Қоғам

«Ақпарат ағыны және біз»

Written by Aray2005

БАҚ өкілдері мен блогерлер Меркіде бас қосты

Облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы «Өңірлік коммуникациялар қызметінің» ұйымдастыруымен екінші жыл қатарынан «Ақпарат ағыны және біз» семинар-тимбилдингі өтті. Меркі ауданындағы «Меркі-Radon» шипажайының аумағында ұйымдастырылған басқосуға облыстық, қалалық және аудандық әкімдіктердің, басқармалардың, департаменттердің баспасөз хатшылары, жергілікті журналистер мен блогерлер қатысты.

Жалпы, аталмыш жиынның жыл сайын өтуі бекер емес. Өйткені бұқараны ақпаратпен қамтитын медиа мамандарының жаңалықты сауатты әрі дұрыс жеткізе білуі– оларға қойылатын басты талап болып отыр. Бұл ретте ақпарат айдыны қызметкерлерінің біліктілігін арттырып, білімін толыстыруда мұндай шаралардың берері мол.
Семинардың ашылу рәсімінде облыс әкімдігі Ішкі саясат басқармасы басшысының орынбасары Берік Бегалиев сөз алып, шараның маңыздылығына тоқталды.
– Биыл екінші рет өтіп отырған «Ақпарат ағыны және біз» семинар-тимбилдингі әдеттегідей облысымыздағы газеттер мен телеарналардың тілшілерін ғана емес, мемлекеттік мекемелердің баспасөз хатшылары мен әлеуметтік желідегі белсенді азаматтарды да қамтып отыр. Ондағы мақсат – ақпарат ағыны толассыз бүгінгі заманда Жамбылдың медиа мамандары ақпаратты жедел таратып қана қоймай, оның сауаттылығы мен шынайылығын да қамтамасыз ете білуі қажет. Сондай-ақ интернет кеңістігінің мүмкіндіктерін де өз пайдаларына жарата білгені абзал. Бүгінгі жиында осы тақырыптарды қамтып, бұқаралық ақпарат құралдарының қызметкерлеріне дәрістер берілуде, – деді Берік Дүйсенбайұлы өз сөзінде.
Салтанатты ашылу барысында сөз алған Меркі ауданы әкімінің орынбасары Мейіржан Сүлейменов те баспасөз саласына қызметкерлерінің жұмысы қоғам үшін маңызы зор екенін айта келе, семинар жұмысына сәттілік тіледі.
Жиын жұмысы қатысушылардың бір-бірімен танысуынан басталды. Бұл мақсатта семинарға лектор ретінде арнайы шақырылған медиатренер, «Мінбер» журналистерді қолдау орталығы жанындағы Жаңа медиа және дата журналистиканы зерттеу тобының жетекшісі Асхат Еркімбай «Сізбен танысқым келеді» деп аталатын ойын түріндегі жаттығу өткізді.
Мұнан кейін облысымызға белгілі журналистердің тәжірибесімен бөлісу, жас мамандарға бағыт-бағдар беру мақсатында «Білгеніңмен бөліс» бөліміне кезек берілді. Онда облыстық «Знамя труда» газетінің директор-Бас редакторы Бекет Момынқұл сөз алып, журналистік қызметінде алдынан шыққан оқиғаларымен бөлісті.
– Жалпы, қандай басылым болмасын қарапайым халықтың мұң-мұқтажын шешу үшін жұмыс істеуі керек. Адамның құқығын қорғау үшін бірінші кезекте журналистің өзі сауатты болуы қажет. Бұл мақсатта тілші мәселеге қатысты әр деректі тірнектеп жинаудан, білмегенін іздеп, ойына тоқудан қашпауы тиіс. Сонда ғана жазылған мақала сауатты болып шығады, – деген Бекет Әбілдаұлы мамандардың үнемі ізденісте болуы міндет екенін атап өтті.
Семинар ары қарай дәріске ұласты. Онда А.Еркімбай «Google»-дың мүмкіндіктері туралы ақпарат берді. Медиатренердің айтуы бойынша, еліміздің 14 миллион тұрғынында интернетке кіру мүмкіндігі бар екен. Алайда ақпаратты іздеуде, оның сенімділігін тексеруден көпшілігі бейхабар. Осындайдан ел ішінде дүрбелең туғызатын жалған деректер желдей есіп кете барады екен.
– Сіздер, ақпарат таратушылар, аса сақ болуларыңыз қажет. Өйткені алғашқы дереккөзден шыққан ақпарат нақты болса, оның ары қарайғы тарауында да еш кедергі болмайды. Бұл тұрғыда «Google» іздеу жүйесінің бізге берер мүмкіндіктері мол. Ол арқылы біз «фактчекинг» жүргізе аламыз, – деді медиатренер.
Келесі кезекте лектор жеке блог жүргізу, ақпарат таратуда контент қалыптастыру және танымал әлеуметтік желілерде фотографияны пайдаланудың тәсілдеріне тоқталды. Аталған дәрістер аясында оқырманға ақпаратты нақты деректерді пайдалана отырып, барынша толыққанды және түсінуге жеңіл етіп берудің жолдары да айтылды.
Семинардың теориялық бөлігі аяқталған соң «Merke Talks» тақырыбында пікір алмасу жиыны ұйымдастырылып, күн бойына берілген ақпараттарды пайдаланудың тәсілдері талқыға салынды. Өз кезегінде жиынға қатысқан журналистер, баспасөз хатшылары мен әлеуметтік желі белсенділері мұндай семинарлардың өңірдегі БАҚ қызметкерлерінің ауызбіршілігін арттырып, кәсіби білімін бекіте түсетінін айтып жатты. Екінші жыл қатарынан өтіп отырған басқосудың қазіргі уақыттағы өзекті мәселе– шынайы ақпарат таратуға арналғаны қуантатынын жеткізіп, шараның дәстүрлі түрде өтуін қалайтындарын да жасырмады.

Мұратхан ӘЛІМХАН

Тараз – Меркі – Тараз

ПІКІР