Мәселе

Ақшасын төлесеңіз анықтама да аласыз, кезекке де тұрасыз

Written by Aray2005

Дүңгіршектегі ақылы қызметтің астарына үңіліп жатқан ешкім жоқ

Цифрлы технология күнделікті өмірімізге дендеп енген шақта айшылық алыс жерден хабар алуды былай қойғанда, құжат айналымы көз ілеспес жылдамдыққа ие болды. Бұрын бірнеше мекеменің табалдырығын тоздырып, талай күніңізді сарп ететін әлдебір анықтаманы алу үшін қазір үйден шығудың да қажеті шамалы. Аз ғана цифрлық сауаттылық анықтама алып, дәрігердің кеңесіне жазылу, балабақша кезегіне тұруға дейінгі амалдардың ондаған түрін орындауға жетіп жатыр. Ал жаңа технологиямен тіл табыса алмасаңыз карантин талаптарының күшейтілуімен жаңаша әдіспен жұмыс істеуге көшкен халыққа қызмет көрсету орталықтарына барып шаруаңызды шешу қиындау. Бұл орайда көпшілік «Электронды Үкіметтегі» қызметтерді ақылы ұсынатын жеке кәсіпкерлердің көмегіне жүгінгенді жөн санайды.

Әрине халыққа қажетті қызмет түрін ұсынып, кәсібін дөңгелеткендерге заң да, қоғам да тыйым сала алмайды. Керісінше ақылы негізде өз шаруасын бітіріп кетуді құп көретіндер көп. Оған қоса әлемдік пандемияға байланысты жарияланған төтенше жағдай мен одан кейінгі күшейтілген карантин кезінде табысынан айырылғандарға әлеуметтік төлемнің берілуі «Электронды Үкімет» қызметіне деген сұранысты арттырғаны жасырын емес. Ал әлеуметтік төлемді алуға ниеттілердің бәрін цифрлық сауатты дей алмайсыз. Осыдан барып құжат айналымы, мемлекеттік қызмет алу нарығында ақылы қызмет түріне деген сұраныс пайда болды. Сәйкесінше нарық сұранысына сай қызмет ұсынғандардың тасы өрге домалады.
Ойда жоқта осындай қызмет көрсетушілердің тұтынушысы болған біз де бұл кәсіптің табысты екеніне көз жеткізгендей болдық. Ұялы телефон мен жеке сәйкестендіру нөмерінің арнайы деректер базасына тіркелмеуінен үйде отырып-ақ шешілетін шаруа халыққа қызмет көрсету орталығына қарай жетеледі. Ондағылар карантин талаптарының күшейтілуін алға салып, Тараз қаласының келесі бір бөлігіндегі бөлімшеге бағыттаған. Халыққа қызмет көрсету орталығынан қарыс қадам ұзағанымыз сол еді бір дүңгіршектің маңдайшасына көзіміз түсіп кетті. Жанындағы ұсынылатын қызмет түрлері тізілген тақтайшаға қарап, әлгі орынға қарай бұрылдық. Алғашында бұл дүңгіршекті халыққа қызмет көрсету орталығының бір бөлімшесі екен деп ойлағанбыз. Кезегін күтіп орындыққа жайғасқандардың да қарасы қалың. «Бізге де керегі осы» дегендей бос орындықтардың біріне жайғастық. Қысқасы кезегіміз келіп, тиісті анықтамалар қолымызға тиер-тиместен әлгі орындағы жігіттердің бірі: «Сізден 1000 теңге» деп үлгерді. Үнемделген уақыт пен «сапалы» қызмет үшін айтылған соманы төлеп жөнімізге кете бердік. Бұл осы орынға бізге дейін де, бізден кейін де келгендер үшін жазылмаған заңдылық. Десе де «Осы жігіттердің әрекеті заңға сай келеді ме? Ақылы қызмет ұсынушылар «Электронды Үкімет» пен халыққа қызмет көрсету орталықтарының абырой-беделіне кері әсер етпейді ме? Ең бастысы қалаған анықтамасын алу үшін ақылы қызметке жүгініп жүргендер де мемлекеттік қызмет көрсету секторына көзқарасы өзгеріп кетпейді ме?» деген сауалдарға бас қатырып жатқан ешкім жоқ сыңайлы. Мұны ақылы қызмет алып, шаруасын тындырғандардың сөзінен де аңғаруға болады.
