қай жерге істеуге де дайынмын. Ешқандай жұмыстан қорықпаймын, әрдайым халықпен біргемін. Әр істі халықпен бірге жасау керек, ол үшін елді жақсы көру қажет.
– Пайғамбарлардың әрқайсысы әр кәсіптің иесі болған деседі. Сонымен бірге ел билеуші патшалардың да сүйіп айналысатын ісі болады. Ал сіздің хоббиіңіз қандай?
– Кім жақсы жұмыс жасаса, сол жақсы демала білуі керек. Хобби адам үшін маңызды. Жұмыстың арасында миға демалыс, заряд беруіміз керек. Сондай сәттерде өзен, көлдің жағасына барып, суға қармақ салуды жақсы көремін. Табиғат аясында тыныстап, тауға шыққанды жаным сүйеді. Таудың жоталарымен жүріп өтсем, кәдімгідей тынығып қаламын. Жұмыстан соң, кешке қарай велосипедпен серуендеп, аумақты бір аралап қайтуды әдетке айналдырғанмын.
– Бір ғұлама балаларына: «Өсек айтпа, өтірік айтпа, жауласқанда шектен шықпа», деп өсиет айтқан екен. Сіз балаларыңызға қандай үш қағида айтар едіңіз?
– Балалар біздің болашағымыз. Әр ата-ана перзенттерін жаман болсын деп ойламайды. Сондықтан ыңғайы келіп жатса, әрбір әке секілді мен де дұрыс тәрбие бергім келеді. Соның ішінде көбіне «көпшіл болыңдар, көп оқыңдар, үлкенді сыйлаңдар» деп айтып отырамын. «Ұлық болсаң – кішік бол» дегендей, «ешқашан кеудені көтерме, отырған жеріңде, жүрген жеріңде үлкенді сыйлап, көп тыңдап, өнеге-өсиет жинап, құлаққа сіңіре бер» деп айтамын. Құдайға шүкір, үлкен балаларым «тәрбиеңізге рақмет» деп айтып жатқанда марқайып қаламын. Жұмысбастылықпен балаларға күнде керемет уақыт бөлемін деп айта алмаймын. Бірақ қолым боста қасыма алып, құшақтап жатып, әңгіме айтсам, соның өзі тәрбие деп ойлаймын.
– Сізді білетіндер сөзге шебер, шешен кісі деп жатады. Осы ретте өзіңіздің сүйіп оқитын ақын-жазушыларыңыз жайлы айтсаңыз…
– Мен негізі өзім тарихты жақсы көремін. «Шыңғыс хан», «Батый» деген кітаптарды жазған Ян Василий Григорьевич деген тарихшының кітаптарын оқығанды ұнатамын. Жалықпай оқи беремін. Одан соң Ілияс Есенберлиннің «Алмас қылыш», «Көшпенділер», «Алтын орда» деген кітаптары керемет. Студент кезімізде Фариза Оңғарсынованы жастанып оқыдық. Ыңғайы келсе лирикалық өлеңдер, тарихи шығармаларды оқуға тырысамын.
– Өміріңізге өнеге болған қандай сәттер бар?
– Бала кезімде болған мына оқиға есімнен шықпайды. Ауылда тұрамыз, баламыз. Кешке қарай өрістен мал келеді. Дәл сол кез ойынның қыза түсетін шағы. Ойын баласы болған соң думанды қимай, улап-шулап малдың алдынан шығуға барасың. Малды қораға қамап, жемін салып, абыр-сабыр болып жатқанда кейбір қой-ешкілер бой бермей, қорадан сыртқа ұмтылып жатады. Сондай күні бір қой қорадан қашып шықты. Былай қусам, олай қашады, алдынан қақпайласам, айналып өтіп, әбден ығыр етті. Ымырт жабылып бара жатыр, ар жақта ойын қалып барады. Әйтеуір, жүгіріп ұстап алып, айызым қанғанша сабауға кірістім, аяқпен теуіп те қоям. Сүйрелеп жүріп қораға кіргізіп жіберіп, сыртынан қамап үлгердім. Сөйтсем, анадайда мені бақылап апам отыр екен. «Балам, бері келші!» деп өзіне шақырып алды да, «Сен ана малды ұрып, тепкілеп, ашуланып, сүйреп қораға кіргізіп жатырсың. Ол мал ғой, сондықтан ол оны сезбейді. Ал сен адамның баласысың. Балам, малмен ешқашан мал болма», деді. Міне, осы сөз маған қатты әсер етті. Осы сөзден мен сабақ алып, өз-өзімді сабырға шақыруға үйрендім. Адам үшін ең дұрысы – қарапайымдылық пен байсалдылық.
Мұқағали Мақатаевтан сұраған екен «Ей, Мұха, бұл өмірде не іздеп келдің?» деп. Сонда атамыз: «Мен бұл өмірден үш нәрсе іздеп келдім. Маған Алла Тағала асқар таудай әкені берді, мөлдір бұлақтай ананы берді, құрақтай жайылған іні мен қарындасты берді. Ал енді іздеген нәрсем – достық, дос деген сенің жақсылығыңды асырып, жамандығыңды жасыратын адам. Екінші іздегенім – жақсы әйел. Ал әйел деген сенің ұрпағыңды өсіріп-өркендететін ең үлкен тұлға. Үшінші іздеген нәрсем ол – мамандық, мамандық деген ертең сен қартайғаныңда дастарқаныңдағы наның», деген екен.
Ендеше, осы айтылған үш бақыт бәріміздің ойымызда, бойымызда бар. Сол бақыт мәңгілік бәріміздің басымызда тұра берсін.
– Әңгімеңізге рақмет!

Сұхбаттасқан Айжан Өзбекова

Leave A Reply

Your email address will not be published.