Ақпараттық түсіндіру жұмыстары күшейтілді

0 0

Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев аппарат кеңесінде Мемлекет басшысының коронавирус COVID-19 пандемиясына байланысты Қазақстанда төтенше жағдайды енгізу туралы Жарлығынан туындаған міндеттерге айрықша тоқталды.

Айталық азаматтардың өмірі мен денсаулығын қорғауды қамтамасыз ету мақсатында қоғамдық тәртіпті, сондай-ақ халықтың тыныс-тіршілігін қамтамасыз ететін нысандарды қорғау күшейтілетін болады.
Төтенше жағдай кезінде облыста ойын-сауық, спорттық және басқа да бұқаралық іс-шаралар, сондай-ақ жаппай отбасылық салтанат пен дәстүр-жоралғыларды өткізуге тыйым салынады. Кафе мен мейрамханалардың жұмысы кешкі 22:00-ден кейін шектеледі, келушілер саны 50 адамнан аспауы керек.
Ірі сауда орталықтарының жұмыс істеуі үшін де тиісті шектеулер енгізіледі. Олардың жұмыс режимі таңғы 10:00-ден бастап кешкі 18:00-ге дейін белгіленеді. Азық-түлік дүкендері, супермаркеттер мен базарлар санитарлық және дезинфекциялық шараларды күшейте отырып, қалыпты режімде жұмыс істеуі тиіс.
Балабақшалар медициналық және санитарлық бақылауды күшейте отырып, әдеттегі режимде жұмыс істеуді жалғастырады. Ал мектептен тыс қосымша білім беру мекемелері өз жұмысын тоқтатады.
Қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көлікте эпидемияға қарсы іс-шараларды тұрақты жүргізу ұйымдастырылатын болады.
Сонымен қатар өңір басшысы облыстық денсаулық сақтау басқармасының басшысы Марат Жұманқұловқа дәріханалардағы медициналық бетперделердің тапшылығын, кей жерде бар болғанымен ол 150 теңгеге дейін жоғары бағамен сатылып жатқандығын жеткізді. Бұл мәселені шешу үшін облыс әкімінің орынбасары Ержан Жылқыбаевқа нақты тапсырма жүктеді.
Сондай-ақ, облыс әкімі тиісті органдардың басшыларына «Әулие-Ата» халық-аралық әуежайы мен Қырғыз Республикасымен шекарадағы санитарлық-эпидемиологиялық бақылау шараларын күшейту жөнінде тапсырма берді. Ауру бойынша күдікті әрбір адам дереу ауруханаға жатқызылуы тиістігі айтылды.
Облыс әкімі Бердібек Сапарбаев халық арасында ақпараттық түсіндіру жұмыстарын күшейтуді талап етті. Адамдар вирустан қалай қорғануды және төтенше жағдай кезінде қандай ережелерді сақтауды білуі керектігін тілге тиек етті.
Сонымен қатар өңір басшысы осындай күрделі кезеңде халық жиі тұтынатын негізгі тауарлар нарығында баға тұрақтылығын қамтамасыз етудің маңыздылығын жеткізді.
– Тиісті тапсырма берілді. Алайда, ол орындалмай отыр. Бұл салада қажетті бақылаудың болмауына байланысты кейбір азық-түліктердің бағасы негізсіз көтерілген. «Тараз» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясы өзінің міндеттерін дұрыс орындамауда. Тұрақтандыру қорында халық үшін қолайлы бағаны қалыптастыруға қажетті өнім қоры бар, бірақ ол сауда желілеріне уақытылы жеткізілмеуде. Есесіне дүкен сөрелерінде Орынбордан жеткізілетін ас тұзы самсап тұр, ал жергілікті тауар өндірушілердің өнімдері көрінбейді, – деді өңір басшысы.
Айта кетейік апта бұрын Тараз қаласы мен аудандарында 18 мобильді топ құрылған, олар қоғамдық орындарда, мекемелерде, қоғамдық көлікте санитарлық-эпидемияға қарсы іс-шаралардың жүргізілуіне бақылау жасауда.

Leave A Reply

Your email address will not be published.