Sport

Аққұмдағы айтулы аламан

Written by Aray2005

Аққұм ауылдық округіне қарасты «Абзал» шаруа қожалығының іс басқарушысы Темірлан Әшірбеков биыл қатарынан он екінші рет ұлттық спорт түрлерінен дәстүрлі жарыс өткізді. Дүбірлі додаға еліміздің түкпір-түкпірінен ат жаратып, кілемде күш сынасқалы келген шабандоздар мен балуандардың қарасы көп болды.

Жарыс алдында «Абзал» шаруашылығының негізін қалаған алматылық Абзал Оқасовтың әруағына құран бағышталып, оның игілікті істері еске алынды. Ал Татарстаннан келген нағашысы, профессор Мұрат Каримов, Орал қаласынан арнайы ат басын бұрған інілері Тоқтар Сағитов пен Рафхат Бек-Әлі және Алматы, Ақтөбе қалаларынан келген өзге де туыстары осы берекелі шараға жылда ұйытқы болып, Абзал Оқасов бастаған істі одан әрі абыроймен жалғастырып, елдің алғысын арқалап келе жатқан іс басқарушы Темірлан Әшірбековке ризашылықтарын білдірді.
Бұдан кейін жарыс көркі қыза түсіп, алғашқы сайыс жаяу жарыстан басталды. Бір шақырымдық қашықтыққа жүгірген желаяқтар арасынан аққұмдық Дінмұханбет Ділдәбек өзгелерден оқ бойы озып келсе, Түркістан облысының Созақ ауданынан келген Бекзат Қалбай – ІІ орын, ал үшаралдық Орынтай Алматай ІІІ орынды иеленді.
Арқан тартысқа дайындалған өңкей «сен тұр, мен атайын» дейтін жігіттер сайланып шығып, әр ауылдан команда болып күш сынасты. Жердің топырағын қопара арқан тартқан жігіттердің арасынан «Аққұм-2» командасы «күш атасын танымайтынын» көрсетсе, «Аққұм-1» командасы –
ІІ орынның, Бостандық ауылының жігіттері ІІІ орынның биігінен көрінді.
Сайыстың қызығы 50 келі тартатын қошқарды көтеру болды. Көпшіліктің шуынан делебесі қозған апайтөс, қапсағай жігіттер қошқарды мойындарына салып, бірінен соң бірі ырғай көтерді. Қошқарды отырып тұру арқылы 60 рет көтерген жігітке енді ешкім жете алмас деген еді. Бірақ 62 рет, одан асырып 66 рет көтерген жігіттерді көргенде көпшілік таңғалып жатты. Алайда Тамабек ауылының тарланы Бақытжан Әліпбаев қошқарды 91 рет көтеріп, бас жүлдені қанжығасына байлады. Ойықтық Нұрдәулет Жексенұлы – ІІ орынды, Тамды ауылынан келген Айдар Бескемпір ІІІ орынды місе тұтты.
Көпшіліктің асыға күткен сайыстарының бірі –
қазақ күресі еді. Атадан балаға мирас болып келе жатқан спорттың бұл түрінен әр ауданның үкілеп қосқан үміттері жан алысып, «жан беріскен белдесу» көрсетті. Сан түрлі әдістерді қолданып, бірін-бірі бозкілемге алып ұрған балуандарды көпшілік қиқумен қолдап отырды.
Бұл сайыста аққұмдық Ернұр Сүлейменнің бәсі бәрінен жоғары болып, бас жүлдені иеленіп, «түйе палуан» атанды. Тағы бір аққұмдық балуан Аян Рыстай ІІ орынды еншілеп, бесағаштық Дәулет Пахриддинов үздік үштікті түйіндеді.
Кезек ауыздығымен алысқан жүйрік аттар бәйгесіне келгенде көпшіліктің делебесі қоза түсті. Жылқы жалында өскен қазақ баласы сәйгүліктер сайысына бейжай қарамасы белгілі. Жал-құйрығы түйіліп, аяқтарын билей басқан жүйріктерге сынай қарап, өз болжамдарын айтып жатқандар да болды.
Құнан бәйгеге 52 жүйрік қатысып, 13 шақырымға жіберілді. Бес құнанға бәйге тігіліп, мәреге суырылып бірінші болып келген Көгершін (Т.Рысқұлов ауданы) ауылының жүйрігі кілем жабылған тайдың иесі атанды. ІІ орын Шымкент қаласына кетсе, 3,4,5-орындар түгелдей көгершіндіктердің еншісінде қалды.
Ал 26 шақырымдық аламан бәйгеге үкілеп әкелген 56 жүйрік қатысып, меркілік сәйгүлік бірінші келсе, құмжоталық тұлпар – ІІ, қордайлық сәйгүлік ІІІ орынға табан тіреді.
Бұл күнгі айтулы аламанның соңы көкпарға ұласып, ат тұяғы дала төсін дүбірге бөлеген додадан көпшілік арқа-жарқа болып тарқасты.

Қамысбай Сауқымов,
журналист,
Талас ауданы

ПІКІР