Ақтөбедегі «Анаға тағзым» кешені киелі Әулиеата жерінен де салынса…

0 0

Өміріміздің мәні де, сәні де – Ана. Сол себепті де аяулы аналарға құрмет көрсетіп, рухына тағзым ету – жастың да, жасамыстың да, басшының да, қосшының да айнымас парызы.

Осындай мақсатта 2018 жылы Ақтөбе облысында «Аналарға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие беру кешені ашылғаны дүйім жұртқа мәлім. Жуырда жұмыс барысымен аталған орталықтың директоры Алтынай Мухановамен сөйлесіп, шыны керек үлкен ойға қалдық. Алтынай Ерішқызы сол кездегі Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен ашылған орталықтың атқарып жатқан жұмысын баян еткенде, таңданысымызда шек болмады. Тіпті қазір Ақтөбе облысының бірқатар аудандарында «Анаға тағзым» орталықтары ашылып, жүйелі жұмыс жүргізуде екен. А.Муханованың айтуынша, облыс орталығындағы және аудандардағы «Анаға тағзым» орталықтары аналар бас қосатын қасиетті құтханаға айналған.
– Бердібек Машбекұлының бастама­сы­мен жаңа «Батыс-2» ықшамауданынан «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешені бой түзеп, 2018 жылы 21 қыркүйек күні есігін айқара ашты. Ашылу салтанатына елімізге еңбегі сіңген, өнер, мәдениет, қоғам қайраткерлері, халық қалаулылары келіп, ақ баталарын берді. Кешеннің басты ұстанымы – құдіретті Ана есімін ұлықтау.
Жалпы кешен үш қабаттан тұрады. Ғимарат іші толықтай ақ түсті. Ақ түс – анамыздың ақ сүті, ақ жаулығы. Қыз бала ұзатылып, басқа бір шаңырақтың отын жағуға бара жатқанда кіршіксіз пәктіктің символы ақ түсті көйлекпен шығады. Орталықтың сыртқы пішіні әйелдің жаулығы тәрізді етіп жасалған. Ал ішкі қабырғаларына шолпы, сырға сияқты әшекей бұйымдардың суреттері салынған. Кешеннің бірінші қабатында орталықтың әкімшілік бөлімі мен асхана болса, екінші қабатында бірыңғай тақырыптық кабинеттер орналасқан. Атап айтар болсақ, орталықта психологиялық, кеңес беру, қолданбалы өнер, музыкалық білім, стилистика және дизайн кабинеттері жұмыс жасап, отбасылық тренингтер өткізіледі. Ал үшінші қабатында «Ана даңқы» галереясы, «Әйел даңқы» мультимедиялық залы, Ақтөбе қаласынан шыққан тұңғыш биші Б.Омарова атындағы би бөлмесі орналасқан. Музей-галереяға бас сұққан келушілер ұлы тұлғалардың аналары туралы мәлімет ала алады. Залдың ең жоғарғы тұсында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың: «Жалғыз мен ғана емес, барлық адам уақыт өте келе, есейе келе анасына уақытты аз бөлгені, жылы сөзді аз айтқаны үшін өзін сөгетін шығар. Кезінде онымен жиі бірге болмағаныма қатты өкінемін. Оның мені қатты жақсы көретінін білетінмін. Әлі күнге дейін маңызды шешім қабылдарда оның аруағы мені қолдап отырады» деген сөзі жазылып, анасы Әлжанның портреті ілінген. Сонымен қатар музейден Мәншүк Мәметова, Бауыржан Момышұлы, Мұхтар Әуезов, Қасым Аманжолов, Әбілхан Қастеев, Әбіш Кекілбаев,Мұқағали Мақатаевтардың және бүгінгі күннің батырлары Геннадий Головкин мен Дмитрий Баландиннің аналарының портреттерін көруге болады. Ілінген суреттер астында кімнің анасы екені туралы мәліметтер келтірілген. Ал толық мәліметтерді келушілер арнайы ақпараттық киоскілерден біле алады, – деген Алтынай Ерішқызы кешенде қыз бала тәрбиесі де назардан тыс қалмағанын айтады.
