Ақын шығармашылығы ұлықталды

0 5

Ш.Уалиханов атындағы облыстық ғылыми кітапханасында М.Мақатаевтың 90 жылдығына орай «Ғашықпын! Шын ғашықпын сол адамға!..» атты әдеби кеш өтті. Шара ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің Жамбыл облысы бойынша департаментінің «Парасат жолы» жобасы аясында ұйымдастырылды.
Әдеби кешті аталған департамент жанынан құрылған ақпараттық-ағартушылық штабының жетекшісі Қасымхан Төлендиев ашып, мұзбалақ ақынның 45 жыл өмір сүрсе де көзі тірісінде ұлықталмағанын атап өтті. Сондай-ақ ол ақиық ақын туралы әдебиет майталмандарының айтқан пікірлерінен үзінділер келтірді. Сонымен қатар ҚР Жазушылар Одағының мүшесі, ақын Баймахамбет Ахметов Мұқағали Мақатаевтың ақындық өнері үлкен құбылыс екенін тілге тиек етіп, шығармашылығына тоқталды. Өлеңдерінен мысалдар келтіріп, оның философиялық ойлары жастарға әлі де тәрбие беріп келе жатқанына тоқталды.
Өз кезегінде облыстық «Aq jol» газетінің бөлім редакторы Табиғат Абаилдаев, «Асыл арман» ұлттық дәстүр мен өнерді қолдау» қоғамдық бірлестігінің төрағасы Ринат Нұрақбаев, облыстық жастар ресурстық орталығының директоры Айбек Тәутен сөз тізгіндеп, ақын шығармашылығындағы ерекшеліктерге тоқталды. Сондай-ақ олар ақиық ақынның өлеңдерінен үзінділер оқыды.
Сонымен қатар М.Х.Дулати атындағы Тараз өңірлік университетінің студенттері мен облыс орталығындағы Ш.Смаханұлы атындағы №44 және №51 орта мектептердің оқушылары Мұқағали Мақатаевтың өлеңдерін тебірене оқыды.
Әдеби кешті ҚР сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің о блыстық департаменті басшысының бірінші орынбасары Равиль Төлебаев қорытындылап, «Парасат жолы» жобасы әр жұма ұйымдастырылатынын жеткізді. Жобаның келер аптадағы кездесу Ауған соғысы ардагерлерімен өтетін болады.

 

Шынболат Сейдуалиев

Leave A Reply

Your email address will not be published.