Ақпан апамның қабағындай құбылып тұр

0 11

Ақпан айының ауа райы құбылмалы келетіні бесенеден белгілі. Алдыңғы күні ғана тобықтан, кей жерлерде тізеден аса жетер қар жауып, ертесі-ақ жаңбыр жауып кеткені шынында қызық құбылыс болып тұр.
Ал бүгінгі төменгі ауа температурасының қалыптасуы салдарынан Жамбыл облысының облыстық мәндегі біраз жол учаскелері жабылды.
Атап айтсақ, Меркі-Шу-Бурылбайтал жолында көктайғақ пайда болып, көліктердің жүруі қиындады. Соған байланысты аталған жол бөлігі қазір жабық. Сондай-ақ облыстың батыс жағындағы Тараз-Ақкөл, Ақкөл-Қаратау, Аса-Саудакент тас жолы да жабылған. Ауылдардағы жұрт бүгін бір-біріне «Жол жабық, көк мұз, жол апаты көп. Жолға шықпауларыңызды өтінеміз» деген хабарлама таратып жатыр. Куәгерлер жолдарда көлік апаттары да аз емес екенін де айтып жатыр.
Мұндай хабрламалар төтенше жағдай қызметінің 112 номерінен де келіп жатыр. Облыстық мәндегі Күйік-Қарабастау-Қаратау-Жаңатас 0-140 шақырымы және Тараз-Аса-Ақкөл-Саудакент тас жолының 21-163 шақырымы жабылып, барлық көлік құралдарының қозғалысы тоқталытылды.
Синоптиктер алдағы бір-екі күнде де құбылмалы ауа райы сақталып, жауын-шашын болатынын, сондықтан жолға шыққанда абай болуды ескертуде.

Leave A Reply

Your email address will not be published.