Орталықта салт пен сананы, әдет пен ғұрыпты, қазақы дәстүрді ұрпақ тәрбиесіне терең сіңіру мақсатында арнайы жасақталып безендірілген бірнеше бөлме жұмыс жасайды. Сонымен қатар «Қыз – елдің көркі» бағдарламасы бойынша арнайы сабақтар да жүргізіледі. Бұл сабақтарға кез келген 7-17 жас аралығындағы қыз балалар қатысып, жастарды толыққанды қоғам мүшесі етіп тәрбиелеу бағытында тиісті жұмыстар жүргізіледі екен.
– Қыз тәрбиесі – тұтас ұлттың тәрбиесі. Бүгінгі қыз бала – болашақ келін, ертеңгі ана, бір әулеттің отанасы. «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік орталығы мақсатының түп тамыры да осында. Ұрпақ тәрбиесі – ұлт болашағы. Өскелең ұрпақтың алдыңғы аға буынның зор борышы – оларға жан-жақты жетілген, ақыл парасаты мол, мәдени, ғылыми өрісі озық тәрбие беру. Сондықтан да рухани-адамгершілік кешені болашақ жастар, олардың қазақи тәрбиелілігі үшін, қоғамдағы ана рөлі, қыз баланың ибалы, инабатты болып, келіндердің бойына бар ізгі қасиеттерді жинақтау үшін еңбек етуде.
Ал «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешенінде жас келіндерге арналған «Болашақ келіндер» мектебін ашу жоспарлануда, – деген орталық директоры алдағы атқаратын жұмыстарының барысымен де таныстырып өтті.
Қазіргі таңда кешенде түрлі орталықтар ашылып, отбасылық құндылықтарды нығайту, әйелдер кәсіпкерлігін қолдау және өзге де бірқатар бағытта жұмыс жүргізуде екен. Нәтижесінде республика өңірлері арасында баламасы жоқ әлеуметтік құрылым әйел-аналар мен қыз-келіншектерге қатысты толғағы жеткен мәселелерді шешу мен реттеуге айрықша үлес қосып келеді.
Ал аталған кешеннің ашылу салтанатына қатысқан зиялы қауым өкілдерімен сөйлескенімізде Ақтөбеде басталған игі істің өзге өңірлерде жалғасуына тілектестік білдірді.
– Жалпы мұндай ғимаратты мен әлемде ешбір мемлекеттен кездестірген жоқпын. Бұл – бүкіл дүниежүзіне тарататындай керемет жоба. Өсіп келе жатқан қыздарымызға тәрбие беретін, ұлттық құндылықтарымызды насихаттайтын орталық деп санаймын. Сондықтан осы игілікті істі жасаған азаматтарға мың алғыс! Мен қазіргі Жамбыл облысының әкімі Бердібек Машбекұлына осы идеясы үшін, сондай-ақ оны қолдап, ғимараттың салынуына үлес қосқан іскер азаматтарға ерекше рақметімді айтамын. Аналарымыз ұзақ, бақытты өмір сүрсін деп тілеймін! – дейді қоғам қайраткері, жазушы А.Жағанова.
Ал Бауыржан Момышұлының келіні, жазушы Зейнеп Ахметова еліміздің өзге де өңірлерінде «Анаға тағзым» орталықтары ашылса, қазіргі қазақ қоғамындағы отбасылық құндылықтарға қатысты көптеген түйінді мәселе шешімін табатынын тілге тиек етті.

