"Сырғалым"

Ақмаралдың тәттілері тіл үйіреді

Written by Aray2005

Елімізде жас кәсіпкерлерге қаржылай көмек көрсетуде игі істер атқарылып жатқаны белгілі. Екі қолға бір күрек таппай жүрген жастар «Жас кәсіпкер», «Бизнес-Бастау» жобалары аясында өз істерін ашып, шаруаларын дөңгелетуде.

Жамбыл ауданы Жасөркен ауылының тұрғыны Ақмарал Ештаева үйінде отырып-ақ, аталған жобаның игілігін көруде.
– Қыз баласы кішкентай кезінен тамақ пісіріп, тігін тігуге икемді болып келеді ғой. Мен де бала кезден түрлі тәттіні дайындауға әуес болдым. Тұрмыс құрған соң отбасылық отырыстар мен қуаныштарға дәмді тағамдарды дайындап беретін әдетім бар. Жалпы қандай қуаныш болсын, дәмді торт бірінші орында тұрады ғой. Ойлана келе осы әуестігімді кәсіпке айналдыруды жөн көріп, «Жас кәсіпкер» жобасына қатыстым, – дейді Ақмарал.
Жас кәсіпкер алдымен бір ай бойы бизнес психологиясы, кәсіпті жоспарлау, маркетинг, салық режімдері, құқықтық сауаттылыққа қатысты маңызды ақпараттардан теориялық және тәжірибелік нұсқаулықтарды меңгеріпті.
– 1 ай оқу мерзімі біткен соң өзімнің ұсынған бизнес-жобамды сәтті қорғап, 505 мың теңге грантқа ие болдым. Ол қаржының 320 мың теңгесіне Алматыдан кәсіби конвекциялық кондитерлерге арналған «Smeg» деген пеш алдым. Оған қоса тоңазытқыш және сапалы миксер, блендер құралдарын сатып алдым. Адам неге қызықса, сол тұрғыда ізденіп, ақпарат жинайды ғой. Менде де солай болды, YouТube хостингіндегі түрлі арналардан торттардың жасалу жолдарын қарап, шеберлік сыныптарын сатып алып үйрене бастадым. Ғаламтордан ұнаған рецептерді өзіме ыңғайлы етіп өзгертіп те жасап көремін. Сәтті шыққан торттарымды ары қарай дамытып, өзгерте де аламын.
Қазіргі таңда торттардың балды, сүтті қыз, қызыл барқыт, бисквит, наполеон, вупипай секілді түрлерін пісіремін. Дәмді, тойымды бәліштер, чизкейк, пахлава, самса, дәмді таяқшасекілді тағамдардың түрлі-түрлісін әзірлеймін. Үнемі жаңа нәрсе үйренемін, кондитерлік өнімдерді түрлі дәммен шығаруға тырысамын. Тағамға қосатын заттардың сапасы мен табиғилығына қатты мән беремін. Себебі мен үшін маңыздысы – тұтынушылардың маған сенгені.
Мен тапсырысты көбіне ауылдастарымнан аламын. Әсіресе мереке, демалыс күндері тәттілерге деген сұраныс көбейеді. Ауылдың тойханасы да маған тапсырыс береді. Күніне 3-4 тортқа дейін пісіремін, кейде одан аз болуы да мүмкін, – дейді аспаз.
Жас кәсіпкер өз кәсібін кеңейтіп, үлкен кондитерлік цех ашуды армандайды. Ол мемлекетке масыл болмай, еңбек етіп, кәсібін дамытқысы келеді.
– Дәл қазіргі уақытта нәресте күтіп отырған жайым бар. Аман-есен қол-аяғымды бауырыма жинаған соң, кондитерлік кәсібімді кеңейткім келеді. Мемлекеттік қолдаулардың шарапатын көріп, алдағы уақытта басқа да бағдарламаларға қатысқым келеді. Өзге замандастарымды да осындай мүмкіндіктерді пайдаланып, кәсіп бастауға шақырамын, – дейді Ақмарал Қанатқызы.

Айжан Өзбекова
Жамбыл ауданы

ПІКІР