– Мен көпбалалы анамын. Осы бір әлеуметтік мәртебемді растап, мемлекет тарапынан жәрдемақы алуға көптеген құжаттарды жинауға тура келеді. Ал үйде компьютер жоқ. Маған смартфон арқылы «Электронды Үкіметтен» онлайн қызмет алу оңай емес. Сондықтан осындай қызметке жүгінуге тура келеді. Есесіне ары-бері шапқылап әуреге түсудің де қажеті жоқ. Ақысын төлесең болды. Білуімше мұндай орындар облыстың бірқатар аудандарындағы халыққа қызмет көрсету орталықтарының жанында бар. Олардың қай-қайсысына бас сұқсаңыз да қызмет алушылардан бір босамайды. Дегенмен мұндай орындағы бағаның ала-құлалығы байқалады. Мәселен бірер апта бұрын Байзақ ауданының Сарыкемер ауылындағы ақылы қызмет орнына электронды цифрлық қолтаңба ашу мәселесімен қайырылдым. Обалы не керек ондағылар ақысына сай қызмет көрсетті. Кейіннен Таразға келсем мұндағы жігіттер дәл осы қызмет түрін екі есе арзан бағаға жасауға болатынын айтты. Әлбетте пайда табу кәсіпкерліктің заңы екені баршаға белгілі. Алайда осынау шақта мұндай орындарға табыстан бұрын халыққа қолжетімділікті ұмытпаған жөн, – деп санайды Тараз қаласының тұрғыны Роза Қалтайқызы.
Бір бума құжатын қолтықтап жөніне кеткен қызмет алушының айтары көп нәрсенің бетін ашпаса да халықтың ақылы қызметке деген көзқарасын тануға мүмкіндік берді. Ал әлгінде біз қызмет алған дүңгіршектің жанындағы халыққа қызмет көрсету бойынша Тараз қалалық №1 бөлімнің жетекшісі Шалқар Елеместің де бұл мәселеге қатысты өз айтары бар.
– Қазір халыққа қызмет көрсету орталықтарының қызметін әркім өз қалауынша алады. Біреулер үйінен шықпай-ақ қажетті құжаттар реттеуді меңгерсе, енді біреулер әлі күнге біздің орталық қызметкерлерінің көмегіне жүгінеді. Өздеріңізге мәлім халыққа қызмет орталықтарында өзіне-өзі қызмет көрсету секторлары бар. Дәл осы секторлардың көмегімен кез келген адам өзіне қажетті қызмет түрлерін ала алады. «Электрондық Үкімет» қызметі қолға алынған сәттен бастап мен үгіт-насихат топтарының мүшесі ретінде облыстың барлық аудандарын аралап, жаңа жүйені пайдалану бойынша түрлі кездесулерге қатыстым. Біздің цифрлық сауаттылық бойынша дәрісіміз қоғамның барлық санатын қамтыды. Әйтсе де барлығына бірдей «Электронды Үкіметті» қолдану қабілетін сыйлау мүмкін емес. Қазір де You Tube арқылы онлайн қызмет алу бойынша нұсқаулықтармен танысуға болады. Соған қарамастан халықтың белгілі бір тобы цифрлық сауаттылық мәселесіне келгенде ақсап тұр. Осы бір қажеттілікке қарай ақылы қызмет көрсету орындары ашылып жатса, оны да халықтың сұранысы деп қабылдау қажет. Есесіне бүгін ақылы қызмет алған тұрғын ертең онлайн қызмет алудың тәсілдерін үйрене бастайды. Ал үйрене алмағандары ақылы қызметке жүгінуге мәжбүр болады, – дейді Шалқар Дарханұлы.
Осыдан соң біз мемлекеттік қызмет көрсету секторындағы ақылы қызмет халықтың сұранысынан туған «бизнес» екеніне көз жеткізгендей болдық. Әрі оның дәл қазіргі сәттегі қажеттілігі де ешқандай күмән туғызбады.
Дегенмен бұл мәселеде әлі де ескерілетін жайттар жетерлік. Мәселен жеке кәсіпкерге ақылы қызметті алуға келген тұтынушының құқығы қорғалмаған. Шаруасының тез біткенін қалайтындар өзі жайындағы барлық мәліметті жария етеді. Ал жеке кәсіп иесі бұл құпия мәліметтерді сақтауға қаншалықты қауқарлы? Тұтынушының мәліметтерімен жұмыс істеп отырған маманның ол деректерді өзінің жеке мақсатына пайдалану мүмкіндігі ескерілмеген. Яғни дүңгіршектегі «ХҚКО»-ға барған жан алдында маман кейпінде кімнің отырғанынан хабарсыз. Сондықтан да ақылы қызмет халықтың таңдауы деуден бұрын ондағы ақпараттық қауіпсіздік, лайықты баға саясаты секілді түйткілдерді ескерген жөн-ау. Ең бастысы мемлекеттік қызмет түрлерін ақылы алғандардың «Электронды Үкімет» жүйесіне деген сенімінің жоғалмауы ескерілсе құба-құп.

Шынболат КҮЗЕКБАЕВ

ПІКІР