Жастар.kz

«Ақкербез» би ансамблі Абу-Дабиде

Written by Aray2005

К.Әзірбаев атындағы облыстық филармонияның «Ақкербез» би ансамблі Біріккен Араб Әмірліктерінің ұйымдастыруымен 1 желтоқсан – 27 қаңтар аралығында Абу-Даби қаласында өтіп жатқан Халықаралық шейх Заид атындағы мәдени фестивальге қатысуға жолдама алды. Халықаралық конкурстардың лауреаты атанып жүрген бишілеріміз 3 қаңтардан бері еліміздің көк байрағын желбіретіп, «Ерке сылқым», «Әлқисса», «Аққу», «Биле, биле», «Жайлауда» атты қазақтың ұлттық билерін көпшілік назарына ұсынуда.

Жыл сайын 2 желтоқсанда Біріккен Араб Әмірліктері Ұлттық күнінің тойлануына орай оның халқы мен қонақтарын әлем елдерінің ұлттық мәдениеттерімен таныстыру мақсатында ұйымдастырылатын бұл фестивальға Қазақстан осымен төртінші рет қатысып отыр. Елімізден барған қатысушылар әрдайым жоғары деңгейдегі дайындықтарымен ерекшеленіп, дүбірлі дода қонақтарының ықыласына бөленіп келеді.
Ұйымдастырушылар қазақстандық өнерпаздарға арнайы орын бөліп, 8 адамнан тұратын ұлттық би ансамблінің қаржылық шығындарын өтеп жатыр.
Айта кетейік, «Ақкербез» би ансамблі 6 жылдық тарихы бар өнер ұжымы. Бас балетмейстері – Айжан Қонарбаева. Ансамбль мүшелері шын талант екендіктерін талай рет халыққа көрсетіп жүрген өнерпаздар. Біз жерлестеріміздің Абу-Дабиден де олжалы оралатынына сенімдіміз.

«ARAI» ақпарат

ПІКІР