Sport

«Ақтөбені» әрең ұттық

Written by Aray2005

«Тараз» жетінші турда әупірімдеп жүріп жеңіске жетті. Бұған дейін алты турда жанкүйерлердің жүйкесіне ши жүгірткен ойыншыларымыз, әйтеуір, Ақтөбеде абыройды қолдан бермеді. Оның өзі тоғыз ойыншымен қалған «Ақтөбеге» соңғы минуттарда гол соғып, үш ұпайды еншіледі.

Қош, қайсыбірін айтайық, жеңістің аты жеңіс. Бір қуанарлығы жігіттеріміздің ойыны да, жүрісі де оңала бастағандай. Сырт алаңдағы кездесуде алғаш болып есеп ашқан Серж Ньюиадзидің голы санамызға осы ойды ұялатты. Одан кейін ұрымтал сәтті ұтымды пайдаланған Абзал Таубайдың голы да төбемізді көкке жеткізгендей болды. Осылайша бірінші таймды 2:0 есебімен аяқтаған «Тараздың» жетістігіне сенер-сенбесімізді білмедік. Таблодағы көрсеткішке ақтөбеліктер де қайта-қайта қарап, бас шайқайтындай. Букмекерлік кеңселердегі болжамға көз жүгіртсек, олар да «Тараздың» бұл кездесуде жеңіске жететініне күмәнданатындай. Олай дейтініміз, ондағы коэффициент біресе көтеріліп, қайта төмен түсіп, сынаптай сырғып тұр. Сөйтсек, олардың да байламы бекер емес екен. Екінші тайм басталған бойы Жоан Мартинес өз қақпамызға автогол соқса, артынша алаң иелерінің форварды Абат Айымбетов екінші допты торда тулатты. Бұдан кейін басымдық бірден ақтөбеліктерге ауды. Алайда Құдайымыз бар екен, кездесудің аяқталар тұсында «Ақтөбе» сапынан Виталий Волков алаңнан қуылып, он ойыншымен қалған командаға Лобжанидзе Элгуджа гол соғып, көзге түсті. Бәлкім, «ақтөбеліктер» соңғы минуттарда есепті тағы теңестіріп кетер ма еді? Абырой болғанда, төреші алаң иелерінің тағы бір ойыншысы Бағдат Қайыровқа қызыл қағаз көрсетіп, жүрегіміз орнына түсті.
Осылайша тоғыз ойыншымен ойнаған «Ақтөбені» «Тараз» әрең ұтты. Ал естеріңізге салсақ, «Ақтөбе» турнир кестесінде ең соңғы 12 сатыда тұрған команда. Осыдан кейін-ақ «Тараздың» әлеуетін бағамдай беріңіз.
Енді ертең «Тараз» өз алаңымызда «Оқжетпесті» қабылдайды. Ойын сағат 17:00-ге белгіленген. Көкшетаулық команда турнир кестесінде бізден бір саты жоғары тұр. Егер «Оқжетпеске» «оғымыз» жетіп жатса, бұл турнир кестесіндегі жағдайымызды біршама жақсартар еді.

Саятхан Сатылғанов

ПІКІР