Ақпараттық саясатты әлі де күшейту керек

0 3

Облыс әкімінің орынбасары Дәулет Кәрібектің төрағалығымен облыс әкімдігі жанындағы бұқаралық ақпарат құралдары (ақпараттық саясат) жөніндегі кеңес отырысы өтті. Оған бірқатар басқарма басшылары мен Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің басшылық өкілдері, ақпарат құралдарының бас редакторлары қатысты.

Жиынды ашқан Д.Кәрібек бұқаралық ақпарат құралдарының қоғамдағы орнына аз-кем тоқталып, кездесудің мән-маңызына тоқталды.
– Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың «Халықпен тиімді кері байланыс орнату» туралы тапсырмасына сәйкес, облыс әкімдігінің басқармалары мен әкімдіктер жергілікті жерде шешімін табуы тиіс мәселелерді қарап, оң шешілуіне ықпал етуі тиіс.
Ал аталған тапсырманы орындау тек билік пен халық арасындағы алтын көпірге айналған бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жүзеге асырылатыны белгілі, – деді Дәулет Жамаубайұлы.
Кеңесте облыс әкімдігінің дене шынықтыру және спорт басқармасы мен ветеринария басқармалары және Жамбыл, Т.Рысқұлов аудандары әкімдіктерінің бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара байланысы мәселелері қаралды.
Алдымен облыс әкімдігі ішкі саясат басқармасының басшысы Б.Жамангозовтың баяндамасы тыңдалды. Оның айтуынша, бүгінгі күні облыста ресми тіркелген 85 бұқаралық ақпарат құралдары жұмыс атқарады.
Сондай-ақ басқарма мемлекеттік тапсырысты жүзеге асыру мақсатында республикалық, облыстық және жеке БАҚ арқылы ақпараттық саясатты жүзеге асыруға келісімшарттар жасалған. Мәселен Тараз қаласы мен аудан әкімдіктері тарапынан жалпы 447 395 теңге қаралған. Оның ішінде, қалалық/аудандық басылымға 360 079,9 теңге немесе жалпы соманың 80,4 пайызын құрайды.
Басқарма басшысы облыс әкімінің 2021 жылғы 5 ақпандағы №38 қаулысына сәйкес, Жекешелендірудің 2021-2025 жылдарға арналған кешенді жоспарының жол картасы бойынша аудандық редакцияларды жекеменшікке сату жұмыстары жүргізіліп жатқанына да тоқталды. Айталық бүгінгі күнге Меркі аудандық «Меркі тынысы», Мойынқұм аудандық «Мойынқұм таңы», Байзақ аудандық «Ауыл жаңалығы», Шу аудандық «Шу өңірі» және Тараз қалалық «JAMBYL-TARAZ» газеттерінің акциялары сатылып кеткен. Ал қалған аудандық газеттер белгіленген жоспарға сай жыл соңына дейін сатылмақ.
Одан бөлек, баяндамашы ақпараттық саясаттың басым бағыттарын да атап өтті. Солардың бірі тәуелсіздіктің 30 жылдығы мен вакцинациялауды ақпаратық сүйемелдеуге де көңіл бөлініп отыр. Бүгіні күнге, мерзімді басылымдарда «Тәуелсіздік жылдары», «Тәуелсіздік бәрінен қымбат», «Независимости Казахстана – 30 лет» «Президент», «Еңбек адамы», «Ауыл тынысы», «Тәуелсіздік – тұғырымыз» атты тұрақты айдарлармен 428 мақала жарық көріп, электрондық БАҚ-та 82 сюжет көрсетілген. Ал ақпараттық сайттарда 200-ге жуық материал жарияланыпты.
Баяндамада атқарылған жұмыстармен қатар бірқатар аудандардағы ақпараттық саясаттағы орын алған кемшіліктер айтылды.
– Ағымдағы жылы 6 айдың қорытындысы бойынша бұқаралық ақпарат құралдарында жергілікті атқарушы органдардың қызметіне қатысты 223 сыни бағыттағы материал жарияланған. Биылғы I жартыжылдықта сыни материалдардың басым көпшілігі Тараз қаласы мен Жамбыл, Т.Рысқұлов, Талас аударында болып отыр.
Аталған сыни материалдардың 32-сіне мерзімінде жауап берілмеді.
Сондай-ақ, облыс әкімдігінің басқармаларының парақшаларында 7900 пост жарияланды.
Оның ішінде, денсаулық сақтау басқармасы 1800-ге, білім басқармасы 1200-ге жауық материал жарияласа, мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасы жыл басынан парақшаларында мүлде жұмыс жүргізбеген.
Әлеуметтік желілерде есепті аралықта облыстағы жергілікті атқарушы органдарға қатысты 1 330 сыни бағыттағы сауал түскен.
Сауалдардың 141 облыс әкімдігінің басқармаларына, 951 Тараз қаласына және 238 аудан әкімдіктеріне қатысты.
Жалпы басқармалар 19 сауалға жауап бермеген. Алдағы уақытта алгоритмге сәйкес, аталған жұмыстарды дер кезінде ұйымдастыруды сұраймын, – деген Бейқұт Тілепалдыұлы аудандық газеттердегі ақпараттық материалдардың ала-құлалығы мен кемшілік тұстарын жеке-жеке атап өтті.
Жиын барысында баяндама жасаған басшыларды мұқият тыңдаған облыс әкімінің орынбасары Д.Кәрібек әлі де болса бұқаралық ақпарат құралдары мен әлеуметтік желілер арқылы атқарушы органдар мен тұрғындар арасындағы кері байланысты күшейту қажеттігін айтып, жауаптыларға нақты тапсырмалар берді.

Нұржан Қадірәлі

Leave A Reply

Your email address will not be published.