Сондай-ақ облыстық ата-аналар қауымдастығы кеңесінің төрайымы Эльмира Мырза-Ғали 2018 жылы «Анаға тағзым» орталығының ашылуына қатысып, туған жерге ерекше сезіммен оралғанын айтады.
– Құдайдан кейінгі құдірет «Ананы сыйлау үшін даналықтың қажеті жоқ» деп Төлеген ақын жырлағандай, ананың алдында бас иіп, қадіріне жету үшін асқан ақыл иесі болу міндетті емес. Десек те 2018 жылы Ақтөбеде өткен республикалық Аналар слеті аясында ашылған «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік тәрбие орталығы – тіршілік бастауы анаға деген ыстық ықылас пен шын ниеттің айрықша көрінісі болды. «Туған жерге тағзым» акциясы аясында жергілікті кәсіпкерлер мен демеушілерден түскен 350 миллион теңгеге тұрғызылған ғимарат ерекше дизайнымен көздің жауын алады.
Сол сапарымыздан еліміздің батыс қақпасында орналасқан Ақтөбеден Елбасының «Әрбір ана еліміздің әлемдік өркениет көшінің басында жүруіне өз үлесін қосады» деген сенімін арқалап ауылымызға қайтқанда, «Жақсылықтар жұғысты болғай!» деп тіледік ана көңілмен,– дейді Эльмира Инаятқызы.
Айта кету керек, аталған ғимараттың құрылысын «ЕСАТ» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі жүргізсе, жобалаушы ұйым – «РегионСтройПроект» жауапкершілігі шектеулі серіктестігі. Орталықтың құрылысына Ақтөбе облысының көп тұрғыны қатысқан екен. Жүздеген тұрғын жеке шоттарынан ақша аударса, сондай-ақ 300-ден аса кәсіпорын қаражат бөлген. Тіпті кейбір өндіріс ұжымдары бір күндік еңбекақыларын аударыпты.
Айта берсек, бірегей кешен төңірегінде әңгіме көп. Осы орайда кез келген оқырманның санасында «мұның барлығын неге айтып отыр?» деген заңды сұрақ туындауы мүмкін. Ендеше негізгі айтпақ ойымызды ортаға салсақ…
Рас біз көбіне өзіміздің құндылығымызды елемей, басқалардың қаңсығын таңсық қылғымыз келеді. Еуропа мен Америкаға еліктейміз деп ерсілеу қадамдарға барып жататынымыз да жасырын емес. Шын мәнісінде ешкімге еліктемей-ақ өзіміздің де бір-бірімізді толықтыратын, үйренетін ортақ дүниелер көп. Мәселен неге Ақтөбедегі аздаған жылдың ішінде оң нәтижесін беріп үлгерген игі істі облысымызда да жалғастырмасқа. Облысымызда да елдің мүддесі, ұрпағының баянды болашағы үшін қолындағы барын беруге даяр атымтайжомарт азаматтар аз емес. Тек өңір билігі жанашырлықпен көңіл бөліп, ұйымдастыру жұмыстарын дұрыс жолға қоя білсе болғаны. Облысымыздың әкімі Бердібек Сапарбаев аталған Ақтөбедегі «Анаға тағзым» рухани-адамгершілік кешенінің ашылу салтанатында сөйлеген сөзінде: «Өздеріңізге белгілі, Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев елімізде аналарға ерекше құрмет-қошемет көрсетіп келеді. Бүгінгі күні ұлан-байтақ жеріміз Қазақстанда 18 миллион адам тұрады, бұл, әрине аз. Ол үшін халықтың санын көбейтуіміз керек. Сондықтан билікте жүрген біздер аналарға барлық жағдайды жасауымыз керек. Бүгінгі бастама – соның бір айғағы», деген болатын.

Осы орайда айрықша атап өтер жайт, апта басында Тараз шаһарында өңір басшысы Бердібек Машбекұлының тапсырмасына сай «Бақытты отбасы» орталығы ашылды. Аталған орталықтың кезінде Ақтөбе облысында да Бердібек Сапарбаевтың бастамасымен есігін айқара ашқанын ескерсек, алдағы уақытта «Анаға тағзым» кешенінің де ашылатын күні алыс емес екеніне кәміл сенімдіміз.

Талғат Нұрханов

Leave A Reply

Your email address will not